07.09.2020, 20:52 670

Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев жұмыс сапарымен Егіндікөлге барды

Жыл басынан облыс бойынша мәдениет үйлерін қалпына келтіруге 3 млрд. теңгеден астам қаражат бөлінді.

Алматы. 7 қыркүйек. Kazakhstan Today - Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев жұмыс сапарын Егіндікөлден бастады, аудан әкімі Ерлан Исабеков ауданның биылғы елу жылдық мерейтойына орай атқарылып жатқан жұмыстармен таныстырды.

Ауылға кіре берісте "Егіндікөл" жазуы орнатылып, айналасына тас төселіп, бұл орын тұрғындардың жиі келетін сүйікті алаңына айналған. Тұрғындардың жайлы өмір сүруі үшін қажетті жағдайлар жасалуда. Биыл жолдарға асфальт төсеуге аудандық бюджеттен 15 млн. теңге бөлінген. Сонымен қатар, жаңадан спорт нысандары салынып, ескілері жөндеуден өткізілуде.

Облыс әкімі 1989 жылы салынған стадионға жүргізіліп жатқан жөндеу жұмыстарының барысын көріп, мердігер компания өкілдеріне жұмысты сапалы атқаруды тапсырды. Жөндеу жұмыстары аяқталған соң стадионда баскетбол, волейбол және футбол ойнауға арналған алаңдар, жүгіруге арналған жол болады. Ермек Маржықпаев жастардың бос уақыттарын тиімді пайдалану, оларды спортқа тарту мәселесіне назар аударды. Ал, аудандық ауруханада болғанында коронавирусқа қарсы шараларға жұмылдырылған ақ халаттылармен әңгімелесті.

Биыл аурухананы күрделі жөндеуден өткізуге "Жұмыспен қамтудың жол картасы" бағдарламасы аясында 263,5 миллион теңге қаражат бөлінген. Мердігер компания "Жігер-Көкше" ЖШС. Қазіргі таңда аурухананың алды қалпына келтіріліп, емхананың бірінші қабатында жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бас дәрігер Асхат Ахметұлының айтуынша, палаталардың 80 пайызында ауа жеткізгіштер орнату жоспарлануда. Жалпы, пандемия кезеңінде мұндағы провизорлық стационарда 45 науқас емделген екен. Медициналық персонал қатаң санитарлық режимде жұмыс істеу үшін барлық қорғаныш құралдарымен қамтамасыз етілген. Жуырда, аудан басшылығы жас медициналық мамандарға жаңадан жатақхана салып беріпті. Облыс әкімі жас мамандарды қоныстарымен құттықтап, ауылдық жерде медициналық қызмет сапасын арттыруда тілектестігін білдірді.

Жыл басынан облыс бойынша мәдениет үйлерін қалпына келтіруге 3 млрд. теңгеден астам қаражат бөлінді. Оның ішінде Егіндікөл аудандық мәдениет үйі де бар. Ауылда үйлер салынып, аурухана, мәдениет үйі, денешынықтыру-сауықтыру кешені, жолдар қалпына келтірілуде. Тұрғындарға жағдай жасаса, олар ауылдан ешқайда да кетпейді, деді Ермек Маржықпаев.

Егіндікөлге сапары барысында агротехникалық колледжіңде болды. Колледж жаңа оқу жылын штаттық режимде бастаған. Бүгінде мұнда ауданның өзінен және Бұланды, Астрахан, Қорғалжын аудандарынан жастар фермер шаруашылығы және аспазшы мамандықтары бойынша білім алуда. Осы орайда, облыс әкімі қазіргі еңбек нарығында жұмысшы мамандықтарға сұраныс жоғары екенін айтты.

Одан кейін Ермек Маржықпаев Тоғанас ауылындағы Жаңақоныс орта мектебін, "Ушаково-Агро" ЖШС-нің егістік алқабын аралап көрді. Білікті кәсіпкер Бақтияр Ысқақов басқаратын шаруашылық биыл 20 мың гектар алқапқа егін сепкен. Пандемияға қарамастан, мемлекеттің көмегімен көктемгі егін себу науқанын ұйымшылдықпен жүргізген облыс шаруалары мол өнімнен үмітті. Оған негіз де жоқ емес. Бүгінгі күні облыс бойынша 1 миллион 700 мың гектар алқаптан дән алынған. Бұл барлық егін алқабының 40 пайызын құрайды.

Ақпаратты пайдаланѓан жаѓдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігініњ материалдарына авторлық қ±қық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны