11.03.2020, 15:55 3968

Адвокаттық қызмет тәуелсіздігіне және азаматтардың білікті заңгерлік көмекті алумен байланысты құқығына қауіп төніп тұр

Адвокаттар адвокаттық қызметтің тәуелсіздігі мен бостандығына қол сұғылып отырғандығына, адвокаттық қызметке берілетін кепілдіктің нашарлап кеткендігіне, демек, елімізде адам құқықтарымен байланысты жағдайдың нашарлап бара жатқандығына жұртшылықтың назарын аудартуға мәжбүр болып отыр.

Алматы. 11 наурыз. Kazakhstan Today - 2020 жылғы 11 наурызда Қазақстан Баспасөз клубында "Адвокаттық қызмет тәуелсіздігіне және азаматтардың білікті заңгерлік көмекті алумен байланысты құқығына қауіп төніп тұр" деген тақырыпта баспасөз мәжілісі өтті.

Адвокаттар адвокаттық қызметтің тәуелсіздігі мен бостандығына қол сұғылып отырғандығына, адвокаттық қызметке берілетін кепілдіктің нашарлап кеткендігіне, демек, елімізде адам құқықтарымен байланысты жағдайдың нашарлап бара жатқандығына жұртшылықтың назарын аудартуға мәжбүр болып отыр.

Кез келген адам қылмыстық қудалауға ұшырап, басқа да заңгерлік қиындықтардың өткелінен өтуге мәжбүр болуы мүмкін, ондай сынақтан өтпесіне ешкімде кепіл жоқ. Осы тұста мемлекет тарапынан болатын қандай да бір қысым мен қауіптен еркін әрі тәуелсіз адвокаттан білікті заңгерлік көмекті алуға мүмкіндіктің болуы сіздің құқықтарыңыздың сақталып, заңның бұзылмауына жол бермейтін басты кепілдік болып табылады.

Адвокаттар өздерінің процессуалдық қарсыластарынан - құқық қорғаушы және басқа да атқарушы билік органдарының әрекеттерінен қазіргі таңда өздерін қорғай алмай отырғандығына қоғамның назарын аудартуға мәжбүр. Мәселен, атап айтқанда, халықаралық стандарттарға сәйкес адвокатқа қатысты тәртіптік өндіріс адвокаттық қызметтің өзі құратын органдардың ғана құзыреттілігіне тиесілі болуы тиіс. Алайда қазіргі таңда Әділет министрлігі адвокаттар қауымдастығының пікірін ескерместен және тәртіптік рәсімдерден өтпестен кез келген адвокатты өмірбақи лицензиясынан айыру туралы талап жібере алады. Өкінішке орай, өзінің белседі құқық қорғаушы ұстанымы арқылы жұртшылыққа танылған адвокаттарды осындай жолмен қудалау оқиғалары орын алуда.

ҚР Парламент Мәжілісінде отырған жекелеген депутаттардың "Адвокаттық қызмет және заңгерлік көмек туралы" ҚР заңына түзетулер енгізу жобасы Қазақстанда адвокаттық қызметті күшейтіп дамытудың орнына, керісінше, азаматтардың білікті заңгерлік көмекті алуға деген құқығын шектеуге әкеліп соғуы мүмкін.

Мәселен, құқық қорғау органдарының тарапынан болатын қудалаулардан адвокаттарды қорғайтын тиімді тетіктерді құрып, адвокаттық құпияны сақтау және адвокаттар қауіпсіздігін қорғау қажеттілігімен айналысудың орнына, депутаттар неліктен екені белгісіз, бірақ заңгерлік ақыл-кеңестерді алып тастаудың қамын ойлап отыр, ал бұл қызметтер адвокаттық қызметті ұйымдастырудың басты үлгісі екені белгілі. Көптеген адвокаттар аймақтық адвокаттар алқасының құрамында заңгерлік ақыл-кеңестерді ұсынғанды жөн көреді. Сондықтан дәл осындай қызмет түрлері арқылы халық мемлекеттің кепілдік берген заңгерлік көмегімен қамтамасыз етіліп, сондай-ақ, кешенді әлеуметтік заңгерлік көмекті көрсету бойынша басты міндет атқарылып отыр. Заңгерлік көмекке мұқтаж азаматтар бірінші кезекте дәл осы заңгерлік ақыл-кеңестерге жүгінетіндігі мәлім.

Заңгерлік ақыл-кеңестерді алып тастайтын болса, азаматтарға білікті заңгерлік көмекті көрсету үшін көптеген жылдар бойы қызмет етіп келе жатқан тетік бір мезетте қиратылып тасталмақ. Осы тұста заң жобасын дайындап отырған депутаттардың пікірінше ескіріп кеткен адвокаттық қызметті ұйымдастыру үлгісіне балама болатын қандай да бір ұсыныс көтеріліп отырған жоқ.

Шындығына келгенде, адам құқықтарының кепілдігін ары қарай жетілдіру, әділ сотты реттейтін заңнаманы демократияландыру және ізгілендірудің орнына, уәкілетті орган бірқатар депутаттар арқылы бейкоммерциялық, тәуелсіз, өзін-өзі басқаратын адвокаттар ұйымының қызметіне кезекті мәрте қол сұғуға әрекет жасап отыр.

Біздің елдегі адвокаттық қызмет мемлекеттің негізсіз араласып қол сұғушылығынан тәуелсіз әрі еркін болуы тиіс. Сондай-ақ, адам құқығы мен сот әділдігі үшін күресіп жүрген адвокаттарды қудалап жатқан уәкілетті органның содыр амал-әрекеттеріне заңнама деңгейінде тоқтау салу қажет.

Баспасөз мәжілісі кезінде спикерлер "Адвокаттық қызмет және заңгерлік көмек туралы" ҚР заңының қабылдануына байланысты, өкінішке орай, соңғы уақыттарда адвокаттарды қудалау оқиғалары жиілеп кеткенін атап өтіп отыр. Шындығына келгенде, бұл әрекеттер адвокатардың сот ісінде азаматтарды белсенді түрде қорғау мүмкіндігіне қауіп төндіріп отыр, ал бұл ақыр соңында азаматтардың сеніп тапсырған құқығын батыл әрі білікті түрде қорғап жүрген адвокаттарды басып жаншып, елімізде азаматтардың өзін қорғап, білікті көмекті алуға деген құқығын күйретіп тастауы мүмкін.

Ақпаратты пайдаланѓан жаѓдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігініњ материалдарына авторлық қ±қық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны