15.10.2015, 21:18 3996

Ақтауда 15 жастағы қыз тамақтан уланып, қайтыс болды

Ақтауда 15 жастағы қыздыӊ өліміне тамақтан улану себеп болған. Бұл туралы Маӊғыстау облысы денсаулық сақтау департаментініӊ басшысы Руслан Бектубаев хабарлады

Ақтау. 15 Қазан. Kazakhstan Today - Ақтауда 15 жастағы қыздыӊ өліміне тамақтан улану себеп болған. Бұл туралы Маӊғыстау облысы денсаулық сақтау департаментініӊ басшысы Руслан Бектубаев хабарлады, деп хабарлайды Kazakhstan Today агенттігініӊ тілшісі.

"Анамнезден 14 қазан күні әуелі 15 жасар қыз, содан кейін оныӊ 10 жасар інісі мен әкесі өздерін нашар сезіне бастағаны белгілі болды. Үшеуінде де бірдей белгілер болды - 7-10 ретке дейін құсу. 15 қазан күні таӊертеӊ анасы қызын ұйқысынан оята алмаған соӊ жедел медициналық жәрдем бригадасын шақырды. Өкінішке қарай, дәрігерлер қызға көмек көрсетуге үлгермеді. Қыз бала олар келгенше көз жұмды. Оныӊ ағзасы улануға төтеп бере алмады. Ер адам мен бала ауыр халде Маӊғыстау облыстық ішек аурулары ауруханасына жеткізілді. Оларға "Тамақтан болған токсикоинфекция, ботулизм" алдын ала диагнозы қойылған", - деп баяндады Р.Бектубаев, деп хабарлайды inform.kz тілшісі.

Алдын ала эпидемиологиялық зерттеуге сәйкес, улануға консервіленген өнімді ашық күйінде ұзақ сақтау себеп болған. Анасы сол күні корнишон қиярлары қосылған ас пісірген, ал оларды дұрыс сақтамау улануға себеп болуы мүмкін.

"Науқастардан қан талдамалары алынып, үйден улануға себеп болуы мүмкін азық-түліктер алынған. Қазіргі кезде бала жансақтау бөлімінде жатыр, ер адамныӊ жағдайы орташа ауыр деп бағалануда. Облыстық аурухананыӊ ішек аурулары бөлімініӊ дәрігерлері оларды аман сақтап қалу үшін қолдан келгенніӊ бәрін жасап жатыр. Сондай-ақ біз анасыныӊ денсаулығын да қадағалап отырмыз", - деп хабарлады Р.Бектубаев.

Қазіргі кезде Маӊғыстау облысы бойынша тұтынушылардыӊ құқықтарын қорғау департаменті нақты диагнозды анықтау үшін қосымша зерттеулер жүргізуде.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны