28.02.2008, 10:37 2417

Алданған үлескерлердің өкілдері құрылыс компанияларына қатаң шаралар қолдану керек деп есептейді

Алданған үлескерлердің өкілдері құрылыс компанияларына қатаң шаралар қолдану керек деп есептейді

Алматы. 28-ақпан. "Қазақстан Бүгін" - Алданған үлескерлердің өкілдері құрылыс компанияларына қылмыстық тергеуге дейінгі қатаң шаралар қолдану керек деп есептейді. Бұл туралы "Азаматтардың тұрғын үй құрылысындағы үлестік қатысуымен байланысты проблемалар және оларды шешу жолдары" атты дөңгелек үстел барысында тәуелсіз заңгер Сергей Уткин айтты, деп хабарлайды "Қазақстан Бүгін" агенттігінің тілшісі.

"Бұл құрылыс компанияларын, ал іс жүзінде олардың құрылтайшылары мен осы құрылтайшылардың артында тұрғандарды өз міндеттемелерін орындауға мәжбүрлеуіміз керек. Оны қалай істетеміз - ол мәселенің екінші жағы. Яғни, ең бастысы, мемлекеттің бұл істі өз қамқорлығына алуы. Бүгінгі таңдағы механизмді мен қылмыстық тергеуден көремін", - деді С. Уткин.

Оның айтуынша, қылмыстық жауапкершілікке құрылтайшыны ғана емес, үлескерлер ақшасын іздестіру бойынша тергеу бастаса, құрылыс компаниялары сонда ғана ойланады.

"Ең бірінші сұрақ мынау: ақша қайда кетті? Оның жолын анықтау, егер ол іске әділетті түрде және таза кірісетін болса, қиындық тудырмайды. Сол кезде жең ұшынан ақша алған болуы мүмкін барлық туған-туысқандарына, дос-жарандарына, серіктестеріне қарай тарқатылып, оның қайда жіберілгені мәлім болады. Оның шенеунік болуы да мүмкін. Шенеуніктердің де сыбайлас жемқорлыққа қатысы барлығы құпия емес. Рұқсат берілуі үшін оларға да пара ретінде үлескерлер ақшасының белгілі бір мөлшері, 10-20 пайызы, тиіп отырған", - деп есептейді заңгер.

Оның айтуынша, мұндай күрделі жағдайға құрылыс компанияларының жазаға тартылмауы алып келген. "Егер мемлекет бір-екі компанияға шын мәнінде тергеудің қалай жүргізілуі тиіс екенін көрсетіп, жауапкершілікке бір адамды ғана емес, 20 немесе 50 адамнан тұратын топты тартса (оның ішінде болуы мүмкін барлық шенеунік, осы құрылтайшының, бизнесменнің бүкіл маңайы бар), сол кезде өзге құрылыс компаниялары да бірден ойланар еді. Ал біздің бүгінгі көріп отырғанымыз мынау: іс жүзінде ешкім ешқандай жауапкершілікті мойынына артып отырған жоқ", - деп атап көрсетті С. Уткин.

Дөңгелек үстелге үлескерлер, азаматтық саланың, мемлекеттік құрылымның, парламент пен БАҚ өкілдері қатысты. Талқылау нәтижесі бойынша резолюция қабылданды. Онда алданған үлескерлердің проблемаларын шешуге бағытталған шаралар кешені ұсынылған.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда "Казахстан Сегодня" ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны