08.05.2008, 12:26 2934

Алматы әкімі қаладағы қоғамдық көліктің жұмысын қанағаттанарлықсыз деп санайды

Алматы әкімі қаладағы қоғамдық көліктің жұмысын қанағаттанарлықсыз деп санайды

Алматы. 8 мамыр. "Қазақстан Бүгін" - Алматы әкімі Ахметжан Есімов қаладағы қоғамдық көліктің жұмысын қанағаттанарлықсыз деп санайды, деп хабарлайды агенттік Алматы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Баспасөз қызметінің ақпаратына сәйкес, Алматы әкімі Ахметжан Есімов қаладағы жолаушы тасымалымен айналысатын бірқатар автотранспорттық кәсіпорында болды.

Қала басшысы автобус парктерін аралап, басқару жүйесімен танысып, тасымалдаушы компаниялардың өкілдерімен кеңес өткізді.

"Қазір Алматыда 123 автобус, 9 троллейбус және 2 трамвай маршруты жұмыс істейді. Оларда 1 944 көлік бар. Алайда, автобустардың басым бөлігінің жағдайы сын көтермейді. Кейбір кәсіпорындарда көліктердің тең жартысы жарамсыз. Тасымалдаушылар жаңа автобустарды сатып алуға қаржының тапшылығын, кәсіби мамандардың жоқтығын және тарифтің төмендігін алға тартуда ", - деп хабарлайды баспасөз қызметі.

Баспасөз қызметінің ақпаратына сәйкес, Ахметжан Есімов өз кезегінде тасымалдаушыларға қызмет сапасын көтеру қажеттігін айтып, олардың алдына бірқатар мақсаттар қойды. Оның бәрі де қоғамдық көліктің жұмысын жақсартуға, трафикпен күреске және экологиялық тауқыметтерді шешуге бағытталған.

Ал Алматыда бүгінде 775 автобус Euro-2 өлшеміне сай келмейді, яғни, әбден тозығы жеткен.

"Тасымалдаушылар жұмысының қаржылық жағына тоқталған әкім жолақысын төлеудің қазіргі жүйесінен бас тартуға және электронды жүйелерді тездетіп енгізуге нұсқау берді. Бұл тәжірибені қаладағы бір кәсіпорын енгізген, ол кірістің шұғыл көтерілгенін көрсетіп отыр", - делінген хабарламада.

"Бұл міндеттердің бәрін тасымалдаушылар алдағы айларда шешуге тиіс. Қала ендігі жерде автобустары талапқа сай келетін кәсіпорындарға ғана маршруттарды беретін болады", - деді Ахметжан Есімов.

Сонымен бірге, әкімнің пікірінше, көлік саласын басқаруды оңтайландыру үшін GPS жүйесіне негізделген басқару жүйесін енгізу қажет.

Қала басшысы жолаушы тасымалының сапасын жақсарту және қозғалыс кестесін оңтайландыру, жүргізушілер мен басқа да қызметкерлердің жұмыс жағдайын жақсарту үшін 2 автостанция мен 9 диспетчерлік бөлім ашу жоспарланғанын хабарлады.

"Сонымен қатар, үш муниципалдық автобус паркін салу жоспарланған, олардың екеуін салу үшін Момышұлы мен Рысқұлов көшелерінің қиылысында аумағы 22 гектар жер телімі таңдап алынған", -делінген хабарламада.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда "Казахстан Сегодня" ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны