03.03.2010, 18:06 3519

Алматы қаласында "Серт" құрылыс коммпаниясының үлескерлері рұқсат етілген митингіге шықпақшы - телеарна

Алматы қаласында "Серт" құрылыс коммпаниясының үлескерлері рұқсат етілген митингіге шықпақшы - телеарна

Алматы. 3 наурыз. Kazakhstan Today - Алматы қаласында "Серт" құрылыс коммпаниясының үлескерлері рұқсат етілген митингіге шықпақшы, деп хабарлайды Kazakhstan Today КТК телеарнасына сілтеме жасап.

КТК сюжетінде былай делінген:

"Алматы қаласында "Серт" АҚ-на тиесілі "Жайлы" тұрғын үй кешенінің құрылысына байланысты тағы дау шықты. Мәселе салынып жатқан баспанаға екінші кезекпен кіруге тиіс 345 үлескерге қатысты. Олар компания құрылтайшысы Амангелді Ермегияевқа хат жолдады. Хатта үлескерлер үйлердің құрылысын тезірек аяқтауды, болмаса, ақшасын қайтаруды талап еткен.

"Серт" АҚ -ның "Жайлы" тұрғын үй кешеніне 2007 жылы алғашқы үлескерлер қоныстануы тиіс болатын. Алайда "Серт" компаниясы сертінде тұрмады. 2010 жылы тұрғын үйдің қаңқасы ғана қаланды. Бұған қарамастан, 600 үлескер үйден үмітін үзген жоқ.

600 үлескер екі кезекке бөлінген. Илі күнге дейін олардың біреуі де қоныс тойын тойлай алмады. Ал екінші кезекте тұрған 345 үлескерге жуырда компания акционерлері құрылысты тоқтататынын айтқан.

Алмаз Сұлтанғазин, "Алматықұрылыс" ҰХК басқарма төрағасының орынбасары: - Үйді салу үшін көп қаржы керек. Ондай ақша бізде жоқ. Қазіргі мақсат - құрылысы аяқталмаған үйді сату немесе оны қаржыландыратын инвестор табу.
Өзге үлескерлерге қосылмай, осы уақытқа дейін сабыр сақтап келген үлескерлер "компания құрылтайшысы, әрі Қазақстанның құрметті құрылысшысы" Амангелді Ермегияев мырзаға деген құрметіміз" деп түсіндірді.

Шәміл Егенов, "Серт" АҚ-ның үлескері: - Үйімізді Ермегияевтің өзіне тиесілі, жарты Қазақстанды тұрғызған "Алматықұрылыс" ұлттық холдингіне кіретін "Серт" компаниясы салып жатыр деп мақтана айтатынбыз. Басқа құрылыс компаниялары сияқты тығырыққа тірелмейтініне сенгенбіз.

Үлескерлердің алды 2006 жылы "Серт" компаниясымен келісім-шарт жасасқан. Бір шаршы метріне 700 доллардан төлеген. Дүркіреп тұрған жарнама, одан қалса, құрылтайшысы белгілі кәсіпкер Амангелді Ермегияев. Үлескерлерге бұдан артық кепілдіктің қажеті жоқ еді.

Ержан Ибдіқасымов, "Серт" АҚ-ның үлескері: - Жуырда Ермегияев мырзаға "Алтын жүрек" Қайырымдылық қоры "Жыл меценаты" деген атақ берді. Бұны естігенде, үстімізден жай түскендей болды. Сонда қайырымдылық қоры оңды-солды бәрін марапаттай беретін болғаны ғой...

Біраз үлескер салынбаған үйлері үшін төлеген ақшасын қайтаруды талап етіп сотқа жүгінген. Сот шешімді үлескерлердің пайдасына шығарғанымен, "Серт" оларға бір тиын да төлемеген.

Ибдісамат Шарафов, "Серт" АҚ-ның үлескері: - Осыдан екі жыл бұрын сот менің пайдама шешім шығарған. Алайда "Серт" әлі ақшамды қайтарған жоқ.

Үлескерлер "Серт" компаниясының ақшасы таусылғанына сенбейді. Себебі, Амангелді Дінұлы басқаратын "Алматықұрылыс" холдингіне "Серттен" басқа 13 компания кіреді. Үлескерлер осы 13 компанияның жағдайы осындай екенін айтады. Сондықтан үлескерлер Ермегияев мырзадан 5-наурызға дейін хатқа жауап беруін сұрап отыр. Керісінше жағдайда, "халықаралық ұйымдарға шағымданамыз" дейді үлескерлер".

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны