12.12.2008, 19:03 3347

Алматы қаласының Қазақстан халқы кіші ассамблеясының және ұлттық - мәдени орталықтарының мүшелері кеңес өткізді

Алматы қаласының Қазақстан халқы кіші ассамблеясының және ұлттық - мәдени орталықтарының мүшелері кеңес өткізді

Алматы. 12 желтоқсан. "Қазақстан Бүгін" - Алматы қаласының әкімі Ахметжан Есімовтың төрағалық етуімен қалалық әкімдікте Алматы қаласы Қазақстан халқы кіші Ассамблеясының және ұлттық- мәдени орталықтарының мүшелері мен қалалық құрылымдар басшыларының қатысуымен кеңес болып өтті, деп хабарлайды агенттік тілшісі қала әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Онда "Елдің күші- халықтар бірлігінде" деген тақырыпта Республика президентінің Қазақстан халықтары Ассамблеясының ХІҮ сессиясында алға қойған міндеттерін жүзеге асыру мәселесі жан - жақты талқыланды.

Кеңесті ашқан Ахметжан Есімов қазіргі ғаламдық экономикалық дағдарыс барысында еліміздегі этникааралық және конфессиялық бейбітшілік өзара келісім мен түсіністікті қалыптастырып отырғандығы ақиқат екендігін айтты.

Алматы қаласында тұратын этникалық диаспорлар өкілдері қоғамдағы тыныштық пен келісім, жастар арасындағы тәрбие жұмыстары, Қазақстан халықтарының тілдерін дамыту туралы өз ойларын ортаға салды.

Қазіргі кезде Алматы қаласында осы мәселелермен айналысатын 30 қалалық ұлттық - мәдени орталықтар бар. Демократия үйінде олар үшін офистер бөлінген, кіші Ассамблея залы ойдағыдай жабдықталған, бұлардың барлығы мемлекеттік бюджет есебінен жүзеге асуда. Ұлттық мәдени орталықтардың қатысумен түрлі шаралар, мерекелер жиі өткізіледі, бұларда Қазақстанда тұратын ұлыстардың әдет- ғұрыптары насихатталады. Бұл шарлар тиісті қаржыны қажет ететіні де шындық. Осы мақсаттар үшін 2007 жылы жергілікті бюджеттен барлығы 521 млн 646 мың теңге бөлінді. Биыл бұл сома 639 млн 668 мың теңгеге артып отыр.

Қала әкімі ұлттық диаспорлар жетекшілеріне атқарып отырған салиқалы жұмыстары, елдегі бейбітшілік пен ынтымақты арттырудағы еңбектері үшін алғыс айтты. Ол халықтар Ассамблеясының қоғамды әрі қарай демократияландырудағы жаңа конституциялық мәртебесіне де ерекше тоқталды.

"Мен Сіздердің әрқайсыларыңызды ұлттық -мәдени орталықтарда жастар арасындағы тәрбие жұмыстарын бұрынғыдан да жандандыра түсуге шақырамын. Біз Қазақстан халқының баға жетпес байлығы- өзара түсіністік пен келісімді барынша нығайта отырып, халқымыздың әл- ауқатын жақсарту жолында аянбай тер төгуге тиіспіз"-, деді Ахметжан Есімов.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда "Казахстан Сегодня" ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны