26.12.2007, 16:13 2943

Алматы - Шымкент тасжолының Оңтүстік Қазақстан облысы аумағын тазалау аяқталды

Алматы - Шымкент тасжолының Оңтүстік Қазақстан облысы аумағын тазалау аяқталды

Шымкент. 26-желтоқсан. "Қазақстан Бүгін" - Алматы - Шымкент тасжолының Оңтүстік Қазақстан облысы аумағын тазалау аяқталды. Құтқару жұмыстарын жүргізу барысында облыс жолдарында қар құрсауынан 112 бірлік техника мен 1289 адам босатылды. Бұл туралы "Қазақстан Бүгін" агенттігінің тілшісіне Оңтүстік Қазақстан облысының Төтенше жағдайлар жөніндегі департаментінің баспасөз қызметінен хабарлады.

"Кеше 22.00 құтқарушылар тобы "Высокое" шептік бекетіне жеткен (Оңтүстік Қазақстан облысы мен Жамбыл облысының шекарасы). Жолда тұрып қалған барлық автобустар мен жеңіл көліктер тексерілді. Құтқарушылар қар құрсауында қалған техникалар мен зардап шегушілердің бар-жоғына көз жеткізу үшін жол талғамайтын көліктерімен одан әрі тоқтамастан Тараз қаласына қарай бес шақырымдай барып қайтты",- деп айтылған баспасөз қызметінің хабарламасында.

Баспасөз қызметінің ақпараттарына сүйенсек, жолда қамалған жолаушылар жергілікті тұрғындар мен Түлкібас ауданының Шақпақ-Баба елді мекеніндегі мектепке жеткізіліп, орналастырылған. Жедел құтқарушы жасақ Т. Рысқұлов аулынан жолаушыларға нан және құтқару техникаларына дизельдік отын жеткізді.

Сондай-ақ, баспасөз қызметінің мәліметтеріне сүйенсек, кеше Шақпақ-Баба аулынан адамдарды көшіруге көмек көрсету үшін Шымкенттің 35748 әскери бөлімшесінен қосымша техникалар мен адамдар жіберілген.

Бүгін 04.00 Шымкенттен құтқарылған адамдарды Т. Рысқұлов аулы мен Шымкентке жеткізу үшін 20 автобус келіп, 818 адамды алып Шымкентке қарай бет алған.

Баспасөз қызметінің мәліметтеріне сүйенсек, 24-желтоқсаннан бері қар құрсауынан барлығы 112 бірлік техника босатылып, 1289 адам құтқарылған, сондай-ақ зардап шеккен жеті адамға медициналық көмек көрсетілді.

Адамдарды құтқарып, тасымалдауға жалпы 60 адам және 35 бірлік техника, соның ішінде Оңтүстік Қазақстан облысының Төтенше жағдайлар жөніндегі департаменті бөлімшелерінің 27 адамы және 11 бірлік техникасы жұмылдырылған.

"Қазіргі кезеңде Алматы - Шымкент тасжолының Оңтүстік Қазақстан облысы аумағындағы құтқару жұмыстары аяқталды",- деп мәлім етті Оңтүстік Қазақстан облысының Төтенше жағдайлар жөніндегі департаментінен.

Техникаларды көшіру және облыстық маңызы бар жолдарды қардан тазалау жұмыстары жалғасуда.

Байдібек ауданының Одаман - Бұлақ және Шыбықбел асулары мен Созақ ауданының Таскөмірсай асуында боран салдарынан көлік қозғалысы тоқтатылған.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда "Казахстан Сегодня" ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны