29.06.2006, 09:23 2523

Алматыда Экономикалық ынтымақтастық ұйымына мүше елдердің қоршаған ортаны қорғау министрлерінің үшінші кеңесі өтеді

АЛМАТЫ. 29-маусым. Kazakhstan Today. Алматыда 30-маусымда Экономикалық ынтымақтастық ұйымына мүше елдердің қоршаған ортаны қорғау министрлерінің үшінші кеңесі өтеді, деп хабарлайды Kazakhstan Today тілшісі.

Министрлердің бас қосуы қарсаңында Алматыда аға лауазым иелерінен құралған жұмыс топтарының отырыстары өтуде. “Біз кеңесте қаралатын айрықша маңызды мәселелерді талқылаймыз”,- деді журналистерге еліміздің қоршаған ортаны қорғау министрінің орынбасары Зейнолла Сәрсенбаев.

Жұмыс тобы, оның айтуынша, алдағы кеңестің күн тәртібінің жобасын талқылауда. “Бұдан кейін біз Экономикалық ынтымақтастық ұйымына мүше елдердің қоршаған ортаны қорғау мәселелері бойынша 2003-2007-жылдарға арналған іс-шаралар жоспарын жүзеге асыру жайын талқылап, экологиялық туризм тақырыбы бойынша “дөңгелек үстел” өткізуге дайындық жұмыстарына қатысты тараптардың пікірі мен ұсыныстарын қараймыз, Алматы коммюникесінің жобасын келісеміз”,- деді З.Сәрсенбаев.

ҚР қоршаған ортаны қорғау министрлігі таратқан баспасөз баянына сәйкес, кеңеске Иран, Пәкістан, Түркия, Ауғанстан, Изербайжан, Өзбекстан, Тәжікстан, Қазақстан және Қырғызстан өкілдері мен министрлері қатысады.

Ир ел қоршаған ортаны қорғау саласы бойынша атқарылған жұмыстар жайында өз есептерін ортаға салады. “Біз қоршаған ортаны қорғау бағдарламасының аясында Қазақстанда қабылданған шаралар туралы есеп беруге дайынбыз”,- деді еліміздің қоршаған ортаны қорғау министрлігінің құқықтық саясат және халықаралық ынтымақтастық департаментінің директоры Александр Брагин. Ол біздің елімізде ілеспе газды жағу мен мұнай өндіру өнеркәсібінің қалдықтарын су қоймаларына тастауға тыйым салынғанын атап өтті. Экологиялық кодекстің жобасы жасалып, парламентке енгізілді.

Кеңесте сонымен бірге Экономикалық ынтымақтастық ұйымына мүше елдердің арасындағы екі жақты келісімдерге қол қою мен осы саладағы халықаралық қаржылық қолдауды күшейтуге бағытталған жаңа жобаларды айқындау жоспарланған.




МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны