10.06.2015, 11:15 3436

Алматыда Қазақстан урологтарыныӊ V съезі өтуде

Бүгін Алматыда "Урологиядағы кіші инвазивті технологиялар" тақырыбында жұмысын бастаған Қазақстан урологтарыныӊ V съезі 13 маусымға дейін жалғасады. Сол күні ТМД елдері урологтарыныӊ І құрылтайшы съезі өтеді

Алматы. 10 Маусым. Kazakhstan Today - Бүгін Алматыда "Урологиядағы кіші инвазивті технологиялар" тақырыбында жұмысын бастаған Қазақстан урологтарыныӊ V съезі 13 маусымға дейін жалғасады. Сол күні ТМД елдері урологтарыныӊ І құрылтайшы съезі өтеді, деп хабарлайды Kazakhstan Today агенттігініӊ тілшісі.

Съезд аясында 10-11 маусымда Ресей, Франция, Грузия және Өзбекстаннан келген атақты хирург-ғалымдар Б.У.Жарбосынов атындағы Урология ғылыми орталығында эндоскопиялық және лапароскопиялық урология бойынша шеберлік сабақтарын өткізеді.

Шеберлік сабақтарына қатыспайтын съездіӊ өзге қатысушылары бейне көрсетілім арқылы операцияныӊ өткізілу барысын қадағалайды.

"Урологиядағы кіші инвазивті технологиялар" атты бағдарламалық баяндамасында "Б.У.Жарбосынов атындағы Урология ғылыми орталығы" АҚ басқарма төрағасы Мырзакәрім Алшынбаев отандық урологиядағы инновациялық диагностика және емдеу технологияларыныӊ басымдық бағыттарына тоқталды.

Айта кету керек, жаӊа технологияларды енгізу арқасында Қазақстанда урологиялық аурулардыӊ басым көпшілігі бойынша жаӊа емдеу-диагностикалық әдістер әзірленді. Ол науқастардыӊ өмір сапасын жақсартып, мүгедектікті азайтады.

Қазіргі заманғы ғылымныӊ дамуына байланысты диагностиканыӊ және емдеудіӊ жаӊа технологияларын енгізуде халықаралық ынтымақтастықтыӊ рөлі елеулі түрде арта түсті. Съезд мамандарға, оныӊ ішінде жас ғалымдарға алыс және жақын шетелдерден келген әріптестерімен тәжірибе алмасуға, бірлескен ғылыми зерттеулер жүргізуді жоспарлауға мүмкіндік береді.

Талқылаулар мен пікірталастар қорытындымында еліміз тұрғындарына көрсетілетін урологиялық көмектіӊ сапасын арттыру және ұйымдардыӊ жұмысын жетілдіру мақсатында қарар қабылданады.

13 маусымда ТМД елдері урологтарыныӊ І құрылтайшы съезі өтіп, ТМД елдері урологтары қауымдастығыныӊ президенті сайланады. Сонымен қатар, аталған қауымдастықтыӊ әрі қарайғы даму жолдары мен ынтымақтастық жайын анықтайтын ереже бекітіледі.

ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігініӊ баспасөз қызметі

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны