05.06.2009, 10:41 6669

Алматыда қазақтар мен мадиялардың туысқандығына қатысты зерттеулерге арналған көрме өтеді

Алматыда қазақтар мен мадиялардың туысқандығына қатысты зерттеулерге арналған көрме өтеді

Алматы. 5 маусым. "Қазақстан Бүгін" - Алматыда қазақтар мен мадиялардың туысқандығына қатысты зерттеулерге арналған көрме өтеді, деп хабарлайды "Қазақстан Бүгін" агенттігі ҚР Мемлекеттік орталық мұражайының хабарламасына сілтеме жасап.

ҚР Мемлекеттік орталық мұражайында бүгін сағат 16.00-де "Ғасырлардан кейінгі қауышу: Қазақстан мен Венгрияның тарихи-мәдени байланыстары" фотокөрмесінің ашылуы өтеді, делінген хабарламада.

Бұл көрме қазақ-венгр антропологиялық ғылыми экспедициясы нәтижелеріне және екі рет өткізілген қазақ-венгр этнофестивальдарына арналған.

ХХ ғасырдың 90-жылдарынан бастап Венгрияда қазақтар мен мадиярлардың тарихи-мәдени байланыстары тақырыбында бірқатар еңбектер жарық көрді. Олардың қатарында ежелгі қазақ-венгр этномәдени байланыстарына арналған Бенкө Михайдың "Торғай мадиярлары", "Омбы қыпшақ-мадиярлары" фотоальбомдары және қазақстандық ғалым-зерттеуші Бабақұмар Хинаяттың бірлескен авторлығымен "Шығыс мадиярлары жайлы жазба деректер" монографиясы жарық көрді. Исіресе, Торғайдағы мадиар руы мен одан шыққан Алаш қайраткері Міржақып Дулатовтың өмірі мен қызметі, мадиар шежіресі, аңыз, ауызша тарихи деректер туралы құнды жақтары бар.

Венгриялық антрополог-генетик, доктор Биро Андраш Қазақстан мен Венгрияда қазақтар мен венгрлердің туысқандығы туралы болжам генетикалық тұрғыдан зерттеуді қолға алды. Оның жетекшілігімен 2006 жылы Қостанай облысында қазақ-венгр бірлескен антропологиялық экспедициясы жұмыс істеді. Экспедиция барысында Торғай өңірінде тұратын қазақтардың мадиар руы өкілдері арасынан генеологиялық деректер, антропологиялық өлшемдер жасалды. ДНК үлгілері алынып, ғасырлар бойы өзгермейтін және генетикалық ақпаратты сақтайтын Y-хромосомдарына талдау жүргізілді. Оның сараптамалары венгрлердің және Еуразия құрлығында тұратын 40 халық өкілдерінің ДНК үлгілерімен салыстырылды. Мадиар руынан шыққан қазақтар мен венгрлердің ежелгі жақындастығын молекулярлық биология деңгейінде дәлелдеген оның ғылыми дәйектері халықаралық ондаған конференцияларда талқыланып мақұлданды.

Көрмеде ғылыми экспедициялардың және екі құрылтайдың барысынан мәлімет беретін фотосуретьер қойылған.

Шаралар бағдарламасы 7 маусымда сағат 11.00-де Алматы облысының Жамбыл ауданы, Аққайнар ауылында ғылыми-тәжірибелік конференциямен жалғасады.

Бұл акцияға Қазақстан Республикасы Сыртқы Істер министрлігі, Алматы қаласы әкімдігі, Алматы облысы әкімдігі, Венгрия Республикасының Қазақстандағы елшілігі, Венгрия жаратылыстану тарихы музейі мен қоғамдық қорлар қолдау көрсетіп отыр. Көрме 2009 жылдың 10 шілдесіне дейін созылады.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда "Казахстан Сегодня" ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. «Қазақстан Бүгін» Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны