17.10.2011, 16:09 3600

Алматыда Тантал мен ниобийді зерделеу жөніндегі халықаралық орталықтың 52-ші Бас Ассамблеясы ашылды

"Қазатомөнеркәсіп" ҰАК" АҚ-ның қолдауымен өтіп жатқан бұл шараға әлемнің 30-дан астам елінен тантал саласының мамандары, жетекші өнеркәсіптік компаниялар мен ғылыми-зерттеу ұйымдарының өкілдері қатысуда.

Алматы. 17-қазан. Kazakhstan Today - Бүгін Тантал мен ниобийді зерттеу жөніндегі халықаралық орталықтың (ТІС) 52-ші Бас Ассамблеясы өз жұмысын бастады., деп хабарлайды Kazakhstan Today агенттігінің тілшісі.

ҚазАқпарат агенттігінің хабарлауынша, "Қазатомөнеркәсіп" ҰАК" АҚ-ның қолдауымен өтіп жатқан бұл шараға әлемнің 30-дан астам елінен тантал саласының мамандары, жетекші өнеркәсіптік компаниялар мен ғылыми-зерттеу ұйымдарының өкілдері қатысуда.

"Қазатомөнеркәсіп" ұлттық атом компаниясы Тантал мен ниобийді зерттеу жөніндегі халықаралық орталыққа 1999 жылы мүше боп кірген болатын. Тантал мен ниобийді зерттеу жөніндегі халықаралық орталықтың Атқару комитетінің мүшесі, "Үлбі металлургия зауыты" АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Александр Гагариннің айтуынша, ТІС Ассамблеясының Қазақстанда өткізілуі - тантал саласындағы жетекші ойыншы ретінде еліміздің және компанияның беделін мойындауға жасалған үлкен қадам. Ұлттық компанияның бұл еншілес кәсіпорны ядролық энергетикалық қондырғылар мен өнімдерге арнап құрамында бериллий, тантал және ниобий бар отын компоненттерін шығаратын еліміздегі бірегей өндіріс орны саналады. Оның тантал-ниобий өндірісі құрамында тантал-ниобий бар шикізаттарды дайын өнімге дейін өңдейтін толық өндірістік циклға ие ТМД аумағындағы жалғыз және дүниежүзіндегі ірі кәсіпорындардың бірі ретінде танымал. Соның арқасында Қазақстан ТІС Бас Ассамблеясын шақырған ТМД елдері арасындағы алғашқы мемлекет болып отыр.

ТІС 52-ші Бас Ассамблеясы аясындағы техникалық сессияларда делегаттар тантал мен ниобий нарығының қазіргі бет алысына, тантал-ниобий өнімдерін өндіру технологиясын дамытуға, жекелеген кен орындарында шикізат өндіруге және жеткізіп берулердің сенімділігіне қатысты мәселелерді талқылайтын болады. Ал 19 қазан күні олар Өскемендегі Үлбі металлургия зауытының жұмысымен таныспақ.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны