18.04.2016, 19:40 3808

Алматыда жол апатын жасап, екі жүргіншініӊ өліміне себепкер болған BMW жүргізушісі екі айға қамалды

Алматыда жол-көлік апатын жасап, екі жүргіншініӊ өліміне себепкер болған BMW жеӊіл автокөлігініӊ жүргізушісіне бұлтартпау шарасы қолданылды. Бұл туралы бүгін Алматы қалалық сотыныӊ баспасөз қызметінен хабарлады

Алматы. 18 сәуір. Kazakhstan Today - Алматыда жол-көлік апатын жасап, екі жүргіншініӊ өліміне себепкер болған BMW жеӊіл автокөлігініӊ жүргізушісіне бұлтартпау шарасы қолданылды. Бұл туралы бүгін Алматы қалалық сотыныӊ баспасөз қызметінен хабарлады, деп хабарлайды Kazakhstan Today агенттігініӊ тілшісі.

Алматы қаласыныӊ №2 Жетісу аудандық сотыныӊ қаулысына сәйкес, BMW жүргізушісі, қалалық мамандандырылған күзет қызметі басқармасыныӊ қызметкері Санат Жанатбеков күдікті ретінде екі айға қамалды, деп хабарлайды inform.kz тілшісі.

Естеріӊізге сала кетелік, жан түршігерлік жол-көлік апаты 14 сәуір күні күндізгі уақытта Алматы қаласыныӊ Жетісу ауданында болған еді. Жангелдин көшесімен оӊтүстік бағытта келе жатқан BMW маркалы автокөлігініӊ жүргізушісі алдында келе жатқан "Дэу Матиз" автокөлігінен озбақшы болады. Сөйтіп, қарсы жолаққа шығып кетіп газды басады. Ал бұл сәтте жол қиылысына жақындап қалған "Дэу Матиз" автокөлігі Сидоркин көшесіне бұрылмақшы болып, сол жаққа бұрыла бастайды. Осы сәтте арт жақтан қарсы жолақпен үлкен жылдамдықпен келе жатқан BMW автокөлігі "Дэу Матиз" автокөлігініӊ сол жақ қапталына келіп соғылады. Күшті соққыныӊ салдарынан солға қарай серпілген BMW автокөлігі тротуар арқылы жол қиылысынан өтіп бара жатқан үш жүргіншіні қағып өтеді. Бұдан әрі жол жиегінде тұрған "Фольксваген" және "Тойота Лэнд Крузер" маркалы екі автокөлікті барып соғады.

Жол-көлік апаты салдарынан екі жүргінші оқиға орнында жан тәсілім етті, ал үшінші жүргінші өте ауыр халде ауруханаға жеткізілді.

Қазір, ҚР Қылмыстық кодексініӊ 345-бабыныӊ 4-ші тармағында қарастырылған қылмыстар нышаны бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Осы тергеу амалдары барысында тиісті сараптамалар жасалып, куәгерлер сұралады, жол-көлік оқиғасыныӊ басқа да мән-жайлары анықталады.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны