08.02.2007, 18:56 3346

Алматыдағы "алтын квадраттағы" аштық жариялау жалғасуда

АЛМАТЫ. 8-ақпан. Kazakhstan Today. Алматыдағы "алтын квадраттағы" аштық жариялау жалғасуда, деп хабарлайды Kazakhstan Today агенттігінің тілшісі оқиға орнынан.

Бүгін наразылық шарасын Петр Зайченко жалғастыруда. Ол төртінші күн аштық жариялауда. Наразылық шарасының екінші күнінде дәрігерлер оның қан қысымының күрт өзгеруіне байланысты медициналық көмек көрсеткен. "Мен қазір тәуір болып қалдым",- деді П. Зайченко агенттік тілшісіне. Ол наразылық шарасын өзінің кеңсесінде жалғастыруда.

Наразылық шарасына қатысушылар, төлемақыны өсіру туралы уәде берілгеннен кейін, аштық жариялаудан бас тартқан болатын. "Құрылыс салушы компаниялар олардың талаптарын толығымен қанағаттандырды. Төлемақы сомасы 2 - 2,5 есеге өсіп, бір шаршы метріне шамамен 7 мың АҚШ долларынан төленетін болды",- деді П. Зайченко.

Ал, П. Зайченконың өзіне "Модуль-Инвест" төлемақы көлемін өсіруден бас тартқан. Оның пікірінше, "наразылық бастамасын көтергендіктен" оның талаптары қанағаттандырылмай отыр. П. Зайченко құрылыс салушы компанияның өз талабын қанағаттандырмайынша аштық жариялаудан бас тартпақ емес.

Бұрын хабарлағанымызда, аштық жариялау 5-ақпанда дүйсенбіде басталған болатын. Бірінші күні наразылық шараларына тоғыз адам қатысқан. Олар компьютер клубының жертөлесіне орналасқан болатын.

Қала басшылар бұзбақ болған мамандар үйлері Алматының орталығында Абылай хан - Панфилов - Құрманғазы - Шевченко көшелерінің ортасында орналасқан. Ол үйлер 1937 жылы ату жазасына бұйырылған, атақты сәулетші Зелькензонның жобасымен салынған. Мамандар үй деп аталатын бұл үйлерде тек Қазақстанға ғана емес, әлемге танымал ғалымдар, өнер және мәдениет қайраткерлері тұрған. Осы үйлерде тұрғандарыдың 109-ы қуғын-сүргінге ұшырап, олардың 5-і ату жазасына бұйырылған. Олардың ішінде Ілияс Жансүгіров, Бейімбет Майлин бар.

2005 жылы аудан тұрғындары оның құндылығын дәлелдеп, нәтижесінде үйлерді бұзу туралы қаулының күші жойылған болатын. Бірақ, бір жылдан кейін бұл аудан тарихи орталық мәртебесінен қайтадан айрылды.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны