18.03.2008, 16:25 5727

Алматыдағы бірнеше үйдің тұрғындары қала әкімі заңсыз құрылыстарға қолдау көрсетуде деп айып тағуда

"Мұндай заң бұзушылықтар үшін әкімге шара қолданылу керек немесе ол өз еркімен қызметтен кетуі керек. Ал жерлерді сатып алу мәселелері мен заңсыз құрылыстардың тағдыры шенеуніктердің бөлмелерінде күбір-сыбырмен емес, қоғамдық ұйымдарды, депуттарды, БАҚ өкілдерін қатыстыра отырып, жариялы шешілуі тиіс", - деп есептейді азаматтар.

Алматы. 18 наурыз. "Қазақстан Бүгін" - Сәтпаев көшесіндегі 75 және 77 үйлері мен Мыңбаев көшесіндегі №93 үйдің тұрғындары қала әкімі Иманғали Тасмағамбетов Atameken Kurylys ЖШС-нің заңсыз құрылыс салуына қолдау көрсетуде деп айтып тағуда. Бұл туралы олар Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен премьер -министр Кәрім Мәсімовтың атына жолдаған хатында жазып, оны бүгін өткен брифингте жариялады, деп хабарлайды агенттік тілшісі.

Өздерінің хатында үш үйдің тұрғындары үйлеріне жақын жерде екі жарым жылдан бері "Бес Тұлға" тұрғын үй кешенінің аясындағы көп қабатты жеті үйдің заңсыз салынып жатқандығын хабарлаған.

Үш үйдің тұрғындары хабарлағанындай, биылғы жылдың 21 ақпанында ҚР әділет министрлігінің тіркеу қызметі комитетінен алған жауап бойынша, санитарлық нормалар мен көп қабатты үйлерді салудың ережелері сақталмаған, тиісті рұқсат қағазынсыз құрылыс жұмыстарын жүргізіп жатқан Atameken Kurylys жер учаскесін қала әкімдігі мемлекеттік мұқтажына сатып алмақшы.

"Біз бұған өз қарсылығымызды білдіреміз. Алматы әкімі Тасмағамбетов бұл мәселені реттеуге ешбір құқығы жоқ, өйткені оның қатысуымен Алматыда екі жарым жылдан бері барлық талаптар мен нормаларды бұза отырып біздің үйлер мен №22 орта мектептің жанында көп қабатты зәулім үйлер салынып жатыр",-деп ашынды тұрғындар.

Олардың сөздері бойынша Алматы әкімінің араласуымен заңсыз салынып жатқан үйлерді ( №1, №3, №4, №6) бұзу жөніндегі Алматының арнайы ауданаралық әкімшілік сотының 2007 жылдың 22-қазанында шығарған шешімі орындалмай отыр. "Озбыр құрылысшы мен қала билігі арасындағы байланысқа биылғы жылдың 10-15 наурызында болған оқиға куә", - деп хабарлайды тұрғындар.

Олардың сөздері бойынша Atameken Kurylys компаниясы Мыңбаев көшесіндегі №93 үйдің трансформаторынан құрылыс нысанына электр сымын заңсыз тартқан. Ал біз Алматы әкімдігіне және қалалық электр қадағалау қызметіне күнде шағымдансақ та, қаланың тиісті қызметтері мен қала әкімдігі тарапынан келіп тексерген ешкім болмады", - деп әңгімеледі тұрғындар.

Тұрғындардың айтуынша, жерді сатып алу жөнінде мәселесін шешпес бұрын әкім сот шешімінің орындалуын тездетуі керек еді. "Немесе ол қисық салынған көп қабатты үйлерді жер учаскесімен бірге сатып алып, оны қаланың қарапайым тұрғындарына бермек ойы бар шығар. Ийтпесе, ауқатты адамдар мұндай үйлерде тұрмайды. Қынжылтатыны - олардың қала бюджеті есебінен сатып алынатынында. Ол Алматыдағы барлық заңсыз салынған құрылыстарды сатып алмақшы ма сонда? Егер олай болмаса, онда осы үйлерге неге назар тікті?" -дейді тұрғындар.

"Мұндай заң бұзушылықтар үшін әкімге шара қолданылу керек немесе ол өз еркімен қызметтен кетуі керек. Ал жерлерді сатып алу мәселелері мен заңсыз құрылыстардың тағдыры шенеуніктердің бөлмелерінде күбір-сыбырмен емес, қоғамдық ұйымдарды, депуттарды, БАҚ өкілдерін қатыстыра отырып, жариялы шешілуі тиіс", - деп есептейді азаматтар.

Наразылықтарын білдірген тұрғындардың қолында өткен жылдың тамыз айында Бостандық аудандық прокуратурасынан келген жауап болды. Онда Atameken Kurylys компаниясы құрылысты Алматының мемлекеттік сәулет, құрылыс бақылау департаментінің рұқсатынсыз жүргізгендігі және соттың шешімімен заңсыз салынып жатқан құрылыс деп танылып, компания тұрғызып үлгерген қабаттарды бұзу жөнінде үкім шығарылған.

"Заңсыз салынған құрылысты бұзу жөнінде соттың екі үкімі шығарылған. Алайда, сот орындаушылары шешімді орындаудан бас тартып, бәрі сөзбұйдаға салып жатқан кезде құрылыс ақырындап жүргізіліп жатыр. Оларда басынан бастап рұқсат қағазы болмады. Демек, олар заңды көпе-көрнеу белден басып отыр деген сөз ", - деді үй тұрғындарының бірі Владимир Колесников.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда "Казахстан Сегодня" ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны