05.02.2015, 16:06 4618

Имен Қайдаров өмірден озды

Көрнекті кинорежиссер, суретші, ҚазКСР-ініӊ еӊбек сіӊірген өнер қайраткері, Ұлт анимациясыныӊ негізін қалаған Имен Қайдаров тоқсан екі жасқа қараған шағында дүниеден озды

Астана. 5 ақпан. Kazakhstan Today - Көрнекті кинорежиссер, суретші, ҚазКСР-ініӊ еӊбек сіӊірген өнер қайраткері, Ұлт анимациясыныӊ негізін қалаған Имен Қайдаров тоқсан екі жасқа қараған шағында дүниеден озды, деп хабарлайды Kazakhstan Today агенттігініӊ тілшісі.

Имен Қайдаров 1923 жылы Қарағанды облысында дүниеге келді. 1951 жылы Алматы суретшілер училищесін бітірген соӊ "Қазақстан әйелдері", "Ара" журналдарыныӊ редакцияларында жұмыс істеді. 1958 - 65 жылдары Мәскеудегі мемлекеттік кинематография институтыныӊ көркемсурет факультетінде оқыды. 1965 жылдан "Қазақфильм" киностудиясында жұмыс істеді. 1976 - 81 жылдары Қазақстан кинематографияшылар одағы басқармасыныӊ мультипликациялық кино және шығармашы жастар арасындағы жұмыс жөніндегі хатшы, 1981 жылдан Қазақстан Суретшілер одағы басқармасыныӊ хатшысы болды, деп хабарлайды bnews.kz тілшісі.

Ол - Қазақстандағы мультипликациялық кино өнерініӊ іргесін қалаушылардыӊ бірі. 1967 жылы Қайдаровтыӊ салған суреті бойынша халық ертегісі негізінде тұӊғыш түрлі түсті "Қарлығаштыӊ құйрығы неге айыр?" атты мультипликациялық фильм жасалды. Осы мультипликациялық фильм Ленинград қаласында өткен Бүкілодақтық кинофестивальде (1968), Нью-Йорк қаласында өткен Халықаралық мультипликациялық фильмдер фестивалінде (1975) жүлде алды. Сондай-ақ, Қайдаров "Құйыршық" (1969), "Жанар" (1972), "Күн сәулесінен пайда болған көжек" (1975) атты мультипликациялық фильмдерді жасап, қойды. 1980 жылы Қайдаровқа "Ақсақ құлан" (1968), "Қожанасыр - құрылысшы" (1970), "Қырық өтірік" (1978) сияқты мультипликациялық фильмдер топтамасы үшін ҚазКСР Мемлекеттік сыйлығы берілді. Өзі қойған бірсыпыра фильмдер сценариініӊ авторы. "Құрмет Белгісі", "Парасат" ордендерімен және медальдармен марапатталған.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны