06.06.2007, 18:44 3021

Археологтар "Керуен-сарай" ескерткішінің орнына құрылыс жұмыстарын жүргізуге қарсы шығып отыр

ШЫМКЕНТ. 6 - маусым. Kazakhstan Today. Шымкентте археологтар "Керуен-сарай" ескерткішінің орнына құрылыс жұмыстарын жүргізуге қарсы шығып отыр,

деп хабарлайды Kazakhstan Today агенттігінің тілшісі.

Кешелерден бері Шымкенттің солтүстік шетінде орналасқан қорғанда құрылыс жұмыстары басталған. Жұмысшылардың мәлімдеуінше, бұл жерде бақылау алаңқайы бар демалыс орны салынбақ. Олардың айтуынша, жоба қалалық билік өкілдерімен келісілген.

Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің археология және этнография кафедрасының меңгерушісі Бауыржан Байтанаев журналистерге, бұл жерде алдын- ала археологиялық сараптама жүргізбей жұмыс жүргізуге болмайтынын хабарлады. "Бұл жерде Қазақстанның тарихы мен мәдени ескерткіштердің республикалық жинағына кіретін "Керуен-сарай" сияқты археология ескерткіші бар". Бұл ескерткішті өкілетті органдардың келісімінсіз, мәдениет министрлігінің тиісті мекемесінің келісімінсіз бульдозермен қазып жатыр. Сондықтан да біз бұл жерде шұғыл археологиялық зерттеу жүргізу туралы немесе ескерткішті қалпына келтіру туралы мәселе қозғап отырмыз", - деді Б. Байтанаев.

Ғалымның айтуынша, бұл қорғанның жасы шамамен екі мың жылға жетіп жығылады. "Бұл жерде сақ тайпасының көсемдері жерленуі де мүмкін және бұл жерде бақылау алаңын салу ақылға сыймайды",- деп санайды Б. Байтанаев.

Ғалымдар қорғанның ерте заманда тоналып кету мүмкіндігін жоққа шығармайды. "Бұл патшалық үлгідегі қорған, себебі, ол өте үлкен. Ол тоналған болуы да мүмкін. Дейтұрғанмен, біз зерттеу жұмысын жүргізбей, бұған көз жеткізе алмаймыз. Егер бұл адамдар археологтарға келіп, мына жерде қазба жұмыстарын жүргізіп, бізге сараптама беріңіздер десе, одан кейін іске кірісуге болады. Ал мына істеп жатқаны рақымсыздық",- деді атақты тарихшы-археолог Алексей Гончаров.

Археологтардың наразылығынан кейін облыстық мәдениет басқармасы құрылыс жұмыстарының әзірге тоқтатылатындығын, бақылау алаңын салу туралы мәселе облыс әкімшілігінде шешілетіндігін хабарлады.

Бұрын хабарлағанымыздай, Шымкентте сәуірдің аяғында 1886 жылы салынған және жергілікті маңызы бар тарихи ескерткіш болып табылатын филормонияның ғимараты түгелдей бұзылған болатын. Бірнеше күн бұрын "Шымкент асары" тарихи-археологиялық ескерткіштің күзетілетін аумағында коммерциялық нысанның құрылысын салмақ болған (қазаншұңқыры қазылған).

Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны