27.07.2006, 16:59 3175

Арнайы комиссия ОҚО медициналық мекемелерінде тағы бірқатар санитарлық заң бұзушылықтарды анықтады

ШЫМКЕНТ. 27 шілде. Kazakhstan Today. Арнайы комиссия Ордабасы және Арыс аудандарындағы медициналық мекемелерде санитарлық және дезинфекциялық тәртіптің ескерілмейтіндігін, сондай-ақ, жабдықтарды стерилдеу ережесі сақталмайтындығын анықтады. Бұл туралы комиссия төрағасы - облыс әкімінің орынбасары Мұқан Сағындықов мәлімдеді.

"Біз бірқатар заң бұзушылықтарды анықтадық", - деді ол. Денсаулық сақтау департаментінің директоры Нұрсұлу Тасмағамбетованың атына хат жолданды, ол тиісті шара қолданылатынын, тіпті құралдарды стерилдеу ережесін бұзған және санэпидтәртібі сақталмаған медицина мекемелерінің бас дәрігерлерін қызметтен босатуға дейін баратынын мәлімдеді.

М. Сағындықов, облыстық СПИД орталығының, санэпидқадағалау және денсаулық сақтау департаменті мамандарынан кұралған арнайы комиссия тамыз айының соңына дейін облыстағы барлық медицина мекемесін жіті тексеретін болады деп атап өтті.

Қатаң тексеру 15 баланың ВИЧ инфекциясын жұқтыруына байланысты жүргізілуде. Бүгінгі таңда алты бүлдіршіннің диагнозы расталды.

Қазіргі кезде, қатерлі дертке шалдыққан балалар ем қабылдаған ауруханаларда емделген бес жасқа дейінгі бүлдіршіндердің тізімі жасалуда. Облыстық денсаулық сақтау департаменті алқасының шешіміне сәйкес, ата- аналарға балаларын ВИЧ инфекцияға тексеруден өткізу ұсынылады. Сондай- ақ алқа шешімінде, облыстық және қалалық балалар ауруханасының, перзентхана т. б. медицина мекемелері қызметкерлерін ВИЧ инфекциясына тексеруден өткізу туралы айтылған.

"Мұнда бір заң шырмауы бар", - дейді М. Сағындықов. "Себебі, бұл мәселе денсаулық сақтау Министрлігінің осы ауруға тексеруден өту құпиялылығы және еріктілігі туралы бұйрығымен қиыспайды. Олар біздің үстімізден сотқа шағымдана қоймас, солай болуы да ықтимал. Соған қарамастан дәрігерлерді тексеру басталды", - деді ол.

Кесел жұқтырған балалардың бәрі ауруханадан шығып диспансерлік есепке алынды. Бүлдіршіндер дәрігерлердің бақылауында.

М. Сағындықовтың айтуынша, әзірге ата-аналар медицина мекемелерінен, әкімшіліктен не соттан көмек сұраған жоқ. "Біз олармен кездесіп, тиісті жәрдем көрсетуге дайынбыз. Егер, материалдық көмек керек болса, сот шешіміне сәйкес, төтенше жағдайлар жолымен өтемақы төлейміз", - деді ол.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны