22.06.2015, 12:57 3379

"Артемдегі" төбелеске қатысты алып-қашпа әӊгiме таратқандар жауапқа тартылады - ҚР Ішкі істер министрі

Астанадағы "Артем" сауда орталығында орын алған төбелеске қатысты алып-қашпа әӊгiмелердi таратқандар қылмыстық жауапкершiлiкке тартылады. Бұл туралы бүгiн Орталық коммуникациялар қызметiнде өткен баспасөз мәслихатында ҚР Iшкi iстер министрi Қалмұханбет Қасымов мәлiм еттi

Астана. 22 Маусым. Kazakhstan Today - Астанадағы "Артем" сауда орталығында орын алған төбелеске қатысты алып-қашпа әӊгiмелердi таратқандар қылмыстық жауапкершiлiкке тартылады. Бұл туралы бүгiн Орталық коммуникациялар қызметiнде өткен баспасөз мәслихатында ҚР Iшкi iстер министрi Қалмұханбет Қасымов мәлiм еттi, деп хабарлайды Kazakhstan Today агенттігініӊ тілшісі.

"Интернетте тараған ролик қоғам арасында үлкен дүрлiгу туғызғаны мәлiм. Оған 1985 жылы туған Лаура Баймұлданова атты азаматша себеп болды. Былтыр 2-шi топ мүгедектiгін алған, үш баласы бар, күйеуімен айырылысқан, Алматы түбiндегi Қалқаманда тұрады, қайыр сұраумен айналысады, балаларын да соған үйретiп жүр. Алматыда үш рет қайыр сұрау, адамдарды мазалау фактiлерi бойынша жауапкершiлiкке тартылған. Өзбекстан азаматшасымен бiрге Астанаға 16:40 сағатта келген және кешке "Артем" сауда үйiне "жұмысқа" шыққан. Ирине, қауiпсiздiк қызметкерлерi оны кiргiзбеген. Ол бұл жұмысты жақсы бiледi, психологиялық тұрғыда мықты қаруланған, бiрден шу шығарған. Келушiлердiӊ назарын өзiне аударған. Полиция шақыртылды", - дейдi министр, деп хабарлайды inform.kz тілшісі.

Қ. Қасымовтыӊ айтуына қарағанда, аталмыш фактi бойынша үш қылмыстық iс қозғалды.

"Бiрiншi iс "Артемнiӊ" қауiпсiздiк қызметкерлерiне қатысты, олардыӊ тарапынан өз құзыретiн асыра қолдану болғанын, болмағанын анықтау үшiн. Ол бойынша бiз барлығын тергеймiз, заӊдық бағасын беремiз. Екiншi iс шудан әсерге берiлiп, қауiпсiздiк қызметкерлерiне дене жарақаттарын салмақшы болған тұлғаларға қатысты. 18 адам ұсталған еді. Олардыӊ бiр бөлiгi мас күйде болды. Екеуiне қатысты айып тағылды. Кейiн де анықтауды жалғастыра беремiз. Бiзде бейнекамералардан айғақтар жетедi. Үшiншi мәселе - жоғарыда аталған әйелге қатысты болмақ. Оны бiз жауапкершiлiкке тартамыз. Бiзде адамдарды мазалау бойынша жаӊа жауапкершiлiк қарастырылған. Оны жауапкершiлiкке тартатынымыз сөзсiз. Айта кеткiм келедi, ешкiм жарақат алған жоқ, материалдық шығын да болмады, базар iстеп тұр", - деп атап өттi Қ. Қасымов.

Сонымен қатар, министрдiӊ мәлiм еткенiндей, төбелеске қатысты алып-қашпа әӊгiмелердi таратқандар қылмыстық жауапкершiлiкке тартылады.

"Тағы қосатыным бар, интернетте неше түрлi алып-қашпа әӊгiмелер өрбiдi - мен өзiм көрдiм, күзет қызметкерлерi әйелдi жолға итерiп жiберген, оны көлiк басып, оқиға орнында мерт қылды деген. Бiз ол кiсiнi анықтадық, негiзiнде ол алкогольдiк iшiмдiкке құмар адам болып шықты. Оны қылмыстық жауапкершiлiкке тартамыз. Екiншiсi интернетте ұлттық араздық тудыратын жаӊсақ әӊгiме таратқан. Ингуш күзет қызметкерлерi бейшара қазақ әйелiн ұрып жiберген деген сықылды әӊгiмелердi шығарған. Бұл мәселеде ұлттық мәселенi қозғаған. Оған қатысты қылмыстық iс қозғалды. Оныӊ сөзiне қарағанда, ол интернеттен тауып, кейiн жазған. Бiрақ бiздiӊ мамандар ондай ақпараттарды таппады. Оған да айып тағылады", - дейдi министр.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны