25.06.2019, 23:41 42403

Арыс қаласындағы төтенше оқиға, жедел штабтың жұмысы және Арысқа көмек

АРЫСТЫҚТАР ҮШІН "ТҮРКІСТАН" КОРПОРАТИВТІК ӘЛЕУМЕТТІК ДАМУ ҚОРЫНА 213 МЛН. ТЕҢГЕ АУДАРЫЛДЫ

Нұр-Сұлтан. 25 маусым. Kazakhstan Today - Арыс қаласындағы төтенше оқиға қалай болды?

Ағымдағы жылдың 25 маусым күні сағат 11-де Арыс қаласындағы 44859 әскери бөлімінің аумағында өрт ошағы жалғасуда (ә/б аумағы 2700 га құрайды, онда 89 оқ-дәрі қоймасы орналасқан, сақтау орындарының ауданы 150 мың шаршы метрден астам.)

ТЖ салдарын жоюға жеке құрамнан 36 адам және 40 бірлік техника жұмылдырылды. Аталған оқиға бойынша мониторинг жүргізіліп, іс бақылауға алынған. Дегенмен, Арыс қаласының 7600 тұрғын үйінің әйнектері сынған, 80-85% үйлердің шатырына зақым келген.

Қала аумағын түні бойы Ұлттық ұланның 580 жауынгері мен 345 полиция қызметкері күзетті. Олар қарақшылық фактінің алдын алып, 3 жергілікті тұрғынды ұстады.

Облыс денсаулық сақтау басқармасының мәліметтеріне сәйкес, зардап шеккендер саны 60 адамды құрады. Бұл көрсеткіш әлі де нақтылануда.

Зардап шеккендерге көмек көрсету үшін облыс әкімдігі жанындағы "Түркістан" әлеуметтік даму Корпоративтік қорының шоты ашылды.

Арыс қаласының тұрғындарына қаржылай көмек қолын созамын дейтін азаматтар үшін "Түркістан" корпоративтік әлеуметтік даму қорында арнайы есеп-шот ашылды.

"Түркістан" корпоративтік әлеуметтік даму қоры реквизиттері:

Түркістан облысы

Түркістан қаласы, Кызылорда тас жолы , 34 А ғимараты,

Пошта индексі 161200

БСН (БИН) 100440016000

"ForteBank" АҚ Түркістан қаласындағы филиалы

ЖСК (ИИК) KZ7196528F0007014540

БСК (БИК) IRTYKZKA

Осы есеп-шот жариялана салысымен Арыс жұртшылығына қайырымдылық жасауды жөн көрген азаматтар бірден іске кірісті. Қазір арыстықтарға көмектескісі келетін кез келген азамат жоғарыдағы есеп-шотқа ақша аудара алады.

Бүкіл ел бойынша Шымкент қаласында орталықтандырылған жинау және қайта бөлу үшін гуманитарлық көмек жинау жүріп жатыр. Арнайы пункт ашылды, мекен-жайы: Шымкент қаласы, Абай ауданы, Ынтымақш/а, құрылыс 592/3, блок №7. Бұл біздің қойма (байланыстағы тұлға Нурсаин 8 705 888 -78-28).

МЕМЛЕКЕТ БАСШЫСЫ АРЫСТАҒЫ ЖАҒДАЙМЕН ТАНЫСЫП, ТИІСТІ КӨМЕКТІ КҮШЕЙТУДІ ТАПСЫРДЫ

Арыс қаласындағы төтенше жағдайға қатысты Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев оқиға орнына келіп, жағдаймен танысты.

Ел басшысына жағдайды баяндаған облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев арнайы штаб құрылып, қала тұрғындарының жаппай көшірілгенін хабарлады.

Арыстағы жарылыстан кейін қаланы толықтай облыс әкімінің өзі аралап шыққан. Атап айтқанда, балалар бақшасы, қалалық аурухана, аудандық ішкі істер бөлімі ғимараты, тұрғын үйлерді өз көзімен көріп, келтірілген шығынды есептеуді тапсырды.

Жақын орын тепкен ауылдық округтер мен аудан орталықтарында 15 эвакуациялық бөлімшелер ашылды. Эвакуациялық бөлімшелерінде тіркелген адам саны - 2218. Зардап шеккендер ас-ауқатпен және уақытша баспанамен қамтамасыз етілді.

Түркістан облысы әкімінің орынбасары Қосман Айтмұхамбетовтың басшылығымен Ордабасы ауданы, Ақжол ауылындағы Жамбыл атындағы орта мектепте және Арыс қаласында қала әкімі Мұрат Қыдырбековтың басшылығымен екі штаб ашылды. Штаб құрамына облыс және қала әкімдігінің басқармалары мен жедел қызмет жұмылдырылды.

Сондай-ақ Ордабасы және Отырар аудандарында 2 госпиталь да жұмыс істеуде.

Соңғы мәліметке сәйкес, Арыс қаласында зардап шеккендер саны 52-ге жетті. Оның 34-і ауруханаға жеткізілді. Үш адам ауыр жарақат алса, бір адам қайтыс болды.

Бөген суқоймасы үнемі бақылауда болғандықтан, одан келер қауіп жоқ.

Қазіргі таңда арыстықтарға көмек көрсету мақсатында, облыс әкімдігі жанындағы "Түркістан" әлеуметтік даму корпоративтік қорының есеп-шоты ашылды.

Атап өтейік, Арыстағы жарылыс бойынша 24 маусым сағат 09:20-да өрт сөндіру қызметіне Арыс қаласындағы №44856 әскери бөлімнің қоймасында жарылыс болып, өрт шыққаны туралы хабарлама келіп түскен. Облыс әкімі Ө.Шөкеевтің басшылығымен шұғыл топ құрылып, Арыс қаласына барып тиісті жұмыстар жүргізілуде.

АРЫС: ЭВАКУАЦИЯ СӘТТІ ЖҮЗЕГЕ АСЫРЫЛДЫ

Арыстағы жарылыстан кейін Түркістан облысының әкімі Ө.Шөкеев әлеуметтік нысандар мен үйлерді өзі аралап, ғимараттардың жай-күйімен танысты. Атап айтсақ, жарылыстан зақым келген балабақша, қалалық аурухана, ішкі істер бөлімі және тұрғын үйлерді аралап көрді. Келтірілген шығын көлемі үкіметтік комиссия жұмысынан кейін анықталады.

Кеше, 2019 жылдың 24 маусымында сағат 10.00-де Арыс қаласындағы 3 орында жиналу бекеттері пункттері ашылды. Ақдала, 41 разъезд және Водозабор деп аталатын аумақтарға жиналған тұрғындарды әскери көліктер мен автобустар қауіпсіз аймақтарға көшірді. Жалпы саны 105 көлік жұмылдырылды. Эвакуациялау жұмыстары арқылы ауыр шығындардың алдын алуға мүмкіндік туды.

Арыс қаласында 45 мың тұрғын бар. "Бөген" суқоймасы қатаң бақылауда тұр және одан келер қауіп жоқ.

Төтенше жағдайға байланысты Ордабасы және Отырар аудандарында 2 госпитал жұмыс істеп тұр. Зардап шеккендердің көпшілігі Шымкент қаласында орналасқан облыстық аурухана және өзге де емханалардың көмегіне жүгінді. 70 адамға медициналық көмек көрсетілді. 2 адам қаза тапты.

Қала аумағын түн бойы ұлттық гвардияның 580 сарбазы мен 345 полиция қызметкері күзетті. Олар ұрлық-қарлықпен айналысып жүрген 3 адамды ұстады.

Бүгінде барша қазақстандықтар тарапынан көмек көрсету жөнінде ұсыныстар түсіп жатыр.

Өңірдің кәсіпкерлері төтенше жағдайдан зардап шеккендерге ақшалай және заттай көмек көрсетуге әзір екендерін айтты.

Зардап шеккендерге ұзақ мерзімге сақтауға жарайтын азық-түлік, ауыз су және үйлерін қалпына келтіруге арналған құрылыс материалдары қажет. Атап айтсақ, терезелер мен өзге де жабдықтар бойынша қолдау күтеді.

Бүгін жақын ауылдар мен аудандардан азық-түлік пен киімдер жеткізіліп жатыр. Мемлекеттік мекемелер бір күндік жалақыларын Арысқа аударуда. Облыс әкімі Арыс қаласы тұрғындары атынан қайырымды азаматтарға алғыс айтады.

Жедел штабтың және өзге де ынталы топтардың қызметі төтенше жағдай толық шешімін тапқанша жалғасады.

Төтенше жағдайға байланысты 22 қоныстандыру орны ашылды. Бұл орындарда 3566 адам бар. Оның 623-і - балалар. Көшірілген тұрғындар азық-түлікпен қамтамасыз етілген. Аудан, қала әкімдіктері жүктелген міндетке сай жұмыс атқаруда. Тұрғындарды эвакуациялық орындарға жеткізуін қадағалауда.

Қоныстандыру орталықтарының жұмысы төтенше жағдай толық шешімін тапқанша жалғасады. Қазіргі таңда Арыс қаласына кіру қауіпті. Жан-жағы қоршалған. Бұл мақсатта ҚР Ішкі әскерінің 1800 әскери қызметкері және 50 техника жұмылдырылған.

БАҚ ӨКІЛДЕРІ АРЫС ҚАЛАСЫНЫҢ ЖАҒДАЙЫМЕН АРНАЙЫ БАРЫП ТАНЫСТЫ

Арыс қаласында орын алған төтенше жағдайға байланысты өңір журналистеріне қаланың бүгінгі жай-күйімен танысу және өзге өңірлердегі халықтың алаңдаулы сауалдарына жауап беру мақсатында пресс-тур ұйымдастырылды.

Арыстың қазіргі жағдайын өз көзімен көруге 20-дан астам республикалық және өңірлік БАҚ-ның өкілдері мен әлеуметтік желі белсенділері арнайы келді.

Жарылыстан қираған нысандар мен зардап шеккен әлеуметтік нүктелерді аралату барысында журналистермен бірге Түркістан облысы полиция департаменті әкімшілік басқармасының басшысы, полиция полковнигі Алмасхан Тастанбеков және Түркістан облысы Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы азаматтық қорғау полковнигі Жунусов Нұрғали Сырлыбайұлы бірге жүріп, қысқаша мәлімет берді.

Нұрғали Сырлыбайұлының мәліметінше, қазіргі таңда 3566 адам, эвакуацияланса, 1946 адам эвакуациялық бөлімшелерінде орналастырылған. "Қалаға әзірге кіру мүмкіндігі жоқ, біз тек журналистер көзін жеткізу үшін нысанға кіргізуге рұқсат алдық. Себебі, бұл жерде қауіпті жағдай басылмаған, саперлер жұмыс жасауда", деп атап өтті Түркістан облысы Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы.

Сондай-ақ Түркістан облысы полиция департаменті әкімшілік басқармасының басшысы Алмасхан Тастанбеков қазіргі таңда 1000-ға жуық патруль қызметі жұмыс істеп жатқанын және қала бойынша 6 блокпост қойылғанын мәлімдеді.

Атап өтейік, ТЖ салдарын жоюға жеке құрамнан 36 адам және 40 бірлік техника жұмылдырылды. Аталған оқиға бойынша мониторинг жүргізіліп, іс бақылауға алынған. Дегенмен, Арыс қаласының 7600 тұрғын үйінің әйнектері сынған, 80-85% үйлердің шатырына зақым келген.

Қала аумағын түні бойы Ұлттық ұланның 580 жауынгері мен 345 полиция қызметкері күзетті. Олар қарақшылық фактінің алдын алып, 3 жергілікті тұрғынды ұстады.

Арыстың бүгінгі жай-күйін өз көзімен көрген журналистер фото-видеоға түсіріп, қалың бұқараға жеткізуде объективті ақпарат беретіндерін жеткізді.

АРЫС ҚАЛАСЫ МАҢЫНАН АРНАЙЫ ЖЕДЕЛ ШТАБ ЖҰМЫС ІСТЕУДЕ

Қазіргі таңда Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеевтің бастамасымен Арыс қаласындағы төтенше жағдайға байланысты Ордабасы ауданы Ақжол ауылында орналасқан Жамбыл атындағы мектепте арнайы штаб жұмыс істеуде.

Негізгі мақсат - бір орталықтан штабтың жұмысын үйлестіру, Арыс қаласы бойынша атқарылған жұмыстарды жоспарлау. Штабта қазір ҚР Қорғаныс министрі Н.Ермекбаев, облыс әкімі Ө.Шөкеев, облыс прокуроры Н.Әбдіров, аудан, департамент, басқарма басшылары бар. Сондай-ақ, полиция, қорғаныс, БАҚ қызметкерлерінен құралған топ тәулік бойы штабта жұмыс істеуде.

24 маусымда Арыс қаласындағы 3 орында жиналу пункттері ашылған болатын. Ақдала, 41 разъезд және Водозабор деп аталатын аумақтарға жиналған тұрғындарды әскери көліктер мен автобустар қауіпсіз аймақтарға көшіріп үлгерді. Жалпы саны эвакуациялау жұмыстарына 100-ден астам көлік жұмылдырылып отыр.

Қала аумағын тәулік бойы ұлттық гвардияның 580 сарбазы мен 345 полиция қызметкері күзетуде.

АРЫС: АРДАГЕРЛЕР КЕҢЕСІ ҮНДЕУ ЖАРИЯЛАДЫ

Бүгін Түркістан облысы және Шымкент қаласы ардагерлер кеңесінің мүшелері бас қосты. Шымкент қаласындағы ардагерлер үйінде жиналған 40-тан аса жуық абыз ақсақалдар 24 маусым күні Арыс қаласында орын алған төтенше жағдайға байланысты Қазақстан халқына Үндеу жариялады.

"Біз, ардагерлер қауымы, Сіздерді алдағы уақытта да осы сабыр мен ынтымақ - бірліктен ажырамауға шақырамыз. Әртүрлі жел сөз бен арандатуға ермеңіздер, жалған ақпараттар таратпаңыздар. Аз ғана сабыр етсек, бәрі оңалады, қалпына келеді. Біз, Түркістан облысы мен Шымкент қаласының, сондай-ақ бүкіл Қазақстанның халқың Арыс қаласын қалпына келтіруге, ондағы тұрғындардың қалыпты өмірге оралуына қолдан келгенше көмектесуге шақырамыз". Дана халқымыз "Жұмыла көтерген жүк жеңіл" дейді. Ел басына күн туған осынау қиын-қыстау кезеңде бәріміз бір үйдің баласындай, бір қолдың саласындай болып, жұдырықтай жұмыла әрекет жасайық. Бұл ісіміз өскелең ұрпаққа үлгі болсын!" делінген үндеуде.

Арыста орын алған жағдай - халқымыздың басына түскен сынақ екені анық. Осы тұста, өңір ардагерлері халқымызды сабырға шақыра отырып, ел басына туған ауыр жағдайдан ынтымақпен, имандылықпен, берекесі жараса әрекет етуге үндеді.

Басқосуда ардагерлер кеңесінің мүшелері, ел зиялылары О.Рахманбердиев, Б.Қонысбек, М.Байғұт, И.Тұрсынқұлов, Л.Бәшенов, Т.Әбдіқайымұлы сөз алып, қазіргі таңда уақытша бекеттерге жайғасқан арыстықтарға басу айтты. Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлының осы батыл әрекеттеріне, қиын сәтте танытқан қолдауы мен қамқорлығына Түркістан облысы мен Шымкент қаласының халқы дән риза екендіктерін жеткізді.

Сондай-ақ жиында Түркістан облысы мен Шымкент қаласының ардагерлері де Арыстағы ағайынға көмек қолын созу үшін, арнайы комиссия құрып, қаражат жинауды бастап кетті.

АРЫСТЫҚТАРҒА КӨМЕКТЕСЕЙІК, АҒАЙЫН!

Түркістан облысы, Арыс қаласындағы жағдай күллі қазақ елін алаңдатты. Мемлекет тарапынан тұрғындарды қолдау, қауіпсіз аймақтарға көшіру шаралары жүргізілді. Облыс әкімі Өмірзақ Шөкеевтің тапсырмасымен аудан, қалаларда тұрғындарды қабылдайтын орындар әзірленді.

Бауырмал қазақ халқы осынау қиын сәтте біркісідей жұмылып, мейірім мен бірліктің асқақ үлгісін көрсетіп жатыр. Қиын жағдайға тап болған Арыс қаласының тұрғындарына қалай көмектесеміз? Қалай қол ұшын соза аламыз? Осындай сұрақтармен шынайы ниетін білдіріп жатқан отандастарымыз өте көп.

Міне, осы сұрақтарға жауап беру мақсатында Түркістан облысы әкімдігінің ресми сайтында "Арыс - көмек" деген арнайы блог ашылды. Арыс қаласындағы жарылыстан кейін жақынын, баласын жоғалтқандар осы сайтқа кіріп, мәлімет ала алады. Сонымен бірге туған-туысын іздеген азаматтар [email protected]эл.поштасына бар мәліметті жолдай алады.

Сонымен бірге қаржылай көмек қолын созамын дейтін азаматтар үшін "Түркістан" корпоративтік әлеуметтік даму қорында арнайы есеп-шот ашылды.

"Түркістан" корпоративтік әлеуметтік даму қоры реквизиттері

Түркістан облысы

Түркістан қаласы, Кызылорда тас жолы , 34 А ғимараты,

Пошта индексі 161200

БСН (БИН) 100440016000

"ForteBank" АҚ Түркістан қаласындағы филиалы

ЖСК (ИИК) KZ7196528F0007014540

БСК (БИК) IRTYKZKA

Осы есеп-шот жариялана салысымен Арыс жұртшылығына қайырымдылық жасауды жөн көрген азаматтар бірден іске кірісті. Қазір арыстықтарға көмектескісі келетін кез келген азамат жоғарыдағы есеп-шотқа ақша аудара алады.

Бүгін белгілі шымкенттік кәсіпкер-меценат Қайрат Молдасейітов Арыстағы тұрғындар мұқтаждығы үшін 10 млн. теңге аударды. Ол өзге де кәсіпкерлерді игілікті іске шақырды.

Ендеше, осы сәтте Арыстағы халыққа қолдау көрсетіп, жомарт жүрек танытайық, ағайын. Бұл қиындықты күллі алаш жұрты болып бірге жеңеміз!

ЖАРЫЛЫСТАН ЖАПА ШЕККЕНДЕРГЕ КӨМЕК КӨРСЕТТІ

Түркістан облысы кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасы, "Оңтүстік" АИО және "Палантрейд" компаниясы бірлесе отырып, Арыс қаласындағы жарылыстан жапа шеккендерге көмек көрсетті. Аталған мекемелер арыстықтарға 4000 дана консерві және тушенка жөнелтті.

Сондай-ақ оқиға орнына жанар-жағармай толы бензовоз көлігін аттандырды.

Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі

Кешеден бері Арыстағы жойқын жарылыс кезінде жоғалған балалардың суреттері мен бейнелері әлеуметтік желілерде таралып кеткені белгілі. Бұл жайттар бойынша Түркістан облысы Полиция департаменті ресми түрде мәлімдейді, эвакуация кезінде ешқандай жоғалған бала саны туралы ақпарат қалалық және аудандық полиция бөлімдеріне келіп түспеген.

"Жоғалды"- деп желіде таралып жатқан бейнелер, эвакуация кезінде қауіпсіз аймаққа жеткізілуі үшін көліктерге мінгізілген балалар. Олар кешкі уақытқа дейін ата-аналарымен қайта қауышты. Сондықтан жалған мәлімет таратудан сақ болыңыздар!

ТО ПД-нің баспасөз қызметі

Ұлттық тасымалдаушы Арыстағы оқиғаға байланысты жедел шаралар ұйымдастыруда

Түркістан облысы Арыс қаласындағы болған төтенше оқиғаға байланысты "Жолаушылар тасымалы" АҚ-ы "Шымкент - Арыс - Темір" және "Сарыағаш - Арыс - Шымкент" жол торабындағы жолаушылардың қауіпсіздігі үшін атқарылған шаралар туралы хабарлайды.

Жедел штаб құрылып, арнайы режимде жұмыс істеуде. 7 ірі стансада- Шымкент, Түркістан, Түлкібас, Тараз, Шу, Шиелі, Қызылода да 20 жолаушылар пойызы тоқтатылып, 8 121 жолаушыға жағдай жасалды. Олар вокзал кешендеріне көшіріліп, ауыз су, тамақпен қамтамасыз етілді. Жолаушылардың талабы бойынша жол жүру ақысы қайтарылады.

Аталмыш барша вокзалдарда тәулік бойы кезекшілік ұйымдастырылып, керекті ақпарат таратылуда .

Түркістан, Жамбыл және Қызылорда облыс Әкімдіктерімен біріге отырып қала маңына автокөлікпен 1500 жолаушы тасымалданды.

Сондай-ақ, Түркістан -Маңғыстау, Ақтөбе, Саратов және Шымкент-Тараз, Алматы бағыттары бойынша жүретін 2000 жолаушы автокөлікпен Түркістан пен Шымкент арасында тасымалданды.

Және де Қызылорда -Сексеуіл арасында №42 Атырау-Алматы пойызының 430 жолаушысын жеткізу үшін 14 вагон қосымша тіркелді (5 купе, 7 пл, 1 СВ).

Жалпы Тараз, Шымкент, Түркістан арасында 8 мыңнан астам жолаушы автокөлікпен тасымалданды.

Ұлттық тасымалдаушы өз жолаушыларына түсінушілікпен қарағанын жеткізеді. Барша керекті ақпаратты 105 бірыңғай анықтама қызметінен ала аласыздар.

"Жолаушылар тасымалы" АҚ баспасөз орталығы

Қазақстан Республикасы ҰҚК Шекара қызметі Арыс тұрғындарына бір күндік еңбекақысын аударады.

Түркістан облысының Арыс қаласында болып жатқан оқыс оқиға бірде-бір шекарашыны бейтарап қалдырмады. Осыған байланысты ҚР ҰҚК Шекара қызметінің бүкіл жеке құрамы бір ауыздан, бір күндік еңбекақы көлемінде қаржылай көмек беру туралы шешім қабылдады.Жиналған қаржы Түркістан облыстық Әкімшілігі жанындағы "Түркістан" корпоративтік әлеуметтік даму қорына аударылатын болады.

ҚР ҰҚК ШҚ баспасөз қызметі

Еліміздің полицейлері біркүндік еңбекақыларын Арыс тұрғындарына аударады

ІІМ-нің басшысы Ерлан Тұрғымбаевтың Арыс қаласындағы оқиғадан зардап шеккендерге көмек көрсету туралы бастамасына еліміздің ішкі істер органдарының қызметкерлері қолдау көрсетті.

Ішкі істер министрлігінің жеке құрамы және аумақтық бөліністері қаладағы төтенше жағдайдың салдарынан зардап шеккендерге көмек қорына біркүндік еңбекақыларын аударады.

Қазақстан Республикасы ІІМ баспасөз қызметі

Қазақстандық газ саласы қызметкерлері Арыс қаласының тұрғындарына біркүндік еңбек ақысын аударады

Ұлттық оператор "ҚазТрансГаз" АҚ компаниялар тобының қызметкерлері алапат жарылыстан зардап шеккен Түркістан облысы Арыс қаласының тұрғындарына көмек ретінде өздерінің бір күндік еңбек ақысын аудару туралы шешім қабылдады. Газ мамандары жинаған көмек қаржы көлемі 120 млн теңгеден асады.

Отандық газ саласы мамандары мұндай қасірет бірде-бір жанды бей-жай қалдырмайтынын және осындай ауыр кезеңде отандасына көмек қолын созу - әрбір қазақстандықтың азаматтық парызы деп санайды.

Бір күндік еңбек ақысын аудару туралы шешімді "ҚазТрансГаз" АҚ өңірлердегі компанияларының ұжымдары бір ауыздан мақұлдады.

"ҚазТрансГаз" АҚ баспасөз қызметі

"Арыспен біргеміз": елордалық дәрігерлер Арыс қаласындағы тұрғындарды қолдау мақсатында қаражат бөлді

Арыс қаласындағы ахуалды жағдай бүкіл ел үшін ортақ қайғы. Қазақстан бойынша гуманитарлы көмекпен қатар, Арыста болған жарылыстардан зардап шеккендерге медициналық-әлеуметтік көмек көрсетілуде.

Арыс тұрғындарына гуманитарлы көмек көрсету мақсатында Нұр-Сұлтан қаласының Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы "Түркістан" әлеуметтік даму корпаративті қорына қаражат бөліп, жолдады. Аталған сомма Басқарма қызметкерлері мен қалалық клиникаларының медициналық қызметкерлерінің біркүндік жалақысынан жиналған қаражат.

Сондай-ақ, барлық елордалық медициналық ұйымдар мен медициналық қызметкерлер отандастарымызға жедел медициналық қызмет көрсетуге толықтай дайын екенін хабарлаймыз. Осылайша, қазіргі таңда Шымкент қаласы мен Түркістан облысында мекен етіп жүрген Арыс қаласының зиян шеккен тұрғындарына медициналық көмек көрсету мақсатында 4 мультидисциплинарлы топ аттанады. Әр мобильді топ елорданың 7 білікті маманнан: реаниматолог, хирург, нейрохирург, травматолог, акушер-гинеколог, терапевт и педиатр-дәрігерден құрылған. Сонымен қоса, жарылыс салдарынан зиян тартқандарға психологиялық көмек көрсетіледі.

-Түркістан облысы, Арыс қаласындағы болған қайғылы оқиғаға бәріміз қатты әбіржіміз. Елорда дәрігерлері керек деген барлық медиицналық көмекті көрсетуге даяр. Сондай-ақ, Басқарма қызметкерлері мен қалалық клиникаларының медициналық қызметкерлерінің біркүндік жалақысынан жиналғанқаражатты"Түркістан" әлеуметтік даму корпаративті қорына жіберілді. Біз - бір отбасы, сол себепті, осындай қиын жағдайда бәріміз бірігіп, қол ұшын созумыз керек", - деді Басқарма басшысы Марат Шоранов.

АРЫСТЫҚТАР ҮШІН "ТҮРКІСТАН" КОРПОРАТИВТІК ӘЛЕУМЕТТІК ДАМУ ҚОРЫНА 213 МЛН. ТЕҢГЕ АУДАРЫЛДЫ

Арыстағы оқиға қоғамды ізгілік жолында біріктірді. Облыстан ғана емес, еліміздің түкпір-түкпірінен отандастарымыз арыстықтарға көмек қолын созуда. Кеше, 2019 жылдың 24 маусымында Түркістан облысында "Түркістан" корпоративтік әлеуметтік даму қорында арнайы есеп-шот ашылған болатын.

Екі күн ішінде аталған қорға республикамыздың түкпір-түкпірінен отаншыл және жомарт жүректі азаматтар қаржыларын аударып жатыр. Мемлекеттік мекемелер, жеке компаниялар және көптеген ұжымдар тарапынан қаржылай және гуманитарлық көмектер жолдануда. Бүгінгі, яғни, 25 маусымдағы мәлімет бойынша қорға түскен қаржы көлемі 213 млн. теңгеге жетті.

"Түркістан" корпоративтік әлеуметтік даму қоры реквизиттері:

Түркістан облысы

Түркістан қаласы, Кызылорда тас жолы , 34 А ғимараты,

Пошта индексі 161200

БСН (БИН) 100440016000

"ForteBank" АҚ Түркістан қаласындағы филиалы

ЖСК (ИИК) KZ7196528F0007014540

БСК (БИК) IRTYKZKA

Карта "Halyk Bank": 4031 6708 2224 4526 (Kaspi Bank-тің жүйесі бойынша ақша аударуға мүмкіндік қарастырылған)

Арыстықтарға көмектескісі келетін кез келген азамат жоғарыдағы есеп-шотқа ақша аудара алады.

Әсіресе, Шымкент қаласы әкімдігі және тұрғындары тарапынан айрықша қолдау көрсетілуде. Шымкент қаласында арыстықтар үшін материалдық және гуманитарлық көмектерді қабылдайтын бекеттер ашылды. Олар Абай ауданы, "Ынтымақ" шағынауданындағы 592/3 көліктік логистикалық орталықта және Н.Назарбаев даңғылындағы "Көрме" орталығында орналасқан.

Қазіргі таңда аталған бекеттерге Қарағанды облысынан 3 тонна азық-түлік және тұрмыстық заттар жеткізілді. Жамбыл және Қызылорда облыстарынан гуманитарлық көмек келе жатыр. Сонымен бірге жеткізілген жүкті, азық-түлік пен көмекті Түркістан облысы мен Шымкент қаласында орналасқан қабылдау орталықтарына бөлу жұмыстары жүргізілуде. Бұл жұмыстарға еріктілер тартылған.

Түркістан облысы әкімдігінің бастамасымен құрылған қорға түскен қаржы жарылыстан зардап шеккен Арыс қаласының тұрғындарының мұқтаждығы үшін жұмсалады.

Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі

КӘСІПКЕРЛЕР ҚҰНЫ 25 МЛН. ТЕҢГЕ БОЛАТЫН ДӘРІ-ДӘРМЕКТІ ТЕГІН ҰСЫНДЫ

Кәсіпкерлер Арыс қаласындағы төтенше жағдайдан зардап шеккен азаматтарға көмек ретінде тегін дәрі-дәрмектерін ұсынды. Дәрілік препараттардың жалпы құны 25 млн. теңгені құраған. Бұл туралы төтенше жағдайдың зардаптарын жою штабында Түркістан облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасын бақылау департаментінің басшысы Нұрбек Нышанов БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында мәлімдеді.

"Қазіргі таңда "Еврофарма", "Зерде", "№5 аптека", "Экофарма", "Асылфарм", "Мұратфарм" мекемелері дәрі-дәрмектерін тегін беріп, қайырымды іс жасап отыр. Бұл негізінен алғашқы медициналық көмек көрсетуге арналған түрлі препараттар. Дәрілер Арыс қаласында орын алған жарылыстан зардап шекен азаматтарға емдеу жұмыстарын жүргізіп жатқан ауруханалар мен эвакуацияланған пунктерге жеткізілді", - деді Нұрбек Нышанов.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Мұқан Егізбаев игі іске мұрындық болған азаматтарға алғысын білдірді. Оның сөзінше, ауруханаларда жатқан аурулар 100 пайыз тегін дәрі-дәрмекпен қамтылған.

Айта кетейік, 70 адам түрлі дене жарақаттарымен ауруханаға жатқызылған. Оның 4-еуі ауыр халде жеткізілген. Барлық науқастың жағдайы бақылауға алынған. Шымкент қаласы мен Жамбыл облысынан қосымша медициналық жедел жәрдем жұмылдырылды. Одан бөлек, республикалық санитарлық авиациямен келген дәрігерлер қызмет көрсетуде.

Денсаулық сақтау министрлігінің қызметкерлері Арыстағы жарылыстан зардап шеккендерге көмек ретінде бір күндік жалақысын аударды

Түркістан облысы Арыс қаласында болған төтенше жағдайдан жапа шеккен тұрғындарға қолдау көрсету мақсатында еліміз бойынша "Арыс, біз біргеміз" атты қайырымдылық акциясы жүріп жатыр.

ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің орталық аппарат қызметкерлері мен ведомствоға қарасты ұйымдар, еліміздегі дәрігерлер де қайырымдылық шараға атсалысып, оларға қолдау ретінде бір күндік еңбекақысын аударды.

"Біз, медицина қызметкерлері осындай қиын-қыстау жағдайда отандастарымызға қолдау білдіргіміз келеді", - деді ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов.

Министрдің айтуынша, министрлік пен ведомствоға қарасты ұйымдардың басшылары жарақат алған азаматтарға медициналық көмек көрсету үшін барлық жағдай жасайды.

Қазір Арыс, Түркістан, Кентау және Шымкент қалаларынан, Ордабасы ауданынан жалпы 22 жедел медициналық жәрдем бригадасы жұмылдырылды. Оқиға орнына Жамбыл облысынан қосымша 4 бригада жіберілді. Жамбыл және Қызылорда облыстарында тағы 12 бригада төтенше жағдай болса қалса шұғыл әрекет етуге әзір тұр.

Сонымен қатар, санитарлық авиация желісі бойынша травматолог, реаниматолог, комбустиологдан құралған екі мультидисциплинарлық бригада да жұмыс істеуде. Жамбыл және Қызылорда облыстарындағы ЖМК 16 бригадасы көмекке келді. Қажет болған жағдайда, науқастарды жедел тасымалдау үшін 2 санитарлық авиация тікұшағы дайын.

Жарылыстан зардап шеккендерге медициналық көмекті ұйымдастыру ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің бақылауында.

Ақпаратты пайдаланѓан жаѓдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігініњ материалдарына авторлық қ±қық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны