09.07.2019, 09:35 31139

Арыста 3,5 мың құрылысшы 7 мыңға жуық үйді жөндеп жатыр

Қазіргі таңда әскери қоймадан оқ-дәрілер көшіріліп жатыр. Қаладан 60 шақырымдай аумақтағы арнайы полигонда оқ-дәріні жою жұмыстары жүреді. Сондықтан кейде сағат 9 бен 18.00 аралығында бірді-екілі жарылыс дауысы естілуі мүмкін. Бірақ тұрғындарға жағдай толық бақылауда әрі қауіпсіз екенін айтқым келеді. Алаңдауға негіз жоқ", - деді ол.

Нұр-Сұлтан. 9 шілде. Kazakhstan Today - Арыс қаласында атқарылып жатқан жұмыстар мен мәліметтер шынайы әрі ашық болуы керек. Облыс әкімі аппаратының кезекті селекторлық жиынында өңір басшысы Өмірзақ Шөкеев осылай деді. Қорға аударылған қаржы мен мемлекет тарапынан берілетін әрбір қаражат та қоғам назарында болады.

"Әрине, қысқа мерзімде қаланы қалпына келтіру оңай емес. Мемлекет тарапынан қолдау көрсетіліп, ауқымды жұмыстар атқарылып жатыр. Бірақ әлі де елді арандатқысы келетіндер бар. Солармен жеке жұмыс жүргізілсін. Әрбір салаға жауапты басшылар, әсіресе, әскерилер мен өзге де құзырлы органдар ақпаратты ашық әрі уақтылы беріп тұрсын. Сонда ғана іс алға басады. Кейбір жігіттер әлі қорқыныштан арыла алмай жүр. Үрейден арылып, іске кіріскен жөн. Арыста тіркелген әрбір адамға 100 мың теңге беріледі, үйлері жөнделеді. Ешкім қолдаусыз қалмайды", - деген өңір басшысы барлық жауапты басшылар мен мамандарға жұмысты күшейтіп, сапалы әрі уақтылы аяқтауды тапсырды.

ҚР Қорғаныс министрлігі бас штабының бірінші орынбасары Р.Шпекбаевтың айтуынша, әскери мамандардан құралған 42 топ Арыстың маңындағы 10 шақырым аумақты түгел тексеріп, оқ-дәрілерден тазартып шыққан.

"Саперлар Арыс қаласымен бірге Ақдала, Дермене ауылдарын тексеріп шықты. Мамандарымыз барлық аумақты бақылап отыр. Қазіргі таңда әскери қоймадан оқ-дәрілер көшіріліп жатыр. Қаладан 60 шақырымдай аумақтағы арнайы полигонда оқ-дәріні жою жұмыстары жүреді. Сондықтан кейде сағат 9 бен 18.00 аралығында бірді-екілі жарылыс дауысы естілуі мүмкін. Бірақ тұрғындарға жағдай толық бақылауда әрі қауіпсіз екенін айтқым келеді. Алаңдауға негіз жоқ", - деді ол.

Ал Түркістан облысының полиция департаментінің бастығы Қайрат Дәлбеков елді арандату, жалған ақпарат тарату, заңсыз шеруге шығу деректері бойынша 10 адам ұсталып, түсіндіру және тергеу жұмыстары жүргізілгенін мәлімдеді. 4 қылмыстық іс қозғалған.

Облыс әкімінің кеңесшісі Ұласбек Сәдібеков барлық секторлар мен штабтарда тұрғындардың талап-тілегі тыңдалып жатқанын жеткізді. Гуманитарлық көмек уақтылы таратылып, үйлері жарамсыз күйге түскен отызға жуық отбасымен кездесу өткенін, қолдау көрсетілгенін айтты.

Облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев тұрғындармен тиісті жұмыс жүргізіп, олардың мәселелерін тыңдау, шешу жөнінде тапсырма берді. Сондай-ақ Арыс қаласының зиялы қауымы мен белсенді азаматтарын, жергілікті атқарушы орган мен депутаттарын, ақсақалдарын да белсенді болуға шақырды.

Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі

АРЫСТА 3,5 МЫҢ ҚҰРЫЛЫСШЫ 7 МЫҢҒА ЖУЫҚ ҮЙДІ ЖӨНДЕП ЖАТЫР

Бүгін Арыс қаласында атқарылып жатқан жұмыстар, қаланың қазіргі жай-күйі туралы брифинг өтті. Жиында шаһар басшысы Мұрат Қадырбек құрылыс жұмыстары талапқа сай жүргізіліп жатқанын мәлімдеді.

"Арыс қаласы күнделікті қалыпты өмірге оралып келеді. 3 мыңнан астам құрылысшы жұмыс істеп жатыр. Олардың арасында жергілікті тұрғындар тартылған. Қазіргі таңда 340-тай үй жөнделді. Үкімет тарапынан Арыстың әрбір тұрғынына 100 мың теңге беру жөнінде қаулы қабылданған болатын. Қазірдің өзінде арыстықтардың 90 пайыздан астамы осы көмекке құжат тапсырды. Таяуда барлық тұрғынның құжаты жиналады, яғни, бұл жұмыс аяқталуға жақын тұр", - деді ол.

ҚР Қорғаныс министрлігінің өкілі Қайыргелді Хусаинов қала аумағы мен әскери қоймадан 20 шақырым радиус қашықтықта тексеру, тазалау жұмыстары жүргізіліп жатқанын, радиация қаупі жоқ екенін баяндады. Сонымен бірге қаладан 60 шақырым қашықтықта оқ-дәрілердің жарылмаған жалғыз бөлшектерін жою бойынша жоспарлы жұмыс атқарылуда. Сағат таңғы 9 бен 18.00 аралығында жарылыс дыбыстары естілуі мүмкін және ол тұрғындар үшін қауіпсіз екенін жеткізді.

Ал Түркістан облысы полиция департаменті әкімшілік басқармасының басшысы Алмасхан Тастанбеков қала аумағында тәртіп сақшылары тұрақты жұмыс жүргізіп жатқанын, тұрғындардың құқығын қорғау және қоғамдық қауіпсіздікті сақтау бағытында жұмыстар жолға қойылғанын атап өтті. Тұрғындарға жалған ақпарат тарату және арандату бойынша 10 адам тергелгенін, дәлелсіз дерек тарату қылмыс екенін және мұндай қылмысқа барғандар заң алдында жауап беретінін айтты.

Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі

АРЫСТА 340 ҮЙДІҢ ЖӨНДЕУ ЖҰМЫСЫ АЯҚТАЛДЫ

Бүгін Арыста облыс әкімі аппаратының кезекті селекторлық жиынында Арыс қаласын қалпына келтіру жұмыстары талқыланды.

Бүгінде қаладағы 8371 баспана алынып, оның 6977-сі жөнделетін болды. Оның ішінде 149 үй басынан салынады. Бұл сандар өзгеруі де мүмкін. Қазіргі таңда 340 үйдің құрылыс жұмысы толық аяқталып, иелеріне тапсырылған.

"Арыста 2194 үйді қалыпқа келтіру жұмысы қызу жүріп жатыр. Қалған 4500-ден астам баспананың жұмыстары осы аптада басталады. Жалпы бұл жұмыстарға 168 мердігер компания құрамында 3531 құрылысшы тартылған. Барлық секторларды күн сайын аралап, тұрғындардың талап-тілегін тыңдап жүрміз", - деді ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму бірінші вице-министрі Қ.Өскенбаев. Облыс басшысы осы орайда өңір xалқын қажетінше тартып, әрі жұмыспен қамтуды да тапсырды.

Арыстағы зақымданған 66 әлеуметтік нысанның 62-сінде "Самұрық-Қазына" қоры жөндеу жұмыстарын бастады. Мұның 54-ін білім ғимараттары құрайды. Бұлар да жаңа оқу жылына толық аяқталуы тиіс. Сонымен бірге "Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасы зардап шеккен 456 кәсіпкерлік нысанды қалпына келтіру шараларына кірісіп кетті.

Өңір басшысы Өмірзақ Шөкеев құрылысты жоспардан кешеуілдетіп жатқан бірнеше секторға жауапты басшыларға жұмысты ширатуды тапсырды. Атап айтсақ, Қостанай, Ақмола, СҚО және Ақтөбе облыстарының өкілдеріне жоспардан қалмау керектігін ескертті. Сондай-ақ Арыс қаласының зиялы қауымы мен белсенді азаматтарын, жергілікті атқарушы орган мен депутаттарын, ақсақалдарын да белсенді болуға шақырды.

"Жалпы Арыста жұмыс жоғары деңгейде атқарылып жатыр. Тұрғындар үйлеріне оралғаннан бері 10 күн ішінде барлық шаруаларды бір жүйеге келтіріп алдық. Өзге өңірлерден келген құрылысшыларға 40 градус ыстықта жұмыс істеу оңай емес. Сондықтан оларға жергілікті тұрғындар да қолдау көрсетіп, қаланы көркейтуге атсалыссын", - деген өңір басшысы барлық жауапты басшылар мен мамандарға жұмысты күшейтіп, сапалы әрі уақтылы аяқтауды тапсырды.

Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі

АРЫСТЫҚ 200-ГЕ ЖУЫҚ АРДАГЕР САУЫҚТЫРУ ОРЫНДАРЫНА АТТАНДЫ

Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеевтің бастамасымен бүгін арыстық 200-ге жуық ардагер "Мейір Ардагерлер үйіне" аттанды. Аталған бастама Арыс қаласының зейнеткерлерін әлеуметтік қолдау мақсатында ұйымдастырылып отыр. Онда ардагерлерге түрлі медициналық қызметтер көрсетілетін болады. Атап айтқанда, физиотерапиялық, парафинмен, озокеритпен емдеу, дене шынықтыру, дәрі егу сынды ем-дом көрсетіледі. Демалушылар күніне 4 мезгіл тамақтанады. Жалпы демалу мерзімі - 15 күн. Сондай-ақ, демалушы ардагерлердің қатысуымен күнделікті концерттік бағдарламалар өткізілетін болады.

Айта кетерлігі, Арыс қаласында 3900-ден астам зейнеткер тұрады. Бүгін 8 шілдеде "Мейір Ардагерлер үйіне" 190 зейнеткер аттанса, 9 шілдеде "Ардагерлер үйіне" 200 зейнеткер жолданады. Жалпы шілде-тамыз айларында барлығы 1360 зейнеткер қамтылады.

Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі

АРЫСТА 100 ОҚУШЫҒА МЕКТЕП ҚҰРАЛДАРЫ ТАБЫСТАЛДЫ

"Біз Арыспен біргеміз" акциясы аясында Арыс қаласы Ә. Жангелдин атындағы мектепте, Алматы қаласы "StartTimе" ЖШС-нің бастамасымен "Мектепке даярлық" атты 100 оқушыға сөмке, оқу құрал-жабдықтары мен қоса мектеп формасын табыстау рәсімі өтті. Аталмыш шараның ұйымдастырушысы - Түркістан облыстық отбасы, балалар және жастар істері жөніндегі басқармасы мен "Жастар ресурстық орталығы.

Бұл сыйлықтар "StartTime.kz" порталында Арыс қаласына көмек ретінде, 400-ден аса қазақстандықтан жиналған 2 млн. 700 мың теңге қаражат есебінен жасалды.

Игі бастаманың басы-қасында "StartTime" ЖШС-нің директоры Азиза Өтегенова, Түркістан облыстық отбасы, балалар және жастар істері жөніндегі басқармасының "Жастар ресурстық орталығы" мамандары және Арыс қаласы Білім бөлімінің басшылығы болды.

Айта кетейік, 26 маусымнан бастап "StartTimе" ЖШС-нің еріктілер тобы Шымкент қаласындағы эвуакуациялық пункттерде көмек көрсетті. Осы көмектен соң, жиналған 1, 4 млн. теңге қаражатты "Арыс қаласындағы көпбалалы отбасылардан шыққан оқушыларға мектепке арналған сөмке тағы басқа оқуға қажетті жабдықтар алуға жұмсау туралы шешім қабылдаған болатын.

Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі

АРЫСТЫҢ БАЛАЛАРЫ БАТЫС ПЕН ШЫҒЫСҚА ДЕМАЛЫСҚА АТТАНДЫ

Бүгін түсте Арыс қаласының 50 баласы Батыс Қазақстан облысындағы демалыс орнына аттанып кетті. Сонымен бірге кешке қарай 150 оқушы табиғаты таңғажайып Шығыс Қазақстан облысына жіберілді.

Оқушыларды ата-аналары мен ұстаздары Арыстағы темір жол вокзалынан шығарып салды.

Бұған дейін арыстық оқушылар Павлодар (129), Ақмола (145), Жамбыл (200), Алматы облыстары (150) мен Нұр-Сұлтан (200) қаласына демалысқа жолданған болатын.

Жалпы осы жазғы демалыста Арыстың 4 мыңнан астам оқушысын өзге өңірлерге демалысқа жіберу көзделген. Қазіргі таңда 1 мыңнан астам оқушы демалысқа жіберілді. Сонымен қатар Түркістан облысының аудандары 462 баланы жазғы сауықтырумен қамтуда. Оқушыларды арнайы бекітілген ұстаздар алып жүреді және жас өрендердің алаңсыз тынығуына қолайлы жағдай жасалған.

Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі

АРЫС: АЛАҢДАУҒА НЕГІЗ ЖОҚ

ҚР Қорғаныс министрлігі инженерлік-саперлік бөлімшелерінің оқ-дәрілердің фрагменттерін жинау бойынша жұмыстары барысында әскери арсеналға (тыйым салынған аймақ) іргелес аумақта оқ-дәрі жарылып, нәтижесінде өрт шықты. Өрт ошағы әскери өрт сөндірушілер күшімен сөндірілді. Жапа шеккендер жоқ. Бұл туралы Арыс қаласында өткен брифингте ҚР Қорғаныс министрінің орынбасары Бақыт Құрманбаев айтып өтті.

"Алаңдауға негіз жоқ. Территорияны тазалау жұмыстары жүріп жатыр. Қауіпсіздікті сақтау тұрғысында барлық шаралар жасалуда. Әскери өрт сөндірушілердің күшімен өрт ошағы сөндірілді", - деді ол.

Сондай-ақ, Бақыт Жанұзақұлы жергілікті тұрғындарды алаңдамауға шақырды.

Түркістан облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Нұрғали Жүнісов қаладағы төтенше жағдайдың тұрақты екенін айтты.

"Арыс қаласында өрт қауіпсіздігі бойынша жағдай қалыпты. Азамат қорғау органдары қызметкерлінен 80 адам, 21 техника жұмыс істеуде. 9 өрт сөндіру автокөлігі мен 45 өрт сөндіруші Қорғаныс министрлігінің қызметкерлерімен бірлесіп жұмыс атқаруда", - дейді Н. Жүнісов.

Облыстық аурухананың бас дәрігері Марат Пашимов 17 аумаққа бөлінген арыс қаласында жедел-жәрдем қызметі жүйелі жұмыс жасап жатқандығын жеткізді.

Брифинг барысында мамандар көшелерден, үйлерден оқ-дәрі қалдықтары табылған жағдайда қолмен ұстауға болмайтындығы ескертіп, бірден 102 немесе 119 нөмеріне хабарласу қажеттігін айтты.

Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі

ҮКІМЕТ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ АРЫСҚА КЕЛДІ

ҚР Премьер-министрінің орынбасары Жеңіс Қасымбек төтенше жағдайдан зардап шеккен Арыс қаласына келді.

Үкімет басшысының орынбасары қаланы қалпына келтіру жұмыстары уақтылы әрі сапалы орындалуы керектігін айтты.

Сондай-ақ жөндеу жұмыстарын "Самұрық-Қазына" әл-ауқат қоры АҚ жүргізетін әлеуметтік нысандардың бірі - қалалық аурухананы көзбен көрген ол өзге де штабтардың жұмысымен танысты.

17 секторға бөлінген қаланың бүгінгі жай-күйінен хабардар болған Жеңіс Қасымбек Арыс қаласын қайта қалпына келтіру бойынша жиналыс өткізді. Жиында ол республиканың бірқатар облыстарына құрылыс жұмыстарын қарқындатуды тапсырды.

Сонымен қатар, жиында ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігіне, "Ұлттық ақпараттық технологиялар" акционерлік қоғамына, "Зерде "холдингі" АҚ, "Қазақелеком" және "Транстелеком" АҚ-на Түркістан облысы әкімдігімен бірлесіп, "ақылды қала" құру мәселесін пысықтау тапсырылды.

Бұдан бөлек, жиынның екінші бөлігінде Арыс қаласының тұрғындарын және жақын маңдағы ауыл шаруашылық үлестерін сумен қамтамасыз ету мәселелері талқыланды. Қаланың құбыр жүйелерін және суару арналарын қысқа мерзімде жөндеу тапсырылды.

Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі

АРЫСТЫ ЖАНДАНДЫРУҒА БЕЛСЕНДІ АЗАМАТТАР ДА АТСАЛЫСАДЫ

Бүгін облыс әкімінің кеңесшісі Ұласбек Сәдібеков Арыс қаласының белсенді азаматтарымен кездесті. Жиынға мәслихат депутаттары, ақсақалдар, әйелдер кеңесінің төрайымы, үкіметтік емес ұйым жетекшілері, қала имамдары қатысты.

Жиынның басты мақсаты - халыққа ақпараттық, идеологиялық бағытта түсіндіру жұмыстарын жүргізу және ел басына түскен қиын сәтте бірлігіміз бен ынтымағымыздың бекемдігін, мызғымастығын сақтау жолында бірлесе жұмыстар атқару. Облыс әкімінің кеңесшісі алдымен Арыс қаласын қайта қалпына келтіру, тұрғындардың қажеттілігін орындау барысында атқарылып жатқан жұмыстардың барысымен таныстырды.

"Қазіргі таңда Арыста құрылыс жұмыстары қарқын алып, халыққа гуманитарлық көмек тұрақты түрде беріліп келді. Тұрғындарға берілетін әлеуметтік көмектің 5 бағыты анықталды. Аталған бағыттар бойынша жұмыс атқарылуда", - деді Ұласбек Сәдібекұлы.

Сондай-ақ жиында сөз алған облыстық Ішкі саясат басқармасының басшысы Бейсенбай Тәжібаев әлеуметтік желілерде жарияланып жатқан түрлі жалған ақпараттарға сенбей, барлық жұмыстардың жүргізілу барысына көз жеткізулерін сұрады.

Жиналған қоғам белсенділері мен арнайы ұйым мүшелерінің ойлары бір жерден шығып, қаладағы әрбір аймаққа белсенді азаматтар арасынан өкіл тағайындап, халықпен тікелей жұмыс жасау бойынша ортақ келісімге келді.

Жиын соңында Ұласбек Сәдібеков қалалық мәслихат хатшысы, "Nur Otan" партиясы Арыс қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасарымен бірге "Nur Otan" партиясы Арыс қалалық филиалы ғимаратында бас қосып, осы жұмыстардың жүргізілу барысын қадағалап отыруды қолға алатынын жеткізді.

Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі

АРЫС: САЛЫҚТЫҚ КАНИКУЛДАР ЖЫЛДЫҢ СОҢЫНА ДЕЙІН СОЗЫЛАДЫ

ҚР Қаржы министрілігі Мемлекеттік кірістер комитеті Арыс қаласының салық төлеушілері үшін салықтық каникулдар жариялайды. Аталған шара ҚР Премьер-министрі А.Маминнің Арыс қаласының тіршілігін қалыпқа келтіру және оның әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз ету үшін төтенше жағдайлар салдарын жою жөніндегі комиссия отырысында атап өткен болатын. Сондықтан Арыс қаласының салық төлеушілеріне салықты өндіру шаралары мен тәсілдері қолданылмайды. Бұл туралы Түркістан облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департамент басшысының орынбасары Еркін Елшібеков мәлімдеді.

"Арыс қаласында 792 заңды тұлға, 3 085 дара кәсіпкер және 65 465 жеке тұлға бар. Берешектері бар салық төлеушілерге салықтарды және төлемақыларды төлеу бойынша кейінге қалдыру немесе мерзімін ұзарту бойынша жұмыстар қысқа мерзімде және жеңілдетінген тәртіппен жүргізіледі. ҚР "Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы" Кодексіне сәйкес, кейінге қалдыру салықтардың және төлемақылардың сомаларын бір мезгілде төлей отырып, алты айдан аспайтын мерзімге беріледі, ал мерзімін ұзарту бойынша салықтардың сомаларын тең үлестермен ай сайын немесе тоқсан сайын төлей отырып, үш жылдан аспайтын мерзімге беріледі", - деді Еркін Кеңесбекұлы.

Кейінге қалдыру немесе мерзімін ұзарту салық төлеушінің және үшінші тұлғаның мүлкін кепілге қоюмен немесе банк кепілдігімен жүргізіледі. Атап өтетіні, Арыс қаласының салық төлеушілері кейінге қалдыруды немесе мерзімін ұзартуды алу кезінде өсімпұлдарды есептеуден босатылады.

Сонымен бірге, Арыс қаласының барлық салық төлеушілеріне жеңілдіктер қарастырылған: дара кәсіпкерлер категориясының жекелеген қызметтерін жеңілдетілген тәртіппен тоқтату; салықтық есептілікті тапсыруды ұзартуға құқық беру (1 айға дейінгі мерзімге ұзарту мүмкіндігі); салықтық есептілікті тапсыруды тоқтату (ұзарту, қайта бастау).

Сондай-ақ, салық төлеушілерге салықтық әкімшілендіру шаралары қолданылмайтын болады, салықтық берешекті өтеу туралы хабарламалар жіберілмейді, салық төлеушілердің банк шоттары бойынша, касса бойынша шығыс операциялары тоқтатылмайды, салық төлеушілердің мүлікке иелік етуіне шектеу туралы шешім шығарылмайды және салықтық берешекті мәжбүрлеп өндіру шаралары қолданылмайды.

Одан бөлек, Комитет барлық шығатын салықтық тексерулерді тоқтатады, сонымен бірге, басқа да салықтық бақылауларға шектеу қояды.

Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі

АРЫС: ЖУРНАЛИСТЕР МЕН ҚОҒАМ БЕЛСЕНДІЛЕРІ ҚАЛАНЫ ТАЗАЛАДЫ

Бүгін Арыс қаласында сенбілік өтті. Оған Түркістан облысы мен Шымкент қаласының журналистері, үкіметтік емес ұйым мүшелері мен әлеуметтік желі белсенділері қатысты. Түркістан облыстық ішкі саясат басқармасы ұйымдастырған сенбілікте қоғам белсенділері қаланың көшелерін тазалап, тазалыққа үлес қосты.

Өңірдегі ең беделді басылымдар мен телеарналардың және сайттардың қызметкерлері, респуликалық БАҚ өкілдері арыстықтармен бірге екендерін іспен дәлелдеді.

Сенбілік Түркістан облыстық ішкі саясат басқармасының бастамасымен ұйымдастырылды. Басқарма басшысы Бейсен Тәжібаев бүгінде Арыс қаласы қайта қалпына келіп қана қоймай, нысандар жаңаша бағытта қайта жөндеуден өтіп жатқанын мәлімдеді.

Сенбілікке қатысқан БАҚ өкілдері мен қоғам белсенділері Арыстағы қарқынды жұмысқа ризашылықтарын білдіріп, алдағы уақытта да осы қаланы қолдауға дайын екендерін жеткізді.

Айта кетейік, облыс әкімі Өмірзақ Шөкеевтің тапсырмасымен қала 17 секторға бөлініп, құрылыс жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Үйлердің шатырлары және сыртқы келбеттері біркелкі сәнді болмақ. Бүгін Жамбыл облысының әкімдігі 6 үйді иелеріне тапсыруда. Еліміздің түкпір-түкпірінен келген 500 тоннадан астам гуманитарлық көмек те әрбір тұрғынға әділ бөлініп, жеткізіліп жатыр. Бұл іске аудан, қала әкімдіктерімен бірге жергілікті 780 белсенді тұрғын да тартылды. Азаматтық қоғам өкілдері, еріктілер әкімдікпен бірлесіп, елге қызмет ете білді. Бүгінгі сенбіліктің мақсаты да журналистер мен қоғам белсенділерін игі іске жұмылдыру және оларға Арыс тұрғындарының жай-күйін көрсету.

Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі

Ақпаратты пайдаланѓан жаѓдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігініњ материалдарына авторлық қ±қық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны