07.05.2007, 14:25 2778

Астанада 2007-жылы мемлекеттік бағдарлама бойынша арзан баспанамен қамтамасыз етілетін тұрғындардың тізімі бекітілді - Астана қалалық тұрғын үй департаменті

АСТАНА. 7-мамыр. Kazakhstan Today. Астанада 2007-жылы мемлекеттік бағдарлама бойынша арзан баспанамен қамтамасыз етілетін тұрғындардың тізімі бекітілді. Бұл туралы бүгін қалалық әкімшілікте өткен жиында Астана қалалық тұрғын үй департаментінің директоры Святослав Ногай мәлім етті, деп хабарлайды Kazakhstan Today тілшісі.

"1-мамыр, сенбіде тұрғын үй құрылысын дамыту жөніндегі мемлекеттік бағдарламаны жүзеге асыру аясында тұрғын үйлерді тарату жөніндегі комиссияның соңғы отырысы өтті. Онда мемлекеттік бағдарлама аясында салынған баспананы сату жөніндегі жергілікті атқарушы билік бекіткен тәртіп талаптарына сай келетін бюджеттік ұйым қызметкерлері, мемлекеттік қызметкерлер мен жас отбасылардың тізімі бекітілді",- деді С.Ногай. Оның айтуынша, қарау нәтижесінде "бекітілген тәртіпке сай басымдыққа жататын 3326 азаматтың өтініші бойынша арзан баспана берілетін болды".

"Барлығы 13 876 өтініш, соның ішінде жас отбасылардан 1997 өтініш, мемлекеттік қызметкерлерден - 6957, әлеуметтік сала қызметкерлерінен - 3500, "басқа да" деген санат бойынша - 1422 өтініш қабылданды", -деді департамент директоры. Оның айтуынша, комиссияның қарауына "екінші деңгейлі банктерде төлемдік қабілеті бар деп танылған" 10 314 азаматтың өтініші ұсынылды. "Оның ішінде 1635 жас отбасы, 2338 әлеуметтік сала қызметкері, 5471 мемлекеттік қызметкер болды",- деді С.Ногай.

Оның айтуынша, өтініштерді қараған комиссия екі айдың ішінде "баспанасы болуға байланысты немесе жұмыс орны мен қызмет өтіліне қатысты теріс мәліметтер бергені үшін" 2302 өтінішті кері қайтарды. "Тағы 5379 өтініш комиссияның қарауынан кейін басымдыққа айрықша жатпайтындығына және ереже тәртіптеріне сай келуге байланысты мемлекеттік бағдарламаның келесі кезеңіне қалдырылды",- деді С.Ногай. Департамент директорының айтуынша, "олар бағдарламаның келесі кезеңін жүзеге асыру барысында қаралады деп резервте қалдырылды. Жұмыс орны мен төлемдік қабілеті расталған жағдайда олар келесі жылы бірінші кезекте қаралатын болады".

"Тізімді біз бүгін түстен кейін БАҚ-тарға бере аламыз, сондай-ақ, олар әкімшіліктің сайтына шығарылады. Өткен мерзімде Астана қаласы бойынша заң бұзушылықтар тіркелген жоқ",- деді ол.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны