19.01.2007, 17:57 2945

Атырау облысының басшылығы шетелдіктердің қатысуымен құрылған кәсіпорындардағы шиеленістерді реттеуге уәде берді

АТЫРАУ. 19-қаңтар. Kazakhstan Today. Атырау облысының басшылығы "Agip KCO" мердігерлік ұйымдарындағы шетелдік және қазақстандық жұмысшылардың еңбекақысының теңсіздігінен туған шиеленістерді реттеуге уәде беріп отыр, деп хабарлайды Kazakhstan Today тілшісі.

Атап айтсақ, кеше өткен баспасөз мәслихатында әкімнің бірінші орынбасары Сәрсенбай Еңсегенов қазіргі уақытта Қарабатанда ("Болашақ" газ өндіру зауыты салынып жатқан жер) арнайы комиссияның жұмыс істеп жатқандығын хабарлаған болатын. Оның құрамына Атырау облысы әкімшілігінің, облыстық проркуратураның қызметкерлері, сонымен қатар газ өңдеу зауытының құрылысын салуға атсалысып жатқан 15 қазақстандық жұмысшылар кірген. "Комиссия барлық мамандардың жұмыс көлемін жалақысына сәйкес зерделейді",- деді С. Еңсегенов.

Сондай-ақ, баспасөз мәслихатына қатысқан "Agip KCO" бас менеджері Лучано Васкес бұл мәселені қазақстандық жұмысшылардың жалақысын көтерумен шешетіндігін хабарлады, бірақ нақты сан айтқан жоқ.

Белгілі болғандай, "NNC" бас мердігер компаниясы жұмысшылар жалақысын 2007 жылдың 1-қаңтарынан бастап көтеруге уәде берген болатын, бірақ қазақстандық мамандар 2006 жылдың желтоқсан айында қараша айындағыдан едәуір кем жалақы алған.

Өткен бейсенбіде 200 жұмысшы Қарабатаннан Атырауға автобуспен шығып, наразылық шарасын өткізбек болған. Полицейлер мен әкімшілік өкілдері автобусты жарты жолда тоқтатқан. Нәтижесінде жұмысшылар жол үстінде бейберекет жиналыс жасап, оларға еңбек ету жағдайлары зиянды өндіріс орындарында жұмыс істегендігі үшін өтемақы төлеуді және де жалақыларын шетелдік мамандармен теңестіруді талап еткен болатын.

"2007 жылдың 10-ақпанына дейін оларға өткен жылғы еңбек ету жағдайлары зиянды өндіріс орындарында жұмыс істегендігі үшін жалақының 10 пайызын құрайтын өтемақы төленеді",- деді баспасөз мәслихатында С. Еңсегенов.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны