16.02.2010, 17:54 4125

Атырауда облыстық жол полициясы басқармасының инспекторын қағып өлтірген жүргізуші үш жылға бас бостандығынан айрылды

Атырауда облыстық жол полициясы басқармасының инспекторын қағып өлтірген жүргізуші үш жылға бас бостандығынан айрылды

Атырау. 16 ақпан. Kazakhstan Today - Атырауда облыстық жол полициясы басқармасының инспекторын қағып өлтірген жүргізуші үш жылға бас бостандығынан айрылды, деп хабарлайды Kazakhstan Today Атырау қаласы прокурорының көмекшісі Бағытжан Қалиевке сілтеме жасап.

Оның хабарлауынша, "Атырау қалалық сотының 15 ақпан 2010 жылғы үкімімен Атырау қаласының тұрғыны 1988 жылы туған азамат Қазақстан Республикасы қылмыстық кодексінің 296- бабының 2- бөлігімен, 297- бабымен айыпты деп танылып, оған қылмыстардың жиынтығы бойынша түпкілікті жаза ретінде 3 жылға көлік құралынан басқару құқығынан айыра отырып, 3 жылға бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындалып, жаза өтеу орны ретінде жалпы режимдегі түзету колониясы белгіленді".

Сот тергеуінде анықталғандай, "Атырау тұрғыны 2009 жылдың 31- қазанында сағат 05:00 шамасында Атырау қаласындағы Еркінқала-Атырау тас жолының "Көктем" сауда орталығы тұсында орта дәрежедегі мас күйінде "Мерседес-Бенц Е-220" маркалы мемлекеттік тіркеу белгісі Е 142 ҒVМ автокөлігімен жол қозғалысы ережелерін бұзып, қызметтік міндеттерін атқарып тұрған Атырау облыстық жол полициясы басқармасының инспекторы полиция сержанты Н. Өтемісовтың заңды түрдегі тоқтату талабын орындамай, оны қағып, жәбірленушіге медициналық көмек көрсетпестен, оқиға орнын тастап кеткен".

Сот жүргізушінің бұрын сотталмағаны, жастығы, айыбын мойындауы қылмыстық жауапкершілігі мен жазасын жеңілдететін мән-жайларды ескере отырып, қылмыстарды орта дәрежедегі мас күйінде жасағаны қылмыстық жазасы мен жауапкершілігін ауырлататын мән-жайларды ескеріп, оған көлік құралын басқару құқығынан айыра отырып, бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындау туралы үкім шығарды.

"Жүргізуші көлік құралын мас күйінде басқарғаны үшін көлік құралын басқару құқығынан айыру түріндегі әкімшілік жауапкершіліктен құтылу үшін полиция қызметкерінің тоқтау жөніндегі талабын орындамай, соның салдарынан полиция қызметкерін қағып , оның қазаға ұшырауына байланысты қылмыстық жауапкершілікке тартылды",- деп хабарлайды Б.Қалиев.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны