19.04.2013, 11:47 7789

Атыраулық оқушы қыз зымыран жанармайының жаңа түрін ойлап тапты

Байқоңырда ғарышты зерттеу бойынша IX Халықаралық ғылыми байқау өтті. Оған ТМД елдерінің жүзден жүйрік шыққан 500-ден астам өнертапқыш оқушылары қатысып, бақтарын сынады.

Атырау. 19-сәуір. Kazakhstan Today - Атыраулық оқушы қыз зымыран жанармайының жаңа түрін ойлап тапты, деп хабарлайды Kazakhstan Today агенттігінің тілшісі.

Байқоңырда ғарышты зерттеу бойынша IX Халықаралық ғылыми байқау өтті. Оған ТМД елдерінің жүзден жүйрік шыққан 500-ден астам өнертапқыш оқушылары қатысып, бақтарын сынады.

Ал, жас ғалымдардың арасынан Атырау техникалық гимназиясының оқушылары Гауһар Зәйденова мен Аяжан Жолдасқалидың ойлап тапқан ғылыми жобасы ресейлік ғалымдардың таңданысын тудырды. Исіресе, Гауһар Зәйденованың ғылыми жұмысына ғалымдар жоғары баға берді. Оқушының зерттеуіне байланысты зымыран жанармайының жаңа түрін ойлап тапты деп қорытынды жасаған сарапшылар, оның жұмысын әрі қарай байқап білу үшін өздеріне алып қалған.

"Сегізінші сыныпта химия пәнін оқығанға дейін ғылыми жұмыс туралы мүлдем ойламадым. Тек спортпен шұғылданып, көркем гимнастикамен айналыстым. Шетелде жасөспірімдер арасында өткен түрлі байқаулардан жүлделі орындарды иелендім. Өзімді әрбір жеңістен кейін, болашақ әлем чемпионы ретінде елестететін едім. Алайда, спортқа емес, ғылым жолына қадам басқаныма қуаныштымын. Ендігі кезекте болашағым үшін маңызды жолды таңдағаныма сенімдімін", - дейді Гауһар.

Дарынды қызды түрлі институт, зауыттарға апарған, тәжірибесін үйреткен жетекшісі химия пәнінің мұғалімі Гүлшат Хайрденованың да еңбегі зор. Жиырма бес жылдан бері химия пәнінен сабақ беріп келетін ұстаз оқушысының ерекше қабілетін байқап оның жеке ғылыми жұмыспен айналысуына мүмкіндік жасаған.

Екінші орынды иеленген Гауһар Зәйденоваға ҚР Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұлов ҰБТ тапсырудан босататын арнайы сертификат тапсырды. Енді ол Қазақстанның кез келген жоғары оқу орындарына түсе алады. Тіпті бірнеше ресейлік техникалық ЖОО-дан шақыртулар да келіпті. Қазір Гауһар оқуын ҚБТУ-да немесе Қазақ Ұлттық техникалық университетінде жалғастыруды мақсат етіп отыр. Ал оны тәмамдаған соң, шетелде білімін тереңдетпек ниетте.

10 сынып оқушысы Аяжан Жолдасқали да бұл ғылыми байқауға "ғарыштық медицина" бағытын зерттеп, үшінші орынды иеленген. Жетекшісі - Гүлзия Сапарбекқызы. Гауһар секілді ол да емтихан тапсырмай, еліміздің кез келген университетіне түсу мүмкіндігіне ие болды.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны