22.02.2021, 17:36 8672

Қазақстанда вакцинация жоспарланған кесте бойынша жүргізілуде - Денсаулық сақтау министрлігі

"Елімізде вакцинация жоспарланған кесте бойынша жүргізіліп жатыр".
Нұр-Сұлтан. 22 ақпан. Kazakhstan Today - Қазақстанда вакцинация жоспарланған кесте бойынша жүргізілуде, деп хабарлады Денсаулық сақтау вице-министрі - ҚР Бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Ерлан Қиясов, деп хабарлайды Kazakhstan Today ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
 

Елімізде вакцинация жоспарланған кесте бойынша жүргізіліп жатыр", - деді ҚР Бас мемлекеттік санитарлық дәрігері.

 
Бүгін Денсаулық сақтау вице-министрі – ҚР Бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Ерлан Қиясов пен Денсаулық сақтау вице-министрі Ажар Ғиният коронавирус инфекциясына қарсы "Спутник V" вакцинасының екінші дозасын салдырды.
 
Вице-министрлер вакцинаның бірінші, екінші дозасын да Нұр-Сұлтандағы №6 қалалық емханада салдырды. Е.Қиясов пен А. Ғиният өздерін жақсы сезінетіндерін жеткізді. 
 

Баршаңызды коронавирустық инфекцияға қарсы екпе жасауға шақырамын. Бұл мүлдем ауыртпалықсыз және қауіпсіз. Вакцинациядан бұрын қарсы көрсетілімдерге міндетті медициналық тексеру жүргізіледі, вакцинациядан кейін адам 30 минут бойы дәрігердің бақылауында болады. Екі дозалы вакцинаның толық курсын алғаннан кейін мен өзімді толық қорғалғандай сезінемін", - деді Қиясов.

 
Ол профилактикалық егудің мақсаты ұжымдық иммунитет қалыптастыру екенін еске салды. Бүгінде COVID-19 қарсы вакцинация қауіпті инфекциямен күресудің жалғыз тиімді әдісі және қатаң шектеулердің баламасы болып табылады.
 
Вакцинаның бірінші партиясы Қазақстан Республикасына Ресей Федерациясынан 2021 жылғы 31 қаңтарда келді. 2021 жылдың 12 ақпанында ресейлік вакцина ҚР аумағында тіркеді. Қажетті рәсімдерді өткізгеннен кейін жүк Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент және Ақтөбе қалаларында орналасқан "СҚ-Фармация" бірыңғай дистрибьюторының ірі хабтарына бөлінді. Әрі қарай вакцина аймақтарға жеткізілді. Қазір вакцина өндірісі Қарағанды фармацевтикалық кешенінің базасында жолға қойылған: ақпанда – 90 мың доза, наурызда – 150 мың доза, сәуірден маусымға дейін – ай сайын 600 мың дозаға жетеді. Алдын ала мәліметтер бойынша, "Спутник V" вакцинасының тиімділігі шамамен 96% құрайды.
 
Бірінші кезеңде медицина қызметкерлері, жұқпалы аурулар ауруханаларының қызметкерлері, жедел медициналық көмек мамандары вакцина салдырды. 21 ақпандағы жағдай бойынша Қазақстанда "Спутник V" вакцинасын 19 764 медицина қызметкері алды. Жағымсыз реакция анықталған жоқ. Екінші кезеңде – наурыз айынан бастап - күш құрылымдарының қызметкерлері, педагогтар, сәуірден бастап – студенттер және мамырдан бастап қалған контингент қамтылады.
 

Вакцинаны ҚР кәмелетке толған азаматтары ғана ала алады. Вакцинация егуге қарсы көрсетілімдері жоқ адамдаға рұқсат етілген. Вакцинация алдында дәрігер пациентті міндетті түрде тексереді. Адам егу алдында вакцина жайлы толық хабардар етіледі, кейін жазбаша келісімге немесе профилактикалық егуден бас тарту туралы құжатқа қол қояды", - деп қорытындылады бас санитарлық дәрігер.

 
 Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны