28.11.2019, 14:20 45881

Қазақстанның халық жазушысы, мемлекет және қоғам қайраткері Әбіш Кекілбайұлының 80 жылдық мерейтойына орай

Әбіш әлемі - ішкі дүниетанымға бай әрі өзіндік сырлы бейнелерге толы ерекше әлем. Ол - адам жанын танып әрі зерттеуде алуан түрлі әдіс-тәсілдерді игеріп, шығармашылықтың заңғар шыңына шыққан жазушы.

Алматы. 28 қараша. Kazakhstan Today - Қазақстанның халық жазушысы, мемлекет және қоғам қайраткері Әбіш Кекілбайұлының 80 жылдық мерейтойына орай

Әбіш Кекілбаев - заңғар жазушы, абыз адам

Әбіш әлемі - ішкі дүниетанымға бай әрі өзіндік сырлы бейнелерге толы ерекше әлем. Ол - адам жанын танып әрі зерттеуде алуан түрлі әдіс-тәсілдерді игеріп, шығармашылықтың заңғар шыңына шыққан жазушы. Әрбір шығармасындағы кейіпкерлерді алып қарайтын болсақ, қарапайым кейіпкер болғанымен және кез-келген кейіпкерінің жан дүниесіне терең бойлап, өзіне тән өмірін, тағдырын жан-жақты сипаттаған. Сонымен бірге, шығармаларындағы кейіпкерлердің ішкі толғанысын жүрек тілімен сөйлете білген шебер суреткер.

"Әбіш Кекілбаев туралы сөз айту кімге болса да, оңайға түсе қоймас. Әбіш жайында сөз қозғау, оның шығармашылығын зерттеу, оған үңілу көп еңбек пен ізденісті талап ететін дүние" -деп Қуаныш Сұлтанов "Кекілбаев кеңістігі" атты мақаласында айтып өткендей, қаншама кітап парақтап, заңғар жазушының жүйрік ойына, ішкі әлеміне ден қойып, бойлай алуға тырыссақ та, Әбіш әлеміне ену үлкен ерлікті қажет ететіні ақиқат.

Ал, ендеше, кемеңгер ойшылдың әлеміне тереңінен зер салып көрелік...

Жазу - өмір тынысы. Жазу - ең бірінші өмір сүруден, ұнатудан, сосын барып танылудан тұрса керек. Өнер мен әдебиетке ең басты қағида - талант, білім, шеберлікке құштарлық, сосын зор еңбек қажет. Әбіш Кекілбаевтың кез келген шығармасында ұшан теңіз талантынан бөлек сан қырлы шығармаларының артында таудай биік еңбегі жатқаны баршамызға мәлім. Ғұлама ғалымның жазу өнеріндегі шеберлігін сөз етсек те, ең алдымен, қазақ санасында оның сындарлы сыншы, сұңғыла саясаткер, дархан мінезді дарын, білікті білімпаз екендігімен қоса, көркем шығарма жазушылығы алдыңғы орында. Ұлағатты ұстаз ретінде өзінің көркем сөз зергерлігімен біздің рухани өмірімізді байытса, айшықты ақын ретінде көзімізді ашты, сырлы суреткер болып көкірегімізге ұлттық сенім, сана ұялатты.

Жазушының шығармашылығындағы өресі биік еңбектерінің бірі "Аңыздың ақыры" атты тарихи романы. Бұл - тек тарихи шежіре ғана емес, қоғамдық, ұлттық мүддесімен астасып, әрбір оқырманның дүниетанымын кеңейтіп, рухани тәрбиелейтін шығарма. Әбіш Кекілбаевтың түгел дерлік шығармашылығынан романтизмнің көркемдік жүйесін толықтыратын сипат-мифтік-фольклорлық сарынның, аңыз-әңгімелердің жиі көрініс беруі кездеседі. Жазушы осы туындысы арқылы тарихи аңыз шеңберінен шығып, қаламгерлік қиялын қоса отырып, дербес психологиялық шығарма тудырған. Бұл романның лирикалық, романтикалық сипаты мол. Жазушы аңыздық желіні жаңаша түсіндіріп, жаңғыртып, сол арқылы адам жанының терең иірімдерін ашқан композициясы күрделі, психологиялық салмағы бар дербес туынды жасап шығарған. Сонымен қатар, романда лирикалық бояудың молдығы, тілдік өрнектің эмоционалды бояуға қанықтылығы, шартты тұспалдар секілді романтизм эстетикасына тән тәсілдерді шебер пайдаланады. Романда мұнараның сиқыры - шебердің ханшаға деген махаббатын бейнелеуін, тіпті сол махаббаттың өзіне айналуын шебер суреттеген. "Аңыздың ақыры" романында аңыз бен романтикалық қиял, философиялық толғам мен аналитикалық суреттеу тәсілі, реалистік баяндау мен шарттылық келісті үйлесім таба білген. Жазушы өз кейіпкерлерінің мінез-құлқын олардың сыртқы іс-әрекеттері, қимылдары арқылы емес, ішкі монолог арқылы көрсетіп, әрбір оқырманның жүрегіне кең жол аша білді. Айтулы роман арқылы қазақ әдебиетіне жазушының тың дүние алып келгенін аңғарамыз. Бұл тағылымды еңбектің өзі әлем жұртшылығына қазақ елін тарихи тұрғыдан ғана емес, адам жанының шындығын тебіреніспен толғай отыра, өмір туралы философиялық ғибратты ой берерлік шығарма ретінде таныстыруға болады.

Жазушы бүкіл саналы ғұмырын, еселі еңбегін туған халқына арнады. Қазақ әдебиеті мен қазақ тілінің дамуына орасан үлес қосып, заманымыздың заңғар суреткері ретінде иісі қазақтың өнегелі тау тұлғасына айнала білді. Ол - қазақ әдебиетінің саңлағы, мағыналы ғұмырының мазмұнды шақтарын, өнегелі өмірбаянының өміршең шектерін табиғи талантымен танытқан, еңбек жолдарын халқының ғұмырнамасымен өрнектеп берген, айтулы дарын.

Әдебиет пен өнер жолы - қиын жол. Әркім танымал болғысы және өзіне біреудің таңданғанын қалайды. Тіпті ғасырлар бойы шығармасы қолдан түспесе де, әр жазушының бұл арманы орындала ма, жоқ па, ешкім кепілдік бермес еді. Дегенмен әр қаламгер өзі өмір сүрген дәуір келбетін жазу керек. Адамда талантпен бірге білім де тиісті деңгейінде жеткілікті болуы шарт. Заңғар жазушының кез келген шығармасын оқу арқылы оның кең тынысты, суреткерлік қарымы тым биік, тағылымды тарихшы, әрі заманауи ойшыл екендігін толықтай дерлік аңғарамыз.

Артындағы ұрпаққа "абыз" деген аты қалаған адамдар қазақта көп емес. Ол замандарда абыздардың қандай қызмет атқарғанын бүгінгі буын ұрпақ біле бермейміз.Бір сезінетініміз, елінің рухани тәрбиесін, рухани әлем аясындағы ел жүгін арқалаған адам деп түсінеміз. Тәуелсіздік жариялағанда Әбіш аға елуді еңсерген, шығармашылығы кемеліне келген, туабітті табиғи парасаты менмұндалап тұратын, дархан дала жүзді, салмақты, ойшыл, данышпан адам еді. Ол сол бір егемендіктің алғашқы жылдары Президенттің жанында ел өмірінің рухани қалыптасуына зор еңбек сіңірді. Сондықтан бүгінгі буын ұрпақ оны абызға теңей бастады.

Асхат Құсайынұлы Байұзақов,

"Зағип және нашар көретін азаматтарға арналаған республикалық кітапхана" РММ - нің директоры.

Айта кетейік, Нұр-Сұлтан қаласында 2019 жылғы 29-30 қарашада ҚР Ұлттық академиялық кітапханасы ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің және Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің қолдауымен Қазақстанның халық жазушысы, мемлекет және қоғам қайраткері Әбіш Кекілбайұлының 80 жылдық мерейтойына орай "Әбіш әлемі" тақырыбында оқу конгрессін өткізеді.

Оқу конгрессінің мақсаты - аса құнды әлеуметтік функцияларға халықты ғылыми, шығармашылық және мәдени қоғамға назарын аудару. Сондай-ақ, Әбіш Кекілбайұлының әдебиеті мен шығармашылығын, қазақ әдебиетінің құндылықтарын халықаралық ғылыми-білім беру жүйесінде насихаттау және көпшілікке тарату. Әртүрлі тақырыпта жазылған жазушының шығармаларын жаңа оқуға ынталандыру, жан-жақты талдап, оның сан қырлы талантын түсіндіру, жазушының есімін әлемдік қауымдастыққа танымал ету.

Іс-шара барысында жазушының фотосуреттерінен көрмелер, Кекілбаевтар отбасымен әдеби кездесу, жазушының "Ұйқыдағы арудың оянуы" кітабының желісі бойынша түсіріліген деректі фильм мен Маңғыстау облысы, Форт-Шевченко қаласы, Түпқараған және Шетпе ауылдарының адамдар мен қоғам арасындағы оқиғалар, махаббат, достық және отбасы құндылықтары жайындағы "Шыңырау" фильмі, сондай-ақ, Әбіш Кекілбайұлының 20 томдық кітапарының тұсаукесері өтеді.

"Бір ел - бір кітап" республикалық акциясының қазылар алқасының шешімімен 2019 жылы Қазақстандағы жалпы оқуға арналған кітаптардан Қазақстанның халық жазушысы Әбіш Кекілбайұлының "Аңыздың ақыры" шығармасы таңдап алынды.

Конгрестің екінші күнінде Л.Н. Гумилев атындағы Еуразиялық ұлттық университетінде орналасқан жазушының кабинетімен танысу, Ұлттық пантеонға бару және мәдени ошақтарға экскурсия жасалып, шығармашылық зиялы қауым өкілдерінің Қазақстан кітапханашыларымен кездесуі мен марпаттау рәсімі өтеді. Сондай-ақ, Фариза Оңғарсынова атындағы медиацентрдің ашылуы өтеді, деп хабарлайды БАҚ.кз.

Ақпаратты пайдаланѓан жаѓдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігініњ материалдарына авторлық қ±қық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны