31.08.2020, 12:57 8561

"Қазсушар" РМК "Бартоғай" су қоймасын құрғақшылықтан аман алып қалды

Орта Азия елдерінде орын алып отырған қуаңшылық пен су мұздықтарының аз еруіне байланысты шаруалардың егіс алқаптарын аман алып қалу үшін, егін алқаптарындағы көкөніс мөлшерін азайтып, құрғашылыққа төзімді, әрі суды аз тұтынатын ауылшаруашылық өнімдерін көптеп өсіру туралы ұсыныс жасалған.

Алматы. 31 тамыз. Kazakhstan Today - "Қазсушар" РМК "Бартоғай" су қоймасын құрғақшылықтан аман алып қалды.

"Қазсушар" РМК "Бартоғай" су қоймасын құрғақшылықтан аман алып қалды. Бұл туралы журналистерге арналған пресс-тур барысында "Д.Қонаев атындағы Үлкен Алматы каналының" директоры Серікқали Мұқатаев мәлімдеді. Оның айтуынша, биылғы егін-терім науқанында қуаңшылыққа байланысты бірқатар қиыншылықтар орын алған. Мәселен, сыйымдылығы 320 млн текше метр болатын Үлкен Алматы каналына келетін су әдеттегіден 212 млн текше метрге аз келген. Сондықтан, канал басшылығы шаруа қожалықтарына берілетін суармалы су көлемін нормаға сай кеміткен. Бұған дейін кей аймақтарда мөлшерден артық суармалы су алып келген учаскелердің су алу тәртібі реттеліп, берілетін су мөлшері секундына 100 текше метрден 80 текшеметрге дейін азайтылған. Мамандар әр шаруа қожалығының егістік алқап көлемін, егілетін егін түрін ескере отырып, берілетін судың нормасын шығарған. Осы шаралардың арқасында су қорын 13 млн текше метрден 28 млн текше метрге дейін ұлғайтып, Бартоғай су қоймасында құрғап кету қаупін сейілткен.

"Шілде айында су одан сайын азая бастағаннан кейін, біз су айналымын енгіздік. Яғни, бес күн Шелек пен Бартоғайға су бердік, бес күн Үлкен Алматы каналына бердік. Біз осы кезеңде оларға толық қуатты су бердік. Осы судың арқасында олар бірінші суарылымын өткізді. Осылайша барлық еккен егіндері аман қалды. Ал 10 күндік су айналымын енгізу арқылы 13 млн текше метр суды 28 млн текше метрге дейін көтеріп, Бартоғай су қоймасына су жинап алдық. Осылайша су дағдарысынан аман есен-өттік. Бұл дер кезінде қабылданған шешім болды. Ол су айналымын енгізбегенде, Бартоғайда әлдеқашан су таусылып қалар еді",- деді "Д.Қонаев атындағы Үлкен Алматы Каналының" директоры Серікқали Мұқатаев.

Сондай-ақ, бүкіл Орта Азия елдерінде орын алып отырған қуаңшылық пен су мұздықтарының аз еруіне байланысты шаруалардың егіс алқаптарын аман алып қалу үшін, егін алқаптарындағы көкөніс мөлшерін азайтып, құрғашылыққа төзімді, әрі суды аз тұтынатын ауылшаруашылық өнімдерін көптеп өсіру туралы ұсыныс жасалған.

"Біз көктемде шаруаларға ұсыныс жасадық. Көктемде қандай көкөністер мен егін ексеңіздер дұрыс болады, ал қандай егін түрі шықпай қалуы ықтимал екенін айттық. Өйткені, вегитациялық кезеңнің басында "Қазгидромет" бізге ақпарат беріп, қуаңшылық болатынын айтты. 45 процентке су аз болатынын ескертті. Біздің бөлімше ақпан айында ауыл және аудан әкімдеріне хат жіберді. Су тапшы болатынын айтып, егінді соған сай егулерін сұрадық",-деді Серікқали Мұқатаев.

Өз кезегінде ауылшаруашылық өнімдерін өсірумен айналысатын шаруалар да "Қазсушар" РМК қарасты "Д.Қонаев атындағы Үлкен Алматы каналының" ұжымына алғысын білдірді. Мәселен, элиталық тұқымды соя мен жүгері өсіретін "Будан" шаруа қожалығының жетекшісі Ермек Өскенбаев қиын кезеңде сусыз қалдырмаған "Д.Қонаев атындағы Үлкен Алматы каналының" мамандарына алғысын айтты.

"Биыл құрғақшылық болып отыр. Ол табиғаттың заңы. Бірақ біздің Үлкен Алматы каналы ұжымының жақсы еңбегінің арқасында біз жақсы нәтижеге жеттік. Біз жүгеріні арықпен суарамыз. Тамшылатып суару әдісін қолданбаймыз. Жүгерінің тамыры жан-жаққа жайылады. Сондықтан жүгері уақытында су ішпесе, өнім болмайды. Ал, ҮАК ұжымы уақытылы, қанша су керек, мысалы 500 литр секундына десең, сонша көлемде су беріп отыр. Олар шаруалардың сұранысы мен ыңғайына қарап, жұмыс істеп жатыр. Су каналдан шыққанша, арна мамандары жауап береді. Ал, оның аумағынан асқаннан кейін шаруалар өз арнасын тазартып отыру керек. Сонда ғана су дұрыс келеді",- деді Ермек Өскенбаев.

Ал 1982 жылдан бері Алматы іргесінде алма өсірумен айналысып келе жатқан "Сабир" қожалығының басшысы Исмаил Томазов болса, "Д.Қонаев атындағы Үлкен Алматы каналы" мамандарының тәулік бойы кезекшілік атқарып, кестеге сай су беруінің арқасында қуаңшылықтан аман шықтық деп отыр.

"1985 жылдан бастап, канал ашылғалы бері су алып келеміз. Канал келісімшарттағы өз міндетін толық орындап отыр. Біз де уақытында ақшасын төлеп отырмыз. Егер канал болмағанда біз күздік жемістерді ғана өсіретін едік. Қазір барлық мүмкіншілігіне сай жұмысын істеп, бізге жағдай жасап отыр. Сусыз өмір болмайды ғой. Табысымыздың 50-60 пайызы осы арнаның жұмысына байланысты",- деді И.Томазов.

Осылайша "Д.Қонаев атындағы Үлкен Алматы каналының" мамандары вегитациялық кезеңде "Бартоғай" су қоймасына 70 процент немесе 212 текше метрге суармалы судың аз келуіне қарамастан су қоймасын құрғақшылықтан аман алып шығып, ауылшаруашылығы өнімдерін өндіретін шаруаларды егін-терім науқаны аяқталғанша, сумен қамтамасыз ете алатын деңгейге қол жеткізген. Қазіргі таңда осы атқарылған жұмыстардың арқасында "Д.Қонаев атындағы Үлкен Алматы каналында 20 млн текше метр су бар. 11 тамыздан бастап суармалы су бұрынғы тәртіп бойынша сұралған мөлшерге сай беріліп отыр.

Ақпаратты пайдаланѓан жаѓдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігініњ материалдарына авторлық қ±қық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны