09.01.2008, 18:09 3521

Байқоңырда халыққа қызмет көрсететін жаңа орталық ашылды

Байқоңырда тұрғындарға қызмет көрсететін жаңа орталық ашылды

Байқоңыр. 9 қаңтар. "Қазақстан Бүгін" - Бүгін Байқоңырда тұрғындарға қызмет көрсететін жаңа орталық ашылды, деп хабарлайды агенттік тілшісі.

"Ғимаратты қайта жөндеу жұмыстары 2007 жылдың желтоқсан айында аяқталды. Ғимараттың ішкі жағы еуропалық талаптарға сай жаңартылып, әрбір қызмет орны компьютермен жабдықталып, операциялық зал толық автоматтандырылып, ақпаратты табломен жабдықталған", - деп хабарлады қызылорда қаласының халыққа қызмет көрсету орталығының Байқоңырдағы бөлімшесінің жетекшісі Дархан Жәнібеков.

Орталықтың ашылу мақсаты - "бір терезе" қағидасымен тұрғындардың құжаттарын рәсімдеп, оларға қызмет көрсету.

Халыққа қызмет көрсету орталығы екі қабатты әкімшілік ғимаратында орналасқан. Бірінші қабатында азаматтардан құжаттарды қабылдайтын 12 терезесі бар операциялық зал орналасқан. Сондай-ақ, онда нотариус, көшірме жасау, суретке түсіруші, касса, банкомат, канцелярия бар. Сонымен қатар, мүгедектерді кезектен тыс қабылдауға арнайы терезе ашылған. Екінші қабатта салтанатты тіркеулер өткізетін зал ашылған.

Орталық сондай-ақ, 25 түрлі қызмет көрсетеді. Оның ішінде, жеке төлқұжатын алу, әскери тіркеуге қою, некеге отыру, айыру, АХАЖ қызметінен анықтама қағаздарын алу, заңды тұлғаларды тіркеуге қою, жеке мүлікті тіркеу сияқты қызмет түрлері бар.

"Байқоңырдың орталығы ҚР президентінің тапсырмасымен, құжаттандыру процессін жетілдіру мақсатында ашылды. Бұл жоба бойынша, Қазақстанда осындай 210 орталық ашылады деп жоспарланған. Оның 10- Қызылорда облысының әрбір ауданында ашылатын болады", - деп түсіндірді Қызылорда облысының әділет департаменті бастығының орынбасары Тастыбай Лесеров.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда "Казахстан Сегодня" ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны