26.04.2012, 13:49 9103

Батыс Қазақстанда ауа райы күрт салқындауы мүмкін

Алдағы айдың алғашқы күндері ауа райы күндіз +18 - +23, ал түнде +4 - +9 градус болады. Осыған байланысты топырақтағы температура 0 градусқа дейін салқындайды. Қазіргі таңда сынап бағанасы күндіз +22 - +27 (кейбір жерлерде жылылық, тіпті +30 градусқа дейін көтерілген), түнде +7 - +12 градус температураны көрсетіп тұр. Бұл ретте қазіргі ауа райы мен мамыр айының бас жағындағы температура арасында әжептәуір алшақтық бар. Сондықтан бақшашылар мен диқандардың сақтық шараларын жасағандары дұрыс

Орал. 26-сәуір. Kazakhstan Today - Батыс Қазақстан облысында мамыр айының басында ауа райы күрт салқындауы мүмкін, деп хабарлайды Kazakhstan Today агенттігінің тілшісі.

ҚазАқпарат агенттігінің "Батыс Қазақстан гидрометеорология орталығы" ЕМК-ның инженер-синоптигі Мира Арыстанованың сөзіне сілтеме жасай отырып хабарлауынша, алдағы айдың алғашқы күндері ауа райы күндіз +18 - +23, ал түнде +4 - +9 градус болады. Осыған байланысты топырақтағы температура 0 градусқа дейін салқындайды. Қазіргі таңда сынап бағанасы күндіз +22 - +27 (кейбір жерлерде жылылық, тіпті +30 градусқа дейін көтерілген), түнде +7 - +12 градус температураны көрсетіп тұр. Бұл ретте қазіргі ауа райы мен мамыр айының бас жағындағы температура арасында әжептәуір алшақтық бар. Сондықтан бақшашылар мен диқандардың сақтық шараларын жасағандары дұрыс.

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы егін шаруашылығы бөлімінің бастығы Аманбай Отарбаевтың хабарлауынша, кәнігі бағбандар мен диқандар қауымы әлі дән себе қойған жоқ. Күн бірден ысып кеткенімен, сәуірдің аты сәуір. Дән үсіп кетпеуі үшін, әлі де әліптің артын бағып, сабыр сақтай тұрған жөн. Ал егер күннің тез ысуына байланысты ертерек іске кіріскен бағбан-диқандар болса, жер бетіне қылтиып шыққан өсімдіктерін үсіріп алмау үшін түн мезгілінде олар бақша аумағын түтіндетуі керек. Түтін жер бетінің тоңын жібітіп, көк өскіннің үсіп кетуіне жол бермейді. Көлемді жерге егін салған диқаншылар қауымы түтіндікті жел жағынан салса, жел айдаған түтін егіннің біраз жерін жылытады. Түтіндету былтырдан қалған шөпшаламды өртеу арқылы жүзеге асырылады. Ондай шірінді шырпыны тигізген бойда лапылдап, жанып кетпеуі керек, ол тек жәй ғана түтіндеп жатуы тиіс. Сондықтан бұған ылғал шіріндіні пайдаланған жөн. Күн салқындағанда жағатын шірінді болмаған жағдайда, арнайы құралды пайдалану арқылы түтіндетуге болады. Түтіндеткіш құрал бағбандарға арналған дүкендерде сатылады. Көкті үсіріп алмаудың тағы бір амалы - егістікке су жіберу. Су топырақтың тоңын сындырып, жылытады. Бар-жоғы бірнеше күнге созылатын көктемгі салқыннан осылай да сақтануға болады.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны