08.12.2012, 10:15 1787

"Бизнестің жол картасы" бағдарламасы жүзеге асырылғалы бері Қызылорда облысында 13,6 млрд. теңгенің 97 жобасы мақұлданды

ҚазАқпарат агенттігінің хабарлауынша, "Даму" қоры Қызылордада "Бизнестің жол картасы- 2020" бағдарламасы бойынша пресс-тур өткізді.

Қызылорда. 8-желтоқсан. Kazakhstan Today - "Бизнестің жол картасы" бағдарламасы жүзеге асырылғалы бері Қызылорда облысында 13,6 млрд. теңгенің 97 жобасы мақұлданды, деп хабарлайды Kazakhstan Today агенттігінің тілшісі.

ҚазАқпарат агенттігінің хабарлауынша, "Даму" қоры Қызылордада "Бизнестің жол картасы- 2020" бағдарламасы бойынша пресс-тур өткізді.

Оған республикалық және облыстық бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысып, облыстағы бірқатар кәсіпорындарды аралады.

Қатысушылар медицина, мектепке дейінгі білім беру салаларындағы кәсіпорындарды және жиһаз, полиграфиялық өнімдер шығаратын кәсіпорындарды көрді. Журналистер мемлекеттің қолдауымен өмірге жаңа еніп келе жатқан жобалардан бастап, өндірісті жаңғыртуға байланысты жобалармен танысты.

Пресс-турға қатысушылар алдыңғы кезекте облыс халқына медициналық қызмет көрсететін "Гарант-7" ЖШС компаниясына тоқтады. "ОтауМед" клиникасында гинеколог, кардиолог, дерматолог, терапевт, процедуралық және массаж кабинеттері, косметологиялық процедуралар және тағы басқа да қызметтер көрсетіледі. Несиеге компания жедел-жәрдем қызметін көрсету үшін қызметтік автотранспорт сатып алған.

Одан кейін журналистер полиграфиялық өнімдерді шығаратын "Қызылорда Қанағаты" ЖШС компаниясына барды. Компания несиеге барлығы 26,5 млн. теңге тұратын келесі құрал-жабдықтарды сатып алған: Heidelberg Gto-46 маркалы офсеттік баспа машинасы, Heidelberg Sors маркалы офсеттік баспа машинасы және Roland Versa UV LEC-540 фирмасының кеңформаттағы плоттері. Компания директоры Ермек Аяповтың айтуынша, алынған құрал-жабдықтар шығарылатын өнім сапасының жоғарылауына және өнімділігін арттыруға өз септігін тигізіп отыр.

Келесі нысан - "Сымбат Ойл" ЖШС компаниясының балабақша ғимараты болды. Биылғы қазан айында "Сымбат Ойл" ЖШС компаниясы балабақша ашу мақсатында ғимарат сатып алған болатын. Жобаның жалпы құны 465 млн. теңге, соның ішінде 265 млн. теңге компанияның өз қаражаты есебінен, ал қалған 200 млн. теңгені компания "Альянс банк" АҚ филиалы арқылы жылына 14 пайызбен несиеге алды. Қазіргі таңда балабақша ғимаратының жөндеу-құрылыс жұмыстары жүргізілуде.

Аталған балабақшада 320-дай сәби тәрбиленетін болады. Ғимараттың жалпы көлемі 3350 шаршы метр. Балабақша ғимараты 4 бөлмелерден тұратын 4 блоктан тұрады, оның ішінде балалардың жатын бөлмелері, ойын алаңы бар. Сонымен қатар мәжіліс залы, би залы, асхана, шахмат кабинеттері, спорт және акт залдары қарастырылған. Жобаның жүзеге асуынан кемінде 106 жаңа жұмыс орны құрылады деп күтілуде. Балабақшаның ашылуы 2013 жылдың 1 қыркүйек айына жоспарлануда.

Бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері ең соңынан "Асар" ЖШС-нің жиһаз цехы және теміржол тұйығымен байланысқан жүктерді сақтау қоймасы құрылысына тоқтады. Жобаның жалпы құны 126 млн. теңге, соның ішінде 45,5 млн. теңге өз қаражаты есебінен және 80,5 млн. теңге несие қаражаты есебінен. Серіктестік "Бизнестің жол картасы -2020" бағдарламасы аясында банктік пайыздық ставканы субсидиялау және кепіл мүлкінің жетіспеуіне байланысты несие сомасының 50 пайызына дейін кепілдеме алып отыр.

Неселік қаражатқа "Асар" ЖШС компаниясы 245 п/м болатын теміржол тұйығының құрылысын жүргізіп, 5 млн. теңгеге кран автотранспортын сатып алды. Жиһаз цехына "Альтендор" фирмасының 2 млн. теңге тұратын WA 8 станогы алынды.

"Бизнестің жол картасы- 2020" бағдарламасы жүзеге асырыла басталғалы бері аймақтық үйлестіру кеңесі Қызылорда облысы бойынша 13,6 млрд. теңгеден астам соманың 97 жобасын мақұлдады. Соның ішінде 10,8 млрд. теңгеден астам сомаға 74 жоба бойынша банктік пайызды субсидиялау туралы келісімшарт жасалды, "Даму" қоры 59,4 млн. теңге көлеміндегі 3 жобаға кепілдеме берді. Бағдарламаның жүзеге асуының арқасында 584 жаңа жұмыс орны құрылды.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны