17.10.2006, 12:13 3551

Денсаулық сақтау министрі Оңтүстік Қазақстан облысындағы медициналық мекемелердің ахуалы мен ондағы қызмет көрсету жағдайына қынжылыс білдірді

ШЫМКЕНТ. Денсаулық сақтау министрі Оңтүстік Қазақстан облысындағы медициналық мекемелердің ахуалы мен ондағы қызмет көрсету жағдайына қынжылыс білдірді

ШЫМКЕНТ. 17-қазан. Kazakhstan Today. Еліміздің жаңа денсаулық сақтау министрі Анатолий Дерновой Оңтүстік Қазақстан облысындағы ондаған медициналық мекемелерді аралап көріп, олардағы ахуал мен қызмет көрсету жағдайына қатты ашуланды, деп хабарлайды Kazakhstan Today тілшісі.

"Таңқаларлық парықсыздық, оңбағандық пен таңқаларлық жауапсыздық",- деген ортақ түйін жасады министр.

Түркістандағы денсаулық сақтау нысандарында болған А.Дерновой емдеу-профилактикалық мекемелердің жетекшілерімен болған кеңесте "бұл мекемелерде кәсіби медициналық көмек көрсету былай тұрсын, науқастардың қауіпсіздігін қамтамасыз етудің өзі мүмкін емес", деп атап өтті. Балалар ауруханасы мен перзентханада қарқынды емдеу палаталары мен реанимациялық емдеу бөлімшелері жабдықталмаған. "Науқастар іс жүзінде өлімге душар етілуде. Дәрі-дәрмектер де, жабдықтар да жоқ",- деді министр.

Денсаулық сақтау министрі жаңадан салынып жатқан перзентхананың құрылысына да қанағаттанарлық емес деген баға берді. Ғимараттың өзі салынғанымен, сметаға ескірген жабдықтар енгізілген. А.Дерновой облыстық денсаулық сақтау департаменті басшылығының назарын салынып жатқан медициналық нысандардың жобалары мен сметаларын жасауда мұқият қадағалау қажеттігіне аударды.

Министр Шымкенттегі медициналық мекемелердің жағдайына да қынжылыс білдірді. "Бәз-баяғы жарымжан жабдықтар, баяғы біліксіз мамандар, сол баяғы селқостық пен алымдарға арызданғандар",- деді ол. А. Дерновой Оңтүстік Қазақстан облысының медицинасына бөлінген қаржының қайда кетіп жатқанына таңданыс білдірді. "Республика көлемінде ең қомақты қаржы осы облысқа бөлінеді. Соған қарамастан, ауруханаларда ең қажетті дүниелердің өзі жоқ",- деді министр.

"650 млн. теңге бюджет бөлінетін, 25 млн. теңгенің ақылы қызмет түрлері көрсетілетін облыстық ауруханадан мен тіпті қасықтар мен стақандарды да таппадым,- деді облыстық денсаулық сақтау департаментінің директоры Вячеслав Дудник. - Онда сонау 70-ші жылдардағы торы созылып кеткен керегекөз темір төсектер тұр. Холециститтен кейін операциядан шыққан науқас астына ДСП төселген төсекте жатыр. Бөлімдерде тоңазытқыштар мен теледидарлар деген атымен жоқ. Хирургия бөлімшесінің өзінде еденнің төсеніші жұлынған, шкафтар мен үстелдер ДСП-дан жасалған. Бұған қараудың өзі қорқынышты".

Облыстық жедел жәрдем ауруханасындағы ахуалды министр: "жұтаңдық пен былғаныш" деген екі-ақ сөзбен бейнеледі.

Денсаулық сақтау министрі әсіресе Оңтүстік Қазақстан облысындағы ауруханаларда берік орныққан алым жинау дағдысына қатты ашу білдірді. "Аурухананың табалдырығын аттамай жатып ақша төлей бастайтын тәжірибе не себепті Оңтүстік Қазақстан облысын жайлап алған?",- деген сауал тастады министр. "Балалар мен перзентханаларда бірінші кезекте осындай дәстүр қалыптасқан. Мыңдықты лақтырып тастамасаң, дәрігер тіпті науқастың палатасына да бас сұқпайды. Мұндай жайтты барлық ата-аналар растады. Дәрі-дәрмек үшін алым, медикаменттер үшін алым, тіпті баланың бөлімшеде жатқаны үшін де алым алынады. Бас дәрігерден санитарға дейін алым жинайды",- деді ол.

А.Дерновой осындай барлық деректер үшін кінәлілер қылмыстық жауапкершілікке тартылатын болады деп ескертті. "Мұндай оқиғаларды түбірімен жою үшін ең қатаң шаралар қолданылады",- деді ол.

Облыстағы денсаулық сақтау саласының ахуалымен танысып шыққан А.Дерновой өңірде ВИЧ індетінің таралу қаупі арылмағанын атап өтті. "ВИЧ індетінің таралып кетпеуіне шара қолданылды дегенімізбен, оның пайда болуына әсер еткен себептер жойылған жоқ,- деді ол. - Санитарлық-дезинфекциялық тәртіпті өрескел бұзу, ауруханаішілік тәртіпке бағынбау, медициналық аспаптарды пайдалану мен дезинфекциялауға бақылау жасамау деректері әлі де жалғасуда. Бұның бәрі ВИЧ індетінің қайтадан белең алуына алып келуі ықтимал".

Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны