19.10.2020, 21:39 5120

Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшелерімен онлайн кездесті

"R репродуктивтілік коэффициенті арқылы эпидемиологиялық жағдайды бағалау матрицасы әзірленді, оның көмегімен шектеу шараларын күшейту немесе жеңілдету туралы шешім қабылданады. Соңғы 5 күнде репродуктивтілік көрсеткіш бірден 8 өңірде артқан - Ақмола, Атырау, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Батыс Қазақстан, Маңғыстау, Солтүстік Қазақстан, Түркістан облыстарында, республика бойынша R=0,97",- деді А.Цой.

Алматы. 19 қазан. Kazakhstan Today - Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшелерімен онлайн кездесті. Денсаулық сақтау министрі еліміздегі эпидемиологиялық жағдай жайлы, коронавирус инфекциясының таралуына жол бермеу мақсатында қабылданған шаралар туралы айтты.

"R репродуктивтілік коэффициенті арқылы эпидемиологиялық жағдайды бағалау матрицасы әзірленді, оның көмегімен шектеу шараларын күшейту немесе жеңілдету туралы шешім қабылданады. Соңғы 5 күнде репродуктивтілік көрсеткіш бірден 8 өңірде артқан - Ақмола, Атырау, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Батыс Қазақстан, Маңғыстау, Солтүстік Қазақстан, Түркістан облыстарында, республика бойынша R=0,97",- деді А.Цой.

Тамыз айында министрлік коронавирус инфекциясына шалдыққандар санын болжап, тиісті дайындық шараларын әзірлейтін арнайы жұмыс тобын құрды. Жұмыс тобы эпиджағдайдың түрлі нұсқасын қарастыруда: оптимистік болжам бойынша жыл соңына дейін 10 мың адам емделуге жатады, реалистік болжам бойынша 2021 жылғы қаңтарда локдаун енгізілуі мүмкін, тәулігіне 30 мың науқас ауруханаға жатады, пессимистік болжамда 2020 жылғы желтоқсаннан бастап тәулігіне 65 мың пациент емделуге жатады және қатаң карантин енгізілуі мүмкін.

"Аталған сценарийлердің орындалу-орындалмауы, сондай-ақ шектеу шараларының деңгейі адамдардың әлеуметтік ара қашықтық пен маска режимін сақтауына тікелей байланысты. Осы талаптарды толық орындаған жағдайда қатаң карантиннің қажеті болмайды", - деді А.Цой.

Әлемде індеттің өршуіне байланысты шекарадағы бақылауды күшейту мақсатында спортшылар арасындағы оқу-жаттығу жиындары мен жарыстарға қатысу үшін елден тыс шығуға тыйым салынды; Украина, БАӘ, Германия және Беларусь Республикасымен әуе рейсі қысқартылды; анықтамасы жоқ халықаралық жүк тасымалдайтын жүргізушілер шекарада ПТР-тест тапсыратын болды.

2020 жылғы 5 шілдеден 16 қазан аралығында халыққа көмек көрсететін мобильді бригаданың саны 3 640 жетті, яғни 7,6 есеге артты. Коронавирусқа қатысты жедел жәрдем шақырушылар 5 есеге азайды. Инфекциялық төсек-орындағы адам саны 6 есеге, реанимациялық төсек-орындағы пациент саны да 6 есеге төмендеді.

Министрлік дәрілік препараттар жеткілікті болу үшін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету бойынша бірқатар шұғыл шара қабылдады. Бірыңғай дистрибьютордың қоймаларында 44 позициядан жалпы сомасы 8,2 млрд. теңгеге 2 айлық дәрілік қор бар. Қазіргі уақытта 5,9 млрд.теңгеге 37 позиция сатып алынды. Дәрілік заттардың 7 позициясы сатып алу процесінде. Бөлшек дәріхана желісін 2 айға жететін дәрілік заттардың қоры үшін 3,1 млрд.теңгеге 33 позиция сатып алынады. Бүкіл ел бойынша инфекциялық және провизорлық орталықтарда қор бар, осылайша Бірыңғай дистрибьютор 17,6 млрд.теңгеден астам сомаға немесе жалпы жоспардың 105,4% дәрілік заттардың 91 атауын жеткізді. Бұдан басқа, 10 млн.үш қабатты маска, оның ішінде 400 млн. теңге сомасына 500 мың балалар маскасы сатып алынды. Жыл соңына дейін 1 млн.адамды қамтитын 5 ДЗ атауы, қызу түсіретін құралдар мен антикоагулянттар кіретін COVID-19 нозологиясы енгізілді.

"Денсаулық сақтау министрінің, Ұлттық экономика министрінің және Сауда және интеграция министрінің бірлескен бұйрығымен бөлшек сауда үшін масканың шекті бағасы қазір 85 теңге деп белгіленді. Мемлекет басшысының тапсырмасын іске асыру мақсатында медициналық маскаларға шекті бөлшек сауда бағасы 60 теңге мөлшерінде бекітілді, құнын тағы да төмендету мәселесі қарастырылуда. Сонымен қатар, нарықтағы шығыс материалдарының бағасы төмендеуіне байланысты министрлік ПТР зерттеу тарифін 22% дейін төмендету бойынша ұсыныстар дайындады. Атап айтқанда, жеке қорғаныс құралдары мен тест-жүйелердің құны арзандады. Қажетті келісімдер жүргізілгеннен кейін тариф осы айдың соңына дейін бекітіледі", - деді министр.

Коронавирус пандемиясының жаңа толқынына дайындық жөніндегі кеңесте Мемлекет басшысы тестілеу көлемін арттыру жөнінде тапсырма берді. Қазіргі уақытта осы зерттеулерді жүргізетін зертханалардың саны 121-ге дейін артты, зертханалық тестілеудің қуаты тәулігіне 45 мың тестке дейін жеткізілді. Өңірлерге зертханалық жабдықтар жеткізілуде, мамандар оқытылды, бұл зертханалардың жалпы қуатын тәулігіне 65 мың зерттеуге дейін арттыруға мүмкіндік береді. Осы мақсатта ҚР Үкіметі резервінің қаражаты есебінен ПТР жабдықтарының 20 кешені сатып алынды, олар арқылы тәулігіне 18 мың зерттеу жүргізуге болады, 1,2 млн.зерттеуге арналған тест жүйесі мен шығыс материалдары сатып алынды. Мемлекеттік бюджет есебінен шалғай елді мекендерде тәулігіне 2 мыңнан астам ПТР зерттеумен қамтамасыз ететін 8 мобильді кешен сатып алынды.

А. Цой бүгінде елімізде 74 мыңнан астам дәрігер барын айтты. Короновирус инфекциясына қарсы күреске 28 мың бейінді маман тартылған. Сонымен қатар, республикалық клиникалардағы медицина қызметкерлері, ЖОО профессор-оқытушылар құрамы және резидент дәрігерлерден кадрлық резерв жасақталды. Дәрігерлердің біліктілігін арттыру кафедраларында 60 мың медициналық маман оқытылды, оның ішінде 7 мыңнан астамы эпидемиология, жұқпалы аурулар және биоқауіпсіздік курстары бойынша оқытылды, 95 эпидемиолог қайта даярлаудан өтті, биыл 20 қарашада қосымша 95 эпидемиолог, 100 инфекционист және 165 жедел шұғыл көмек көрсететін маман даярланатын болады.

"Министрлік атқарып жатқан жұмыстар коронавирус инфекциясының ықтимал жаңа толқыны басталған жағдайда қазақстандықтардың денсаулығына төнген қауіп-қатерді азайтуға бағытталған. Денсаулық сақтау министрлігі эпидемиологиялық жағдайдың қайта шиеленісуіне жол бермеу үшін және COVID-19 ауруының тұрақты төмен деңгейін ұстап тұру үшін бар күшін салады", - деді министр.

Ақпаратты пайдаланѓан жаѓдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігініњ материалдарына авторлық қ±қық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны