03.07.2006, 17:12 2949

Депутаттар мен еліміз жұртшылығы Каспий теңізінде бекіре тұқымдас балықтарды аулауға 15-18 жылға мораторий енгізу қажет деп санайды

Депутаттар мен еліміз жұртшылығы Каспий теңізінде бекіре тұқымдас балықтарды аулауға 15-18 жылға мораторий енгізу қажет деп санайды

АЛМАТЫ. 3-шілде. Kazakhstan Today. Депутаттар мен еліміз жұртшылығы Каспий теңізінде бекіре тұқымдас балықтарды аулауға 15-18 жылға мораторий енгізу қажет деп санайды. Бұл туралы бүгін Kazakhstan Today ақпараттық агенттігінің баспасөз орталығында өткен қысқаша баспасөз мәслихатында мәжіліс депутаты Нұрпейіс Махашев мәлімдеді, деп хабарлайды Kazakhstan Today тілшісі.

“Каспийді қоршай орналасқан мемлекеттер қазір бекіре тұқымдас балықтарды аулауға 15-18 жылға мораторий енгізу мәселесін қарастыруда”,- деді депутат. “Экономикалық тұрғыда бұл тиімсіз, деп санайды көпшілік. Олар соның салдарынан балық шаруашылықтары мен балықшылар жұмыссыз қалады деп пайымдайды. Алайда, біздің пікірімізше, бұл – мүлдем теріс көзқарас. Өйткені, елімізде бекіре тұқымдас балықтардан өзге де балық түрлері көп”,- деді ол.

“Баршамызға ортақ бір ғана теңіз бар. Мораторийді теңіздің айналасындағы барлық мемлекеттер жаппай жариялауға тиіс. Одан Иран бас тартуы мүмкін деген пікір бар. Дегенмен, мен талпыныс жасап көрген дұрыс деп ойлаймын. Біз осындай мәселе көтеретін боламыз”,- деп мәлімдеді мәжіліс депутаты.

Н.Махашевтың пікірінше, балық зауыттары бекіре тұқымдас балықтарды құтқарып қалады деген пікір қате. “Мәселен, Атыраудағы балық зауыты жыл сайын 7 млн. шабақ шығарады. Алайда, олардың небәрі 2 проценті ғана тірі қалып, үйірге қосылады”,- деді ол.

“Мораторий жариялау – арман емес, қажеттілік. Егер Каспийді қоршай орналасқан мемлекеттер жаппай бұған келіссе, онда біз бекіре тұқымдас балықтарды сақтап қалуға бір қадам жасаймыз”,- деп пайымдайды мәжіліс депутаты.

Ал “Табиғат“ экологиялық одағының төрағасы Мэлс Елеусізовтың пікірінше, “мораторий аса қажет шара. Бұл мәселені теңізді қоршай орналасқан елдер мемлекетаралық деңгейде шешуге тиіс”,- деді ол.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны