24.05.2010, 11:49 3257

Депутаттар "Ұлттық спорт түрлері туралы" заң қабылдауды ұсынды

Депутаттар "Ұлттық спорт түрлері туралы" заң қабылдауды ұсынды

Астана. 24 мамыр. Kazakhstan Today - Депутаттар "Ұлттық спорт түрлері туралы" заң қабылдауды ұсынды, деп хабарлайды Kazakhstan Today.

Қазақстан Республикасы парламенті мәжілісінің өткен аптадағы жалпы отырысында депутат Нұрлан Өнербай Республика премьер-министрі К.Мәсімовке сауал жолдады.

Онда былай делінген: "Халқымыздың атадан балаға жалғасып келе жатқан өлмес мұрасы - құсбегілік. Халқымызда "Есі кірген-ескісін іздейді"деген қағида бар. Киіз туырлықты көшпелі елдің құс салу өнері кәсіптен гөрі, серуен, сейілге, спортқа жақын. Бұл өнерді кейде "салбұрын", кейде "саятшылық" атауымыз содан.

"Атам өлсе қойылар, атан өлсе сойылар, ал мынадай қансонар енді қайдан табылар" - деп, дүниенің бәрін тәрк етіп, құсын қолға қондырып, жүйрігін жаратқан ер мінезді елдің ұрпағымыз. Ирине, туған табиғатын төл перзентіндей аялап өткен қазақ үшін ит жүгіртіп, құс салудың қанында барлығының айқын дәлелін, жер бетіндегі халықтардың ішінде жеке дара осы текті дүниесінің алтын арқауын жоғалтпай, күні бүгінге дейін алып келгенінен көруге болады.
Кезінде Италия саяхатшысы Марко Поло, орыс тарихшысы Николай Карамзин, поляк зерттеушісі Адольф Янушкеевич секілді көптеген шетелдіктердің осынау тамаша өнер жайында көргендерін тамсана жазғандары қаншама. Осыларды ой елегінен өткізе келе, халықпен бірге жасап келе жатқан қанында бар ғажайып құндылығының үш мың жылдық қана тарихы бар деп, кесіп айту қисынсыз да қиянат болар. Ақиқатында, қазақ жұртының күнкөріс кәсібі болған аңшылық, хан - төрелердің, би-шешендердің, сал - серілердің көңілін аулап, сейіл құрғызар, сән - салтанатын асырар ақсүйек өнері болғаны аян. Бұл ретте Жошы ханның айналасында 3 мың қыран, Абылай хан да - 500 бүркіт, 300 қаршыға мен сұңқар ұстағаны, Ақсақ Темір мен Алтын Орданың ханы Тоқтамыстың бүркіттің бір жұмыртқасына бола, жауласқандары жайында деректер бар. Ал, Шоқан мен Шәкәрім, Абайдай асылдарымыз, Жаяу Мұса, Біржан сал, Мәди, Ақан мен Сегіз Серілердің, Сәкен мен Мұхтардай аяулыларымыздың айнымас серігі болған шоқтығы биік мұра әлі күнге бір ізге түсіп жинақталмай, зерделеніп, зерттелмей тұрғаны шындық".

"Туған жерін, еркіндігін аңсаған Иманжүсіптей асқақ әншінің: "Бүркіт ұстап, басыңа бір шығар ем, Көзіме бір көрінші, Ерейментау!" - деп келетін толғаныс тұнған өлең жолдарында бүркіттің еркіндіктің символы, сері көңілдің серігі екенін анық аңғарамыз. Кезінде зиялы ағаларымыз осы айтулы өнердің жинақталып, бір ізге түспей, әр жерде шашылып жүргендігіне қынжылыс білдірсе, әйгілі академик, зерттеушіміз Илкей Марғұлан да саятшылық өнердің тарихи ескерткіш екендігіне айрықша тоқталып, аса назарға ілінбей жүргендігіне алаңдаушылық танытқан. Өткен ғасырдың елуінші жылдары жазылған бір еңбегінде, әйгілі жазушымыз Сәбит Мұқанов та құсбегілік, өз өңірінде керемет өнерімен аты шыққан құсбегілер, оның қыр-сырын көркем сөз, өрнекті оймен суреттеумен қатар, ұлттық спортымыздың ең биік шыңы деп бағалағаны белгілі".

"Біз де ата-бабадан қалған асыл мұраның ұрпақ санасынан өшіп қалмауына қолдау көрсетіп, Қазақстанда туризм саласын дамытуда, алыс жақын шетелдерге осындай ұлттық құндылықтарымыз арқылы танылуға ат салысуымыз керек. Осы бағытта құсбегілер көп шоғырланған, Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданы Ұлы Жібек жолы бойындағы "Нұра" ауылын Құсбегілердің Республикалық ғылыми орталығы деп танып, Үкімет тарапынан этнографиялық ауыл ретінде қолдау көрсетілсе болар еді. Сонда құлашын кеңге жая алмай, сырттан келетін қомақты қаржының көзін таба алмай отырған отандық туризм саласы біршама дамыр еді".

"Сондықтан біз төмендігілерді ұсынамыз: Біріншіден, "Нұра" ауылында республика бойынша Құсбегілердің арнайы мектебі ашылып, ғылыми -зерттеу орталығын құру.
Екіншіден, шет елдерді қоспағанда, республика аумағында түрлі мәдени -спорттық шараларға қатысу үшін ұшақта, пойызда, автокөлікте қыран құстарды алып жүру өте қиын, сол себептен оларды тасымалдау ережесі, оның төлем ақы тарифі, тәртібін бекіту. Үшіншіден, бүгінде халқымыздың тарихи, мәдени мұрасы ретінде құсбегіліктің орыны нақтыланбаған. Сол себептен, ілеспе заңдарға өзгертулер енгізіліп, "Ұлттық спорт түрлері туралы" заң қабылдануы тиіс. Енді көкірегі ояу, көзі қарақты ұлт жанашырлары табылып жатса, туған халқының етенеден егізі, жігерін жанитын асыл тасы, қайтпас рухының белгісі -Қыранның қанатын қайырмас деген үкілі үміт қана бар. Шет елге босқа жалтақтап, солардың айтқан заңына, ережесіне бас изеуден гөрі, ежелден табиғатпен үндес халықтың өз ұстанымдарын әуелі ұрпақ санасында қалыптастырып, құсбегілікті өзімізде өз деңгейінде көтерілуін ойлауымыз қажет. Сауал соңына депутаттар С.Тоқпақбаев, А.Момышев, К.Сағадиев, Р.Сарпеков, Қ.Сәдуақасов, Ш.Мырзахметов, Н. Сабильяновтар қол қойған".

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны