28.04.2015, 17:23 4643

Еліміздіӊ Бас мемлекеттік еӊбек инспекторы Алматыда құлаған көпір туралы түсініктеме берді

ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік қорғау министрлігініӊ Еӊбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетініӊ төрағасы, Бас мемлекеттік еӊбек инспекторы Ахмади Сарбасов журналистерге Алматыда құлаған көпір туралы түсініктеме берді

Астана. 28 сәуір. Kazakhstan Today - ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік қорғау министрлігініӊ Еӊбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетініӊ төрағасы, Бас мемлекеттік еӊбек инспекторы Ахмади Сарбасов журналистерге Алматыда құлаған көпір туралы түсініктеме берді, деп хабарлайды Kazakhstan Today агенттігініӊ тілшісі.

Оныӊ айтуынша, оқиға салдарынан 21 адам зардап шекті, олардыӊ үшеуініӊ халі ауыр, ал бір адам қаза болды, деп хабарлайды inform.kz тілшісі.

"Қазіргі уақытта Алматы қалалық мемлекеттік еӊбек инспекциясы оқыс оқиға бойынша арнайы зерттеу жүргізіп жатыр. Оған барлық мүдделі мемлекеттік органдар, жұмыс беруші мен жұмысшылардыӊ өкілдері тартылған. Осы комиссия жұмысыныӊ нәтижесінде болған оқиғаныӊ себептері анықталатын болады, әзірге ешқандай нақты нәтиже жоқ. Жақын арада себептері белгілі болады", - деді ол бүгін Астанада өткен Халықаралық еӊбекті қорғау конференциясы кезінде журналистерге берген сұхбатында.

Оныӊ айтуынша, егер жіберілген қателіктер Икімшілік құқық бұзушылықтар туралы кодекске келетін болса, жұмыс беруші айыппұл төлеуге міндеттеледі. Егер де тергеу жұмыстары барысында қылмыстық іс-әрекеттер әшкереленетін болса, онда құрылыс жүргізуші компания қылмыстық жауапкершілікке тартылады.

А. Сарбасовтыӊ айтуынша, зардап шеккендер мен қаза болған жұмысшыныӊ жанұясы міндетті сақтандыру мен еӊбек келісімшартында белгіленген бірқатар өтемақыларды алады.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны