29.08.2006, 12:00 3195

Еліміздің еңбек нарығындағы ахуал жақсара түсті - ҚР еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі

АСТАНА. 29-тамыз. Kazakhstan Today. ҚР еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі еліміздің еңбек нарығындағы ахуал жақсара түсті деп атап көрсетті, деп хабарлайды Kazakhstan Today тілшісі.

"Қазір елімізде еңбек нарығындағы ахуал жақсара түсті. Жаңадан құрылған жұмыс орындарына жұмысқа орналасқан азаматтар санының өсуі мен экономикалық өсімге байланысты тұрғындардың экономикалық белсенділігінің артуы есебінен жұмыссыздық деңгейі тұрақты төмендеп келеді",- деп мәлімдеді Гүлжан Қарағұсова халықты еңбекпен қамту мәселесіне арналған семинар-кеңесте.

"ҚР статистика жөніндегі агенттігінің мәліметіне сәйкес, 2006-жылдың екінші тоқсанында жұмыссыздық деңгейі 7,7 процентті құрады. Ал 2005-жылдың екінші тоқсанында ол 8 процент болған. Ең төменгі жұмыссыздық деңгейі Шығыс Қазақстан (6,7%), Қарағанды (6,9%) және Солтүстік Қазақстан (7%) облыстарында тіркелді",- деп хабарлайды министрлік.

Облыс әкімдерінің мәліметіне сәйкес, осы жылдың жеті айында елімізде 160,8 мың жаңа жұмыс орны құрылды. Ал жылдық тапсырма 158,8 мың жаңа жұмыс орны болатын. 5,7 мың әлеуметтік жұмыс орындары ұйымдастырылды (жылдық тапсырма - 8,4 мың) , оларға мақсатты топтардан 6 мың жұмыссыз адам орналасты.

Қазақстан халқын жұмыспен қамту жөніндегі 2005-2007-жылдарға арналған бағдарламаға сәйкес, 2006-жылы 137,8 мың жұмыссыз жанды еңбекпен қамтуға қолдау көрсету көзделген. "Ағымдағы жылдың 7 айында 117,6 мың адам жұмыспен қамтылды, бұл өткен жылғы осы мерзіммен салыстырғанда 14,6 мың адамға артық. Ауылдық жерлерде 43,8 мың адам, немесе, көмек сұрап келгендердің 61 проценті жұмысқа орналасты. 81,3 мың адам қоғамдық жұмыстарға тартылды. Ал жылдық тапсырма 111,6 мың адам болатын",- деп хабарлайды еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны