05.03.2007, 15:17 3332

Еліміздің журналистік ұйымдары мәдениет және ақпарат министрінің қызметтен кетуін талап етеді

АЛМАТЫ. 5-наурыз. Kazakhstan Today . Еліміздің журналистік ұйымдары мәдениет және ақпарат министрі Ермұхамет Ертісбаевтың қызметтен кетуін талап етеді. Бүгін өткен баспасөз мәслихатында журналистік ұйымдардың атынан Қазақстан журналистері одағының төрағасы Сейітқазы Матаев осындай мәлімдеме жасады.

"Адамды тез арада қызметтен босату қажет. Ол бүгіннен бастап батылдықпен белін бекем буып, жұмыстан кетуге өтініш жаза қояды деп ойламаймын, бірақ біз осыған қол жеткізуге тырысатын боламыз",- деді Қазақстан журналистері одағының төрағасы.

С.Матаевтың түсініктемесіне жүгінсек, журналистердің мұндай мәлімдеме жасауына Ертісбаевтың 2-наурыз, жұма күнгі президенттің Қазақстан халқына арнаған жолдауын жүзеге асыруға арналған республикалық кеңестен кейінгі әрекеті түрткі болған. Журналистер министрден шараның қорытындысына қатысты түсініктеме беруді сұрайды. Алайда ол түсініктеме сұрнағандардың бәріне бірдей жауап беруден бас тартып, Астанадағы бір телеарнаның журналистерін қуып шықты.

"Эраға жауап бермейміз, өйткені олар менің үстімнен шағым жазып, мені тендерді әділетсіз өткізген-міс деп айыптады...",- деп мәлімдеді Е.Ертісбаев.

С.Матаевтың хабарлауынша, "Эра" телекомпаниясының басшылығы министрдің үстінен сотқа шағымданбақшы. "Егер қажет болса, біз оларға заңгерлік және материалдық көмек көрсетеміз", деп сендірді ол.

Қазақстан журналистері одағының төрағасының айтуынша, журналистер министрдің құқықтық әдістермен қызметтен кетуіне қол жеткізбекші. "Біз шеру немесе митинг өткізбейміз. Бұл тым үлкен ілтипат болар еді. Біз тек құқықтық тәсілдермен ғана күресетін боламыз",- деді С.Матаев.

Халықаралық сөз бостандығын қорғау жөніндегі "Иділ сөз" қорының президенті Тамара Калееваның айтуынша, мәдениет және ақпарат министрі өз әрекетімен қолданыстағы заңнаманың нормаларын, соның ішінде меншік түріне қарамастан, барлық БАҚ-тардың ақпаратқа бірдей қол жеткізу мүмкіндігі туралы норманы бұзды. "ҚР Икімшілік құқық бұзушылықтар туралы кодексінде 352-ші бап деген бар. Ол журналистің заңды кәсіби іс-қызметіне кедергі келтіру деп аталады. Аталмыш оқиға осы баптың аясына кіреді. Қала берді Қылмыстық кодексте журналистің заңды кәсіби іс-қызметіне кедергі келтіру жөніндегі 155-ші бап та бар. Бұл оқиға мүмкін қылмыстық баптың аясында қаралуға да тиіс шығар, соны қарап талдау қажет",- деді Т.Калеева.

Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, 2006-жылдың мамыр айында Қазақстан журналистері конгрессінің атқару комитеті бұған дейін де Е.Ертісбаевтың қызметтен кетуін талап еткен болатын. Сол кезде министрдің "өзі жауаптанатын БАҚ-тарда күшпен мамандарды алмастыруға талпынып авторитарлық қасиет көрсетуі, өзіне жақпайтын журналистерді қорқыту арқылы телеарна эфирінде іс жүзінде цензура орнатуға талпынуы" себеп болған. Бұған жауап ретінде Е.Ертісбаев Қазақстан журналистерінің конгрессі "мемлекет басшысына ықпалын жүргізуге талпынып, Конституция мен заңдарды өрескел бұзғалы отыр" деп мәлімдеген болатын. Журналистік ұйымдардың пікірінше, сол арқылы "министр өзінің құқықтық сауатсыздығын паш етіп, азаматтардың өз пікірі мен пайымдарын еркін білдіре алатын конституциялық құқығына мүлдем сыйламаушылық танытқан".

Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны