05.02.2019, 17:20 10212

Елорда мешіттерінің бас имамдары басқосу өткізіп, Астанадағы қайғылы оқиғаға орай қайырымдылық шараларын ұйымдастыру жайын талқылады

Тілсіз жаудың құрбанына айналған бес бүлдіршіннің қазасы күллі қазақ жұртының қабырғасын қайыстырды.

Астана. 5 ақпан. Kazakhstan Today - Тілсіз жаудың құрбанына айналған бес бүлдіршіннің қазасы күллі қазақ жұртының қабырғасын қайыстырды. Астана қаласындағы Көктал тұрғын алабындағы өртке оранған уақытша баспана бес бірдей жас өскіннің мәңгілік мекені болар деп кім ойлаған?!

"Тас түскен жеріне ауыр" демекші, орны толмас жас қазаның алапат салмағы ата-анасын да, ағайын-туыстарын да есеңгіретіп, жанын жаншығанын айтып жеткізу мүмкін емес. Алайда, "қайғыны бөліссең азайды" демекші, ауыр қазаға ортақтасып, қанатымен су сепкен қарлығаштай жәрдем жасауға ұмтылғандар бес баласынан бір күнде көз жазған қаралы жанұяның қасынан табылып, демеу болуға тырысуда.

Осы орайда, ҚМДБ төрағасының бірінші орынбасары, наиб мүфти, Астана қаласының бас имамы Наурызбай қажы Тағанұлының төрағалығымен Елорда мешіттерінің бас имамдары басқосу өткізіп, қайғылы оқиғаға орай қайырымдылық шараларын ұйымдастыру жайын талқылады. Ата-анасының жаралы жандарын жұбатып, қол ұшын созу жайын талқылаған отырысқа ҚМДБ Насихат және қоғаммен байланыс бөлімінің меңгерушісі Алтынбек Ұтысханұлы, баспасөз хатшысы Ағабек Қонарбайұлы қатысып, өз пікірлерін қосты.

Жиналыс барысында мешіт имамдарына жаназа рәсіміне қатысты нақты тапсырмалар беріліп, қайырымдылық шарасына үндеді. Тағдыр сынағына түскен отбасының "жыртығына жамау" боларлық көмек көрсетіп, жаппай жанашырлық танытуға шақырды. Басқосу соңында қазаның арты қайырлы болуын тілеп, қайғы жамылған отбасыға арнайы дұға жасалды.

https://www.muftyat.kz/kz/news/16306

Ақпаратты пайдаланѓан жаѓдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігініњ материалдарына авторлық қ±қық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны