12.02.2010, 17:45 7594

Энергетикалық сусындар жүйке жүйесін ынталандыру үшін пайдаланылатын психотроптық заттарға жатады - сарапшылар

Энергетикалық сусындар жүйке жүйесін ынталандыру үшін пайдаланылатын психотроптық заттарға жатады. Бұл туралы 2010 жылдың 11 ақпанында Қазақ тағамтану академиясында "Энергетикалық сусындар: пайдалы немесе зиянды допинг?" тақырыбында өткен дөңгелек үстелге қатысушылар мәлімдеді, деп хабарлайды Kazakhstan Today.

Алматы. 12 ақпан. Kazakhstan Today - Энергетикалық сусындар жүйке жүйесін ынталандыру үшін пайдаланылатын психотроптық заттарға жатады. Бұл туралы 2010 жылдың 11 ақпанында Қазақ тағамтану академиясында "Энергетикалық сусындар: пайдалы немесе зиянды допинг?" тақырыбында өткен дөңгелек үстелге қатысушылар мәлімдеді, деп хабарлайды Kazakhstan Today.

Осы академияның вице-президенті Игорь Цойдың айтуынша, "энергетикалық сусындардың ингредиенттері ежелден жүйке жүйесін ынталандыру үшін пайдаланылады".

"Соңғы жылдары Қазақстан нарығында көптеген энергетикалық, оның ішінде құрамында аздаған алкоголь бар сусындар пайда болды. Энергетикалық сусындар оқушылардың, студенттердің, шаршаған жүргізушілердің, түнгі клубты жарататындардың, сондай-ақ өте шаршаған, бірақ көтеріңкі көңіл-күй сақтауы қажет барлық жандардың үлкен сұранысына ие",- делінген Салауатты өмір салтын қалыптастыру проблемалары Ұлттық Орталығының баспасөз қызметі таратқан хабарламада.

"Өндірушілер өз тауарларын өткізуге арналған жарнамалық акцияларға ақшаны аямай, бұл сусындар тек пайда тигізеді деген пікір қалыптастырып, жаңа түрлерін көптеп шығаруда. Алайда энергетикалық сусындарды қолдану пайдалы ма? Таң қаларлық қуат қайдан келеді? Тұтынушылар осы сусындар туралы ақиқатты білуі тиіс - бұл сусын түрі пайдалы ма, әлде зиянды ма",- делінген онда.

Сарапшылардың айтуынша, энергетикалық сусындардың ингредиенттері ежелден жүйке жүйесін ынталандыру үшін пайдаланылады. Бұлар: көтеріңкі көңіл-күй сыйлайтын қасиеттерімен белгілі кофеин, гуарана мен женьшень; бір жүйке жасушасынан екіншісіне импульстарды жедел жіберуге әсерін тигізетін аминқышқылдары; жүрек жұмысын ынталандыратын таурин.

"Осындай компоненттердің жинағы жүрек пен жүйке жүйесінің жұмысына өте күшті әсер етеді. Сонымен қатар қосалқы әсерлер болуы мүмкін: тахикардия, психомоторлық қозу, жоғары дәрежедегі невроз, депрессия. Ал мөлшерден көп ішу артериялық қан қысымын немесе қандағы қант деңгейін арттырады. Энергетикалық сусындарды алкогольмен қосуға мүлдем болмайды. Кофеин қан қысымын арттырады, ал алкоголь оның әсерін күшейтіп жіберуі мүмкін. Нәтижесінде гипертониялық кризге ұшырау қаупі бар. Энергетикалық сусындарды жүкті әйелдерге, балаларға, жасөспірімдерге, жүрек қан-тамыр ауруларынан, глаукомадан зардап шегетін адамдарға ішуге болмайды",- дейді ғалымдар.

"Энергетикалық сусындар қуат береді деген ұғым қате. Жоқ, олар қуатты іштен тартады. Энергетикалық сусындар көміртектердің орасан көп санынан, сондай-ақ гормондарды көптеп туындататын және жүрек пен жүйке жүйесі тонусын арттыратын заттектерден құралған. Жоғары дәрежедегі ой жұмысы кезінде немесе тәнге аса зор салмақ түскенде организмді белсенді ынталандыру жақсы. Алайда бұл сусындарды жайдан жай іше беруге болмайды",- деді И.Цой.

Сондай-ақ, мамандардың пікірінше, бұл сусындарды спортпен шұғылданғаннан кейін қолдануға болмайды: екеуі де қан қысымын жоғарылатады. "Энергетикалық сусындарды қолданып, адам өз организмін алдайтынын есте сақтау қажет. Олар шынымен көңіл күйді көтереді, бірақ бұл жасанды көтеріңкілік. Организмге "энергетиктің" әсері аяқталғаннан кейін, қуат ресурстарын қалпына келтіру үшін демалыс қажет".

"Энергетикалық сусындардың халық денсаулығына қолайсыз әсерінің алдын алу үшін, ұсынылады: Көпшілікке арналған, жасөспірімдер мен жастардың қатысуымен өткізілетін мәдени іс-шараларға құрамында аздаған алкоголь бар энергетикалық сусындарды сатуға жол бермеу және оқушыларды тамақтандыратын азық-түліктер тізімінен алкогольсіз энергетикалық сусындарды алып тастау".

"Энергетикалық сусындарды өндіретін ұйымдарға олардың құрамына екеуден аспайтын, ал алкогольдік энергетикалық сусындар құрамына тек бір ғана сергітетін компонент қосу ұсынылады. Энергетикалық сусындарды өндіру кезінде негіз ретінде кофеинді, құрамында кофеин бар өсімдік экстрактарын қолдану. Энергетикалық сусындар құрамында кофеиннің бір литрде 400 мг артық болуына, рұқсат етілген сергітетін өсімдіктер компоненттері бір литрде бір жолғы емдік қолдану мөлшерінің төрттен бір бөлігінен артық болуына жол бермеу",- делінген хабарламада.

Баспасөз қызметінің ақпаратына сәйкес, энергетикалық сусындардың этикеткасына жазылатын кері көрсеткіштер қатарына: "18 жасқа толмаған балаларға, жүкті және сәби емізетін әйелдерге, егде адамдарға, сондай-ақ жүйке жүйесінің дерттерінен, ұйықтамаудан, жүрек қызметінің бұзылыстарынан, гипертониялық аурулардан зардап шегетін тұлғаларға қолдануға болмайды" деп жазу ұсынылады.

"Энергетикалық сусындарды қатал мөлшерде - күніне 1 құтыдан артық емес - қолдануға болады. Нормадан артық ішу нәтижесінде, артериялық қан қысымы немесе қандағы қант құрамы анағұрлым артуы мүмкін. Энергетикалық сусындарды алкогольмен араластыруға (түнгі клубтар қонақтары осылай істейді) болмайды, өйткені бұл екі зат қарама қарсы әсерлер беруі мүмкін. Бұл сусындардың құрамына кіретін заттар организмге алкогольдің улы әсерін күшейтеді",- делінген баспасөз баянында.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны