17.05.2010, 12:03 4305

Ерлі-зайыптылардың жас айырмашылығындағы алшақтық әйел ғұмырының ұзақтығына кері әсерін тигізеді - зерттеу

Ерлі-зайыптылардың жас айырмашылығындағы алшақтық әйел ғұмырының ұзақтығына кері әсерін тигізеді - зерттеу

Алматы. 17 мамыр. Kazakhstan Today - Ерлі-зайыптылардың жас мөлшерінің айырмашылығы арасындағы алшақтық қай бағытта болмасын әйел ғұмырының ұзақтығына кері әсерін тигізеді, деп хабарлайды Kazakhstan Today "Bloomberg" ақпараттық агенттігіне сілтеме жасап.

Bloomberg Германияның Росток қаласындағы Демографиялық зерттеулер институтының ғалымдары жүргізген зерттеулердің қысқаша тұжырымдамасын келтірген. Онда атап көрсетілгендей, егер еркек өзіне жас әйел алса, оның өз ғұмыры ұзарады, және керісінше, егер ер адам өзінен үлкен әйел алса, аз өмір сүреді. Ал әйел ғұмырының ұзақтығына ерлі-зайыптылардың жас мөлшеріндегі кез-келген айырмашылық кері әсерін тигізеді.

Ғалымдар 2 млн жұпқа бақылау жүргізу нәтижесінде кейбір статистикалық заңдылықтарды анықтады. Мәселен, статистикаға сәйкес, өз әйелдерінен 7 - 9 жасқа үлкен ер адамдардың өлімге душар болу тәуекелі өзі құралпы әйелге үйленген ер адаммен салыстырғанда 11%-ға төмен. Алайда, өзінен 7-9 жас кіші жұбайы бар әйелдердің өлімге душар болу қаупі 20%-ға ұлғаяды.

Зерттеу нәтижесі көрсеткендей, қарт еркекпен некелесу де әйелдің ғұмырын қысқарта алады, және әйел үшін ең жақсы таңдау - өзімен жас мөлшері жақындау ер адаммен ерлі-зайыпты болу.

Өзінен жас ер адамға тұрмысқа шыққан әйел ғұмырының қысқару мүмкіндігі ғалымдар үшін күтпеген жайт болып шыққан.

"Оған әсер етуі мүмкін аз себептердің бірі - күйеуі жас болып келетін жұптардың әлеуметтік норманы бұзатындығы, соған сәйкес әлеуметтік санкциялардан зардап шегетіндігі болмақ", - деді Германияның Росток қаласындағы Демографиялық зерттеулер жөніндегі Макс Планк институтының қызметкері Свен Дрефал (Sven Drefahl).

Оның пікірінше, мұндай жұптар алабөтен (аутсайдерлер) әрекетке барғандар ретінде стигматизацияға ұшырайды - олар әлеуметтік аз қолдауға ие болады, ұзақ уақыт бойы стресске ұшырайды, ал оның ақыры денсаулыққа салқынын тигізеді.

Зерттеу қорытындысы ерлі-зайыптылардың жас мөлшері арасындағы айырмашылық үлкен болған сайын жақсы деп келген бұған дейінгі теорияға күмән келтіруге мәжбүрлейді.

Бұл ұғым өздеріне жас жұп тауып алған егде жастағы еркектер мен әйелдер мұндай әрекетке өздерінің құрбы-құрдастарымен салыстырғанда денсаулығы мықты болғандықтан қол жеткізді және тиісінше ғұмыр жасын ұлғайтуға мұрсат алды дегенді меңзейді. Бұл теория жұбайының жас болуы өзінен үлкен сыңарының әлеуметтік және психологиялық тонусын арттырады, ал екінші жағынан жасы егде тартқан кезде оны мәпелеу арқылы егде ерлі-зайыптылардың ғұмыр жасының ұлғаюына септігін тигізеді дегенге негізделеді.

"Бұл теориялар қазір қайта қаралуы қажет", - деді С. Дрефал.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны