24.01.2007, 13:47 3009

Ертісбаев Астанада салынып жатқан мәдениет нысандарының сапасын сынға алды

АСТАНА. 24-қаңтар. Kazakhstan Today. Қазақстан Республикасының мәдениет және ақпарат министрі Ермұхамет Ертісбаев Астанада салынып жатқан мәдениет нысандарының сапасын сынға алды, деп хабарлайды Kazakhstan Today тілшісі.

Атап айтқанда, министр "сапасыз" салынған нысандардың қатарынан Ұлттық мұрағат орналасқан ғимаратты атап өтті. "Күмбез тәріздес ғимараттың шатырынан су ағады. Ұлттық мұрағат ғимаратындағы жылу температурасы 8 градусты көрсетіп отыр. Мінеки, түріктің құрылыс компанияларының жасаған жұмыстарының сапасы",- деді Астана әкімшілігінде премьер-министр мен үкімет мүшелері қатысқан отырыста сөз алған Е. Ертісбаев.

Сонымен қатар, министр итальяндық сәулетшінің жоабсымен салынып жатқан 3,5 мың орынды жаңа концерт залының орналасқан жеріне көңілі толмайтындығын жеткізді. "Оның құрылысын министрлік ғимараттарының арасына, президент резиденциясының жанына салу кімнің ойына келді?",- деді Е. Ертісбаев.

"Қазір мәдениет нысандарын жобалау сатысында театр және ойын-сауық ұйымының функциялық ерекшеліктерін ескермейді",- деді министр. "Тағы бір өзекті мәселе мәдениет нысандарының пайдалануға дер кезінде берілмеуі болып отыр",- деді ол.

Атап айтсақ, "қалыпты жұмыс істеу үшін қажетті жағдайлардың жасалмағандығынан Байсейітов атындағы опера және балет театрын Бейбітшілік және келісім сарайына көшіру жоспарланған уақытта іске асырылмай қалды", деп атап өтті министр.

Бұрын хабарлағанымыздай, 3,5 мың орынды концерт залының құрылысын үстіміздегі жылдың аяғында аяқтау жоспарланып отыр. Жоба авторы итальяндық сәулетші Манфреди Николетти, бас мердігер - "Крюгер" неміс компаниясы болып табылады. Жобаның жалпы құны 6 млрд теңгені құрайды.

Бейбітшілік және келісім сарайы пирамида үлгісіндегі бірегей нысан болып табылады, оның жобасын атақты ағылшын сәулетшісі Норман Фостер жасаған. Пирамида құрлысының салу мерзімі барлық рекордттан асып түсті. Мұндай ауқымдағы ғимарат кемінде 6 жылда салынады, ал Астанадағы Бейбітшілік және келісім сарайы бір жыл ішінде іске қосылды. Пирамидада Орта Азиядағы ең үлкен опера залы бар.

Ұлттық мұрағат ғимаратының ресми ашылуы 2006 жылдың желтоқсанында болған. Құрылысты салушы - "Кайы Иншаат" түрік компаниясы.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны