28.05.2015, 09:30 3327

EXPO Milano 2015 көрмесіндегі Қазақстан павильоны қонақтардыӊ еӊ көп баратын павильондар қатарына кіріп отыр

"Ғаламшарды азықтандыру. Тіршілікке арналған қуат" тақырыбындағы EXPO Milano 2015 Бүкіләлемдік көрмесіндегі Қазақстан Республикасы павильоны туристер арасында аса танымал болып отыр. Павильонды тамашалау үшін күніне 4500 адам келеді. Павильонныӊ осындай үлкен қызығушылықты тудыруы оныӊ сәулеттік шешімініӊ бірегейлігімен ғана емес, сондай-ақ, мағыналы дүниелер ұсынылып отырғандығымен байланысты

Астана. 28 Мамыр. Kazakhstan Today - "Ғаламшарды азықтандыру. Тіршілікке арналған қуат" тақырыбындағы EXPO Milano 2015 Бүкіләлемдік көрмесіндегі Қазақстан Республикасы павильоны туристер арасында аса танымал болып отыр. Павильонды тамашалау үшін күніне 4500 адам келеді. Павильонныӊ осындай үлкен қызығушылықты тудыруы оныӊ сәулеттік шешімініӊ бірегейлігімен ғана емес, сондай-ақ, мағыналы дүниелер ұсынылып отырғандығымен байланысты, деп хабарлайды Kazakhstan Today агенттігініӊ тілшісі.

Екі қабатты ғимараттағы 3000 шаршы метрден астам жалпы аумақты алып жатқан Қазақстан павильоныныӊ тақырыбы "Қазақстан - мүмкіндіктер елі" деп аталған.

"ЭКСПО-ныӊ Миланнан кейінгі көрмесі Астанада өтетіндіктен, Қазақстан павильоны екі міндетті ойдағыдай атқарып шығуы тиіс, ол ЭКСПО-2015 көрмесіндегі басты көрнекі орын ретінде танылып, еліміздіӊ осындай ауқымдағы іс-шараны 2017 жылы өз жерінде өткізуге дайын екендігін көрсетуі тиіс", - деп атап өтті "Expo Milano 2015" Бүкіләлемдік көрмесіндегі Қазақстан Республикасы Ұлттық секциясыныӊ Бас комиссары Инуарбек Мусин.

Қазақстан павильоныныӊ сыртқы қабаты еліміздіӊ негізгі ауылшаруашылық дақылы саналатын бидай масақтары түрінде кескінделген. Павильонныӊ мазмұндық бөлігі ауыл шаруашылығы, мал шаруашылығы, аквамәдениет, экология, егін шаруашылығы және де жалпы Қазақстанға қатысты таӊғажайып деректерге арналған 6 аумақтан тұрады. Экспозицияларда павильонға келушілерді түрлі белсенді әрекеттерге тартатын интерактивтік және мультимедиалық технологиялар кеӊінен қолданылған.

Павильонға келушілер еӊ алдымен шыныға салынған топырақ бетінде суреттелетін таныстырылым арқылы Қазақстанныӊ тарихы және мәдениетімен танысады. Қонақтар Ұлттық мұрағаттан алынған, көрермендер келгенде жан бітіп, оларды қарсы алатын сирек фотосуреттер арқылы ауыл шаруашылығыныӊ дамуы туралы ақпарат ала алады. Сондай-ақ, олар танымал қазақстандық агроном-ғалым Александр Бараевтыӊ тыӊ жерлерді қорғауға арналған әдісімен таныса алады. Виртуалды көзәйнектіӊ көмегімен даланы "өз көзімен" көріп, оны мекендейтін тіршілік иелерін зерттеу мүмкіндігі де оларға ұсынылған.

Павильонға келгендердіӊ барлығы қымыздан дәм татып, арнайы дайындалған орында селфилетіп өзін суретке түсіріп, Қазақстандағы жылқы шаруашылығындағы жетістіктермен танысуға мүмкіндік алады. Жеке бір экспозиция Қазақстанныӊ алманыӊ отаны ретіндегі рөліне арналып отыр. Экспозицияныӊ қақ ортасында арнайы тәсілмен өӊдеу арқылы сақталған алма ағашы жайқалып өсуде.

Павильонда Арал теӊізініӊ мәселесін шешумен байланысты тақырыпқа ерекше көӊіл бөлінген. Уақыт шкаласы бар ауқымды инсталляцияны басқару арқылы павильонға келушілер Арал теӊізініӊ 1960 жылдан бастап осы күнге дейінгі кезеӊде жер бедері қалай өзгеріске ұшырағанын көре алады. Судыӊ қалай тартылғанын және Қазақстанныӊ бастамасы арқасында, оныӊ ішінде Көк-Арал бөгетініӊ көмегімен соӊғы он жылда теӊіздіӊ қалай қалпына келгенін проекция арқылы көруге болады.

Аквамәдениет аумағында қонақтар бассейн ішіндегі тірі бекірелерді тамашалап, шегірткелерге қарсы күресу үшін егін шаруашылығы аумағындағы дронды басқара алады. Осыған қоса оларға Астананы интерактивтік тәсілмен зерттеп, планшетті айналдыру арқылы қала көшелерімен жүріп өткендей әсерде боласыз. Қазақстан павильоныныӊ ішін аралау ғимараттыӊ күмбезіне проекциялап түсірілетін 3D-фильм түріндегі аса әсерлі шоумен аяқталады. Фильм күн энергиясын тасымалдайтын нышандар ретіндегі күн сәулелерініӊ таралу жолын бейнелейді. Олардыӊ бағыт ұстаған соӊғы нүктесі - Астана қаласындағы ЭКСПО-2017 көрмесі. Фильм кезінде бүкіл аудитория камераныӊ қозғалысына ілесуі үшін көрермендер залы механикалық подиумныӊ үстіне орналастырылған.

Қазақстан павильонын Facts and Fiction (Германия) компаниясы құрастырып шығарды. Италияныӊ БАҚ-ныӊ пікірінше, павильон көрме қонақтары еӊ көп баратын павильондардыӊ бестігіне кіріп отыр. 27 маусымда EXPO Milano 2015 көрмесінде Қазақстанныӊ Ұлттық күні атап өтілетін болады.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны