16.05.2006, 11:19 3306

Қарағанды облысының әкімі медициналық мекемелердің жұмысын сынады

ҚАРАҒАНДЫ. 16-мамыр. Kazakhstan Today. Қарағанды облысының әкімі Нұрлан Нығматулин осындағы медициналық мекемелердің жұмысын сынады, деп хабарлайды Kazakhstan Today тілшісі.

Атап айтқанда, әкім басқарған арнаулы комиссияның қаладағы емханаларға жүргізілген тексеру қорытындысы бойынша кепілді дәрігерлік көмектің көп жағдайда ақылы қызметпен алмастырылғаны анықталды. "Бұл жерде мен бас дәрігер мен оның қоластындағылардың тікелей бас пайда көздегенін көріп отырмын,- деді Н.Нығматулин,- әкімшілік түскен қаржының 4 процентін, ал бас дәрігер 0,7 процентін өз қалтасына салып отырған. Бұл - ресми мәлімет бойынша 28 мың теңге, ал бейресми мәліметке сәйкес 100 мың теңгеден асады".

Сонымен бірге әкімнің айтуынша, дәрілік заттар сұранысты ескерместен сатып алынады. "Кейбір дәрі-дәрмектер 10-15, тіпті 25 жылға жетеді. Ал олардың сақтау мерзімі 2-3 жылдан аспайды",- деді Н.Нығматулин. Икімнің айтуынша, 20-дай түрлі дәрі-дәрмекке жыл бойы сұраныс болмайды. Артынан оларды стационар бөлімшелер арқылы есептен шығарып, емханалардың жанындағы дәріханаларда сатып отырған. "Бұл - таза бизнес емей немене", деді әкім.

Соған қарамастан, Қарағанды облысындағы өлім көрсеткіштері орташа республикалық көрсеткіштен жоғары. Мәселен, аналардың өлім көрсеткіші 100 мың тұрғынға шаққанда 43,9-ға тең. "Тек ағымдағы жылдың бірінші тоқсанында өмірін сақтап қалу мүмкіндігі бола тұра, бес әйел қайтыс болған",- деп мәлімдеді Н.Нығматулин медицина саласының сарапшыларына сілтеме жасай отырып.

Облыстық денсаулық сақтау департаментінің директоры Нұрбай Кенжебаевтың айтуынша, құрт ауруынан қаза табатындардың көрсеткіші де жоғары: республикалық орташа көрсеткіш 100 мың тұрғынға шаққанда 4,9 болса, облыста ол 8,5 болып табылады. "Өлімге апарып соғатын басты себептер - диагнозды дұрыс қоймау және науқастардың жеңілдетілген бағамен дәрі-дәрмек ала алмауы", деді Н.Кенжебаев.

Балалардың өлім көрсеткіші де жоғары. Тек Жаңаарқа ауданында бірінші тоқсанда бір жасқа жетпеген үш бала, 11 жастағы бір бала қайтыс болған. Биіктен құлап, бас сүйегі ішінен жарақаттанған баланы дәрігерлер үйіне жіберген, деді Н.Кенжебаев.

Облыстық денсаулық сақтау департаментінің директорының хабарлауынша, 2006-жылы облыста медицина саласын дамытуға бюджеттен 15 млрд. теңге бөлінген. "Ийтсе де медициналық қызметтердің сапасы қазіргі заманғы деңгейге сай келмейді",- деді ол.

Барлық беті ашылған заң бұзушылықтар бойынша медициналық мекемелердің бірінші басшыларына нұсқау беріліп, 1-шілдеге дейін медициналық қызметкерлерді аттестациялауға тапсырма берілді. Жинақталған барлық материалдар процессуалдық шешімдер қабылдау үшін облыстық прокуратураға өткерілді.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны