02.04.2008, 18:04 3333

Қарағандыда Валют-Транзит Банктің бұрынғы қызметкерлеріне қатысты сот процессі қайта басталды

Қарағандыда Валют-Транзит Банктің бұрынғы қызметкерлеріне қатысты сот процессі қайта басталды

Қарағанды. 2 сәуір. "Қазақстан Бүгін" - Қарағандының аудандық сотында бүгін Валют-Транзит Банктің бұрынғы жеті қызметкеріне қатысты қайта басталған сот процессінің алғашқы тыңдалымы болып өтті, деп хабарлайды "Қазақстан Бүгін" агенттігінің тілшісі.

Сот процессі банктің бұрынғы президенті Андрей Біләловтен басқа сотталушылардың барлығы өздерінің бұрынғы қорғаушыларының қызметінен бас тартуы себепті бүгінгі күнге дейін екі рет кейінге шегерілген еді. Енді олардың мүдделерін сотта адвокаттар алқасының қорғаушылары қорғайтын болады.

Адвокаттардан басқа сот тыңдалымында жаңа судья мен прокурорлар пайда болды. Бүгін сотта айыптау қорытындысы оқылды. Банктің бұрынғы жеті қызметкерінің барлығы да Қылмыстық кодекстің бес бабы - банк қаржысын заңсыз пайдалану, құзырын асыра пайдалану, алдау арқылы мүліктік шығын келтіру, заңсыз жолмен табылған ақша қаражатты заңдастыру және құжаттарды қолдан жасау бойынша айыпталуда. Сот ісі жүріп жатқан кезде тарату комиссиясы кепілдендірілген сақтандыру қорына қарыздарын қайтарып жатыр. Алғашқы өткізілген сауданы қосып есептегенде қордың алдындағы 14 млрд 200 млн теңгені құрайтын қарыздың 1,5 млрд теңгесін қайтарды. Бұл банктегі есепшотында 700 мың теңгеден аспаған салымшыларға қордың төлеген ақшасына тең сома болып табылады. Есепшотындағы ақшасы бұдан көп болған салымшылар төртінші кезекте, яғни, кепілдендірілген сақтандыру қоры алдындағы қарызы толық өтелісімен өз қаражаттарын қайтарып ала алады.

Бұдан бұрын хабарлағанымыздай, облыстық соттың жетекшісі Мұхамеджан Пакирдинов төрағалық еткен сот алқасы үкімнің күшін жойып, істі басқа судьяға қайта қарауға жіберген. Қарағанды қаласының №2 аудандық сотының судьясы Ләззат Сәлімбаеваға қатысты істі қарау кезінде жіберілген қателіктер жөнінде ескерту жіберілді. Сонымен қатар, сот алқасы Андрей Біләлов, Ғабиден Сәнуарбаев және Максим Швачкоға қатысты жазалау шарасын тұтқындауға өзгерту туралы шешім қабылдады. Іс прокуратура, жәбірленуші жақ ретінде танылған тарату комиссиясы және сотталушылардың қорғаушылары берген аппеляциялық шағым бойынша қаралған.

Мемлекеттік айыптаушы Марина Строкова айыптаушы жақтың соттың заңға қайшы шешімдеріне, жаза жеңілдігіне және жазаның істеген ісіне қарай біркелкі болмағанына байланысты үкім күшін жоюды және істі жаңадан тергеуге қайта жіберуді талап етіп отырғанын жеткізді.

"Несиелер іс жүзінде жоқ фирмаларға бөлінген. Жалпы банк және клиенттер қалтасынан қаржы А. Біләловтың қалтасына келіп түскен. Ол тікелей тонаған. Ал сот мұны ескермеді", - деді тарату комиссиясының төрағасы Жәмилә Омарханова тілшілерге берген сұхбатында.

Бұрын хабарлағанымыздай, банктің бұрынғы президенті Андрей Біләловты қосқанда бес адамға судья бірдей жаза тағайындаған еді, атап айтқанда 200 АЕК көлемінде айыппұл төлеумен шартты түрде екі жылға бас бостандығынан айырып, үш жыл бойы банк қызметін атқаруға тыйым салған болатын. Банктің бұрынғы төрт қызметкері Ботагөз Көпеева, Ғабиден Сануарбаев, Светлана Панфилова мен Максим Швачкоға осы тектес үкім жарияланған.

Судья банктің тағы екі қызметкерін - Лариса Ким мен Светлана Паульді ақтап шығарған. Айыпталған жеті адам сот залында қамаудан босатылған болатын.

"Валют-Транзит" банктің бұрынғы жеті қызметкері сотқа тартылып, оларға ҚР ҚК жеті бабы бойынша айып тағылған еді. Олар 193-баптың 2-тармағы (заңсыз жолмен алынған ақшаны заңдастыру); 182-бап (алдау арқылы мүлік шығынын келтіру); 192-бап (заңсыз кәсіпкерлік); 220-бап (банк қаржысын заңсыз пайдалану); 228-бап (коммерциялық ұйымдардың мүддесіне қарсы қылмыс, құзырын асыра пайдалану); 325-бап (жалған құжаттарды жасау немесе алу); 218-бап (Қазақстан Республикасының бухгалтерлік есеп және қаржылық есептілік туралы заңын бұзу) бойынша сот алдында жауап берген болатын.

Қаржылық топтың қызметінен келген шығын 6,5 млрд теңге деп бағаланған. Тергеу болжамдарына сәйкес, барлық қаржы операциялары банкпен ауыз жаласқан компаниялардың есепшоттары арқылы жасалған. Қылмыстық істі тергеу барысында шығындарды қайтару мақсатында Қазақстан бойынша 519 нысанның қызметін жалғастыруға тыйым салынды.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда "Казахстан Сегодня" ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны