23.11.2012, 16:38 2631

Қазақстан премьер-министрі Жаңаөзендегі шағын жылыжайларда болып қайтты

Қазақстанның Премьер-министрі Жаңаөзен қаласына іссапары барысында шағын жылыжайлар кешенінің жұмысымен танысты, деп хабарлайды "Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры" АҚ баспасөз қызметі.

Жаңаөзен. 23-қараша. Kazakhstan Today - Қазақстан премьер-министрі Жаңаөзендегі шағын жылыжайларда болып қайтты, деп хабарлайды Kazakhstan Today агенттігінің тілшісі.

Қазақстанның Премьер-министрі Жаңаөзен қаласына іссапары барысында шағын жылыжайлар кешенінің жұмысымен танысты, деп хабарлайды "Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры" АҚ баспасөз қызметі.

Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Серік Ахметов Маңғыстау облысы Жаңаөзен қаласының тұрғындарымен кездесіп, бюджеттік сала қызметкерлері мен жас отбасыларға "Рауан" мөлтекауданындағы жаңа тұрғын үй кешенінің пәтер кілттерін тапсырды. Осы сапары барысында Үкімет басшысы "Өзенмұнайгаз" АҚ мұнайшыларымен де кездесіп және қала әкімдігінде өңірлік даму мәселелері төңірегінде жиналыс өткізді.

"Жаңаөзен қаласын дамыту мәселелері Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың ерекше назарында тұр, сондықтан оларды шешуге бағытталған жұмыстар әрі қарай жалғастырылады", - деді С.Ахметов іссапар барысында.

Сонымен қатар, Серік Ахметов "ҚазАгро" холдингінің еншілес компаниясы - "Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры" АҚ қаржысына салынған "Өзен-Дархан" ЖШС-нің жылыжай кешенінде де болып, жобамен танысып, шағын жылыжай өнімдерінің дәмін татты.

Аталмыш жоба үкімет бекіткен моноқалаларды дамыту бағдарламасының шеңберінде жүзеге асырылып, кешен биылғы жылдың тамыз айында іске қосылған. Құны 127,4 млн. теңгеге бағаланған жобаны Қордың 2010 жылдың соңында енгізілген "Шағын жылыжайлар кешендерінің лизингі" бағдарламасы бойынша қаржыландырылды.

2 гектар аумақта 20 шағын жылыжай салынып, жергілікті бюджет қаржысына электр, су және жылумен қамтитын жүйелер қосылды. Поликарбонатпен жабылған әр шағын жылыжай 5,4 соттық жерді алып жатыр.

Жоба бойынша, кешен Қордың балансынан лизинг алушыға берілді. Аркалық типтегі шағын жылыжайдан лизинг алушы жылына екі рет - көктемде және күзде өнім алады.

"Біз қазір бірінші өнімді алдық, - дейді "Өзен-Дархан" ЖШС-нің директоры Жұмаберді Аманов. - Күніне 400 кг-ға жуық қияр аламыз, оны өзіміздің сауда нүктелеріміз арқылы 200-250 теңгеден сатамыз. Қала тұрғындары өте риза, себебі біздің бағаларымыз базар нарқынан 100-150 теңгеге төмен".

Бағдарлама талаптары лизинг алушыға да, түпкі тұтынушыларға да тиімді болып тұр. Лизингтің мерзімі - 9 жылға дейін, жылдық сыйақы үстемесі - 6%, бұл - ауылшаруашылық тауар өндірушілері үшін жеңілдетілген талап. Ең бастысы, мұндай кешендер егесіне табыс көзін бере отырып, қалалықтарды көкөністермен мерзімаралық кезеңде қамтамасыз етеді, сол арқылы аймақтағы бағалардың төмендеуіне және әлеуметтік мәселелелерді шешуге ықпал етеді.

Бағдарламаны енгізгелі бергі уақытта Қор осындай кешендерді Алматы, Ақтөбе, Жамбыл, Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан облыстарында іске қосып үлгерді. Және қосымша 4 жобаны қаржыландыру жалғасуда.

2010 жылдан бастап осы мақсатқа 2,6 млрд. теңге бөлінді. Нәтижесінде 30 гектарға жуық жерде 604 шағын жылыжай (жұмыс істеп тұрғанын және салынып жатқандарын қосқанда) пайдалануға беріліп, өнімнің жалпы көлемі жылына 5,4 мың тоннаға жетеді деп жоспарлануда.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны