15.05.2008, 14:37 1279

Қазақстан президенті 28 қыркүйекті атом саласының қызметкерлері күні деп белгілеу туралы жарлыққа қол қойды

Қазақстан президенті 28 қыркүйекті атом саласының қызметкерлері күні деп белгілеу туралы жарлыққа қол қойды

Алматы. 15 мамыр. "Қазақстан Бүгін" - Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың 2008 жылғы 12 мамырдағы жарлығымен "Қазақстан Республикасындағы кәсіптік және өзге де мерекелер туралы" 2001 жылдың 13 желтоқсанындағы заңының 4-бабына сәйкес мерекелер тізбесіне мынадай толықтыру енгізілді: "Атом саласының қызметкерлері күні - 28 қыркүйек". Бұл туралы Қазақстан Бүгін агенттігі "Қазатомөнеркәсібі" ҰАК" АҚ-ның баспасөз қызметінің хабарламасына сілтеме жасап хабарлайды.

"Қазақстан Республикасының атом өнеркәсібінің бетке ұстары - "Қазақатомөнеркәсібі" Ұлттық атом компаниясы - уран және сол тектес материалдарды, сирек металдар мен атом электр станцияларына арналған ядролық отын, арнаулы жабдықтар, қос мақсатты материалдар мен технологияларды экспортқа шығарушы ұлттық оператор саналады. Компания әлемдегі жетекші уран өндіруші компаниялардың санатына енеді", -деп хабарлайды баспасөз қызметі.

"Қазақатомөнеркәсібі" Ұлттық атом компаниясында бүгінде 25 488 адам жұмыс істейді.

Баспасөз қызметінің ақпаратына сәйкес, атом қуатын бейбіт мақсатта пайдалану саласындағы стратегиялық ынтымақтастық аясында компания Жапония, Ресей, Қытай, АҚШ, Канада, Франция, Корея және Бельгияның әлемдегі ең ірі компанияларымен бірлескен кәсіпорындар құрып, уран мен отын беру жөніндегі келісімдерге қол қойған. Стратегиялық әріптестік пен бірлескен кәсіпорындарды құру "Қазақатомөнеркәсібі" Ұлттық атом компаниясының ядролық отын өндіру циклінің барлық тармақтарын қамтитын тік интеграциялы атом компаниясын құру жөніндегі стратегиялық бағдарламасын жүзеге асыруға бағытталған.

"Жаңа кәсіби мерекені тағайындау - Қазақстан Республикасының табысты экономикалық дамуында атом саласы атқаратын айрықша маңызды рольді дәлелдей түседі", -дейді ұлттық компаниядағылар.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда "Казахстан Сегодня" ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны