26.04.2010, 15:54 10534

Қазақстан ТМД елдері арасындағы ғылым және білім беру саласындағы элитаның байланысын нығайтуды қолдайды - Назарбаев

Қазақстан ТМД елдері арасындағы ғылым және білім беру саласындағы элитаның байланысын нығайтуды қолдайды - Назарбаев

Астана. 26 сәуір. Kazakhstan Today - Қазақстан ТМД елдері арасындағы ғылым және білім беру саласындағы элитаның байланысын нығайтуды қолдайды. Бұл туралы бүгін Астанада өтіп жатқан ТМД елдері мұғалімдерінің, білім қызметкерлерінің І съезіне Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жолдаған құттықтау хатта айтылған, деп хабарлайды Kazakhstan Today.

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрі Жансейіт Түймебаев ТМД елдері мұғалімдерінің, білім қызметкерлерінің съезіне Елбасы жолдаған хатты оқып берді.

Елбасы құттықтау хатында бұл жиын посткеңестік кеңістіктегі үздік оқытушыларын, білім беру саласының ұйымдастырушыларын, танымал ғалымдардың басын қосып отырғанын айта келе, Қазақстан Республикасы ТМД елдері арасындағы кең ауқымдағы ынтымақтастықты тек сауда-экономикалық салада ғана емес, сонымен бірге білім саласында, ғылыми білім беру элитасының байланысын нығайтудағы бастаманы көтеріп отырғанын жеткізді. Мұнымен қоса бұл құттықтауда әлемдік дағдарыс жағдайында ТМД елдері арасында әлеуметтік-экономикалық жаңару мен білім беру рөлінің осы ұзақ мерзімді мақсаттарына қол жеткізу міндеттері тұрғаны айтылған.

"Біздің елдерде оқытушы мен білім сапасының айрықша маңыздылығына және рөліне қатысты айқын түсінік бар. Осыған орай аталған съезді өткізу себеп болып отыр", делінген онда. Елбасының пікірінше, бұл форумның жұмысында достастық елдер аясында білім берудің бірыңғай кеңістігінің қалыптасуына, оның тиімді қызмет жасауына нақты тетіктердің құрылуына ерекше назар аударылуы тиіс.Бұл - ТМД елдерінің жаңа тарихындағы тұңғыш рет Достастық елдерінің мұғалімдері, педагогтары, жалпы білім қызметкерлерінің бас қосуы. Оның пікірінше, ТМД елдері шеңберіндегі ынтымақтастық тәжірибесі білім саласындағы тең құқылы және өзара тиімді әріптестікті дамыту үшін барлық мүмкіндік бар екенін көрсетіп берді.

Еске сала кетейік, аталмыш форум ҚР Білім және ғылым министрлігі, ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің Гуманитарлық ынтымақтастық жөніндегі кеңесі, Гуманитарлық ынтымақтастық жөніндегі мемлекетаралық қор қолдауымен өтуде. 2008 жылы өткен ТМД-ға қатысушы елдер білім министрлерінің XV конференциясында Достастық елдерінің білім қызметкерлерінің І-съезін өткізу туралы шешім қабылданған болатын.

Форум жұмысына 500-ден астам адам қатысуда. Оған ТМД елдерінен Изербайжан, Армения, Беларусь, Қырғызстан, Молдова, Ресей, Тәжікстан елдері қатысуда.

Съезд бағдарламасы - ТМД-ға қатысушы елдер ынтымақтастығы аясында достастық елдерінің қазіргі заманғы білім сапасының жағдайын, ұлттық білім жүйесінің ерекшеліктерін саралау.

Екі күндік форум барысында білім процесіндегі педагогикалық ғылымның нормативтік, оқу-методикалық сүйемелдеуге қосар үлесі мен проблемалары талқыланады. Жаңа заман талабына сай жаңа буын оқулықтарын әзірлеу, оның проблемалары мен болашағы да сөз болады. Мектептік білім беруді дамытудағы мұғалім рөлі, кәсіптік оқытудағы мектептік және жоғары білімнің өзара саабақтастығына қатысты пікір алмастырылады.

Форумның екінші күнгі жұмысы Ресей Федерациясының Білім және ғылым министрі Андрей Фурсенконың "Қазіргі заманғы мектептік білім ТМД кеңістігіндегі біріктіретін фактор ретінде" және Қазақстан Республикасы Білім және ғылым вице-министрі М.Сарыбековтың "Қазақстан Республикасындағы жоғары педагогикалық білімді жаңғырту" тақырыбындағы баяндамаларымен ашылды.

Съезде келесідей сессиялардың жұмысы жоспарланып отыр: Білім сапасы - білім беру жүйесін қамтамасыз етуші фактор ретінде; Мектептің білім процесін нормативтік, оқу-әдістемелік сүйемелдеу; Мектеп оқулықтары мен баспа өнімдерін әзірлеу және жетілдіру мәселелері; Кадр әлеуетін дамыту және мұғалім біліктілігін арттырудың жаңа түріне көшу; Кәсіптік оқыту жағдайында мектеп және жоғары білім сабақтастығын жүзеге асыру жолдары.

Съезд бағдарламасында "Білімді дамыту: педагогикалық ғылым саласындағы мемлекетаралық ынтымақтастық" тақырыбындағы пікіралмасу жоспарланып отыр, сонымен қатар келесідей тақырыптардағы мастер-кластар ұйымдастырылмақ: "Оқыту процесіндегі интеллектуалды тұлғаны қалыптастырудағы психологиялық-педагогикалық тәжірибе мен теорияның өзара қарым-қатынасы"; "Қазіргі заманғы оқыту технологиялары мен электрондық білім ресурстарының жаңа буыны"; "Көптілділіктен - халықаралық ынтымақтастыққа".

Съезд бағдарламасы шеңберінде ҚР Білім және ғылым министрлігі мен Армения Республикасының Білім министрлігі арасында, Қазақ республикалық Біліктілікті арттыру институты мен Ресей Федерациясы Біліктілікті арттыру және қайта даярлау Академиясы арасында ынтымақтастық жөніндегі келісімге қол қойылады.

Сонымен қатар "Кітап - халықтардың әлеуметтік-мәдени жақындасуының төте жолы" тақырыбындағы балалар әдебиеттері мен оқулықтарының, жалпы білім саласындағы жетістіктердің көрмесі ұйымдастырылады. Балалар әдебиеттері мен оқулықтарының көрмесіне еліміз баспагерлерімен қатар Ресей, Беларусь, Тәжікстан, Қырғызстан, Армения елдерінің бірқатар жетекші баспалары қатысады.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны