09.12.2009, 17:35 3330

Қазақстанда 2011 жылы мемлекеттік тілді үйрететін орталықтардың санын 120-ға жеткізу жоспарлануда

Қазақстанда 2011 жылы мемлекеттік тілді үйрететін орталықтардың санын 120-ға жеткізу жоспарлануда

Астана. 9 желтоқсан. Kazakhstan Today - Қазақстанда 2011 жылы мемлекеттік тілді үйрететін орталықтардың санын 120-ға жеткізу жоспарлануда. Бұл туралы бүгін Мемлекеттік тілді дамыту президенттік қоры қамқоршылық кеңесінің ІІ отырысында айтылды, деп хабарлайды Kazakhstan Today қордың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Қамқоршылық кеңесінің отырысында Мемлекеттік тілді дамыту президенттік қорының директоры Берік Ибдіғалиев қордың жылдық есебі туралы, ал ҚР Білім және ғылым министрі Жансейіт Түймебаев ҚР БҒМ "ҚазТест" қазақ тілін білу деңгейін бағалау жүйесін іске асыру барысы туралы хабарлама жасады.

Қордың баспасөз қызметінің ақпаратына сәйкес, "қазір еліміздің аумағында мемлекеттік тілді үйрететін 64 орталық жұмыс істейді. Ал 2011 жылы олардың санын 120-ға жеткізу жоспарлануда. Бүгінде қазақ тілінде оқытатын орта мектептер саны 4 мыңға таяп қалды. Елімізде 25 мыңнан астам ұлты қазақ емес оқушы қазақ мектептерінде білім алуда. 20 мың бала қазақ балабақшаларына барады. 200 жексенбілік мектепте 7 мыңнан астам өзге этнос балалары қазақ тілін үйренуде".

Қордың қамқоршылық кеңесінің отырысында Мемлекеттік тілді дамыту президенттік қоры қамқоршылық кеңесінің төрағасы, мемлекеттік хатшы - сыртқы істер министрі Қанат Саудабаев сөз сөйледі.

Ресми БАҚ-тардың хабарлауынша, Қанат Саудабаев өз сөзінде елімізде 24 сағат бойы хабар тарататын 3 бірдей телеарна ашылатынын жеткізген.

"Мемлекеттік тілдің аясын кеңейту жұмыстарын іске асыруды жоспарлап отырмыз. Соның ішінде отандық телеарналарда мемлекеттік тілдегі хабарлардың үлесін арттыруға барынша маңыз берілді. Ең бастысы, Қазақстанда сандық теледидарға көшу аясында елімізде тек мемлекеттік тілде 24 сағат бойы хабар тарататын 3 бірдей телеарна ашу қарастырылып отыр", деді ол.

Мемлекеттік хатшының атап көрсеткеніндей, олар ақпараттық-танымдық, әлеуметтік-мәдени, тарихи-патриоттық бағыттағы телеарналар болады деп жоспарлануда. Арналардың біреуін "Мәдениет", екіншісін оқу-ағартушылық бағыттағы "Зерде", ал үшіншісін бүлдіршіндерге арналған "Балауса" деп атаған жөн деген пікірлер бар, деді кеңес төрағасы.

"Арналардың атауына қатысты айтарым, бұл - түпкілікті шешім емес. Келешекте өздеріңізбен бірге бас қоса отырып, жаңа телеарналардың аттарын жақсылап ойластыру қажет", деді Қ. Саудабаев.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны