25.04.2008, 18:41 7896

Қазақстанда биыл ҰБТ 29 қала мен 82 аудан орталығында өткізіледі - білім және ғылым министрі

Қазақстанда биыл ҰБТ 29 қала мен 82 аудан орталығында өткізіледі - білім және ғылым министрі

Астана. 25 сәуір. "Қазақстан Бүгін " - Қазақстанда биыл ҰБТ 29 қала мен 82 аудан орталығында өткізіледі. Бұл туралы бүгін 2008 жылғы Ұлттық бірыңғай тестілеуді (ҰБТ) ұйымдастыру және өткізу мәселелеріне арналған республикалық кеңесте ҚР Білім және ғылым министрі Жансейіт Түймебаев мәлім етті, деп хабарлайды агенттік тілшісі.

"Биыл ҰБТ 29 қала мен 82 аудан орталығында құрылған 154 пунктте өткізіледі. Аталған тестілеу орталықтары 52 жоғары оқу орны мен 102 аудандық жалпы білім беретін мектептерде жұмыс істейді", -деді Ж. Түймебаев.

Оның хабарлауынша, "Байқоңыр қөаласында тұратын Қазақстан азаматтарының өтінішімен биыл Байқоңыр қаласында мектеп бітірген түлектер үшін Қармақты ауданының Ақай ауылында жаңа тестілеу бөлімшесі ашылады. Бұл шалғай елдімекендерде тұратын түлектердің ата-аналары үшін қаржы үнемдеуге мүмкіндік береді", -деді министр.

Білім беру мен тестілеудің мемлекеттік стандарттары ұлттық орталығының директоры Исатай Сағындықовтың хабарлауынша, биыл ҰБТ 5 пәннен өткізіледі: ана тілі (оқыту тілі), математика, Қазақстан тарихы, орыс мектептеріне арналған қазақ тілі немесе қазақ мектептеріне арналған орыс тілі және мамандыққа байланысты таңдау пәні (география, физика, биология, дүниежүзі тарихы, химия, қазақ әдебиеті (орыс әдебиеті), шет тілі).

Сондай-ақ биыл елімізде алғаш рет ҰБТ бағдарламасына мемлекеттік тіл мен орыс тілі енгізіліп отыр.

Білім беру гранттарын тағайындау конкурсында төрт пән (ана тілі (оқыту тілі), математика, Қазақстан тарихы, таңдау пәні) бойынша балл есептеледі.

Орыс мектептеріндегі қазақ тілі және қазақ мектептеріндегі орыс тілі пәндері бойынша нәтижелер жоғары оқу орындарына түсуге әсерін тигізбейді.

ҰБТ 1-10 маусым аралығында өткізіледі. Тестілеуге қатысуға 10 наурыздан 25 сәуірге дейін өтініш қабылданады. Мектеп түлектері барлығы 125 сұраққа 3 астрономиялық сағат (180 минут) ішінде жауап берулері тиіс.

ҰБТ-ның нәтижелері бойынша олар аттестат және сертификат алады, "Алтын белгi" және "үздік" аттестатын дәлелдейді. Білім беру гранттарын тағайындау конкурсына қатысу үшін ҰБТ-ның нәтижелері бойынша 100 балдан (төрт пән бойынша) ең төменгі деңгей - 50 балл жинау қажет, бейінді пән бойынша - 7 балдан кем емес, ал басқа пәндер бойынша - кем дегенде 3 балл жинауы тиіс. Сертификат ағымдағы жылдың 31 желтоқсанына дейін жарамды.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда "Казахстан Сегодня" ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны